02 Қараша, 2016

Ана мен баланы қорғау – басты назарда

422 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
2644_oko_1Облыс орталығында Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрлігі, «Мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры» АҚ және Оңтүстік Қазақстан облысы әкімдігінің ұйымдастыруымен «Әлеуметтік сақтандыру: ана мен баланы қолдау» тақырыбында республикалық семинар өтті. Қазақстан Республикасы Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия өкілдері мен халықаралық ұйымдардың сарапшылары, арнаулы орындардың мамандары қатысты. Жиынды Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму министрі Тамара Дүйсенова жүргізіп отырды. Семинарда  Денсаулық сақтау және әлеуметтік даму вице-министрі Светлана Жақыпова Үкіметтің демографиялық даму мен әлеуметтік саясат саласындағы жүзеге асырып жатқан шаралары туу көрсеткішін ұлғайтуға, өлім-жітім деңгейін төмендетуге, халықтың күті­летін өмір сүру ұзақтығын арттыруға, көші-қон көрсеткішін көтеруге жағымды әсерін баяндады. Сонымен бірге, Светлана Жақыпова соңғы жылдары халықты әлеуметтік қорғау жүйесінің күшейгенін, еліміздің әлеуметтік-экономикалық өміріндегі жетекші бағыттардың бірі болғанын атап айтты. Әлемдегі экономикалық тұрақсыз­дыққа қарамастан, Қазақстанда мем­лекеттің азаматтар алдындағы барлық әлеуметтік міндеттемелері орындалып жатыр. Вице-министр 2002 жылдан бас­тап туу көрсеткіші ұлғайғанын, алыс және жақын жерден тарихи Отанына оралған ағайындардың арқасында халықтың өсімі артқанын айтты. Яғни, биыл жыл басында халқымыздың саны 17 млн 670,9 мың адамға жеткен. Биылдан бастап Қазақстанда денсаулық сақтау саласын дамытудың 2016-2019 жылдарға арналған «Денсаулық» мем­лекеттік бағдарламасы қабылданды. «Қазақстан Республикасы Президенті жа­нындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жө­нін­дегі ұлттық комиссия және өзге де мүдделі органдардың көмегімен Қазақстан Республикасының 2030 жыл­ға дейінгі отбасылық және гендерлік саясатының тұжырымдамасы жасалып жатыр», деп айтты Светлана Жақыпова. Семинарда әлеуметтік салада өрке­ниетті елдердегі жақсы тәжірибелер, ана мен баланы сақтандыру және мектепке дейінгі, мектептегі білім беру мен тәрбиелеу жайы талқыланып, ұсыныстар айтылды.