Cайлау заңнамасына сәйкес, 30 қазанда еліміздің 10 өңіріндегі 30 сайлау округінде мәслихаттардың шығып қалған депутаттарының орнына сайлау өткен еді. Кеше оның қорытынды нәтижесіне байланысты Орталық сайлау комиссиясы төрағасының орынбасары Владимир Фоос пен Комиссия мүшесі Ләззат Сүлеймен брифинг өткізді.
Владимир Фоостың хабардар етуінше, сайлауды ұйымдастыру мен өткізуге 10 облыстық, 6 қалалық, 17 аудандық, 30 округтік және 160 учаскелік сайлау комиссиясы тартылған. Сайлау науқаны барысында барлығы 101 кандидат ұсынылды. Олардың ішінде 16-сы облыстық мәслихатқа, 35-і қалалық мәслихатқа және 50-і аудандық мәслихатқа дауысқа түсті. «31 үміткерді саяси партиялар, ал 70 азамат өзін-өзі ұсынды, – деді ОСК төрағасының орынбасары. – Округтік сайлау комиссиялары мәслихаттар депутаттығына кандидаттар ретінде 96 адамды тіркеді. Сайлау бюллетеньдеріне 92 кандидаттың тегі енгізілді. Орташа бәсекелестік бір депутаттық мандатқа шамамен 3 үміткерді құрады».
Ал Л.Сүлеймен сайлау үдерісіне тоқталды. Оның айтуынша, дауыс беру 2016 жылғы 30 қазан күні 160 сайлау учаскесінде өтті. Сайлаушылардың келуі 79,6%-ды құрады. Дауыс беру қорытындыларына сәйкес облыстық мәслихаттың 4 депутаты, қалалық мәслихаттың 10 депутаты және аудандық мәслихаттың 16 депутаты сайланды. Дауыс беру барысы мен дауыстарды санау рәсімін байқауды кандидаттардың сенім білдірілген адамдары, саяси партиялардың, қоғамдық бірлестіктердің және БАҚ өкілдері – барлығы 396 адам жүзеге асырған. «Мәслихаттардың сайланған депутаттарының құрамында 29 ер адам және бір әйел бар, – деп жалғастырды сөзін ОСК мүшесі. – Мәслихаттардың сайланған депутаттарының орташа жасы – 45. Ең жас депутат Батыс Қазақстан облысы, Сырым ауданының №6 сайлау округінде сайланды. Оның жасы 24-те. Ең егдесі 63 жастағы депутат Қарағанды қаласы мәслихатының №30 сайлау округінен сайланды».
Брифингті өткізушілердің атап өткеніндей, сайланған депутаттардың 96,67% жоғары білімді, 3,33%-ының арнайы орта білімі бар. Ал 40%-ы мемлекеттік мекемелерде, ұйымдар мен кәсіпорындарда, 53,3%-ы коммерциялық құрылымдарда қызмет істейді, 6,7%-ы саяси партиялар мен үкіметтік емес ұйымдардың қызметкерлері. Сайлау науқаны сайлау заңнамасы нормаларының талаптарына сәйкес өткен. Ортсайлаукомға шағымдар мен өтініштер түспеген.
Әлисұлтан ҚҰЛАНБАЙ,
«Егемен Қазақстан»