01 Қараша, 2016

Әуе тасымалы бойынша Қазақстан ТМД-да екінші орында

378 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Қазақстан ұшақпен жолаушылар тасымалдауда ТМД елдері ішінде 2-ші орынға көтерілді. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбек мәлім етті. «Соңғы 5 жылда азаматтық авиация саласында негізгі көрсеткіштердің тұрақты өсімі байқалады. Тасымалданған жолаушылар саны 44 пайызға артып, 4,1-ден 5,9 млн. адамға жетті. Соңғы жылдары қызмет көрсетілген жолаушылардың орташа жылдық өсім қарқыны 9 пайызды құрап отыр», - деді ол. Министрдің деректеріне сәйкес, Қазақстан ұшақпен жолаушылар тасымалдауда ТМД елдері ішінде 2-ші орынға көтерілген. Бұл ретте өткен жылы Астана әуежайы жолаушыларға қызмет көрсетуде 10-шы, ал Алматы 6-шы орынға кіріп, ТМД-ның ірі 10 әуежайының легіне қосылған. Бүгінде еліміздің 18 әуежайының 10-ында жолаушылар терминалын, ал 14-інде ұшу-қону жолағын жаңғырту жүргізілген. Осы жылдың соңына дейін Петропавл қаласының әуежай терминалы мен ұшу-қону жолағы, 2020 жылға дейін Семей, Қостанай, Өскемен әуежайларының ұшу-қону жолағы жаңартылатын болады. «Мемлекет ұшу-қону жолағын жаңғырту бойынша өзіне алған міндеттемелерін толық көлемде орындауда. Енді әуежайлардың меншік иелері терминалдардың жаңғыртылуын қамтамасыз етуі қажет», - деді министр.