Осы беріге дейін туризм десе жұрт шет елге, теңізге баруды ойға алатын. Бұл орайда іргемізде тұрған даланың табиғатын, сұлулығын, халқымыздың тарихына, дәстүріне, аңыз-әфсаналарына байланысты орындарды көруді, өзге жұртқа көрсетуді көп қаперге ала қоймағанымыз жасырын емес. Қазір жергілікті туризмге көзқарастың өзгере бастағаны білінеді.
Қостанайда «BESTкz» туристік операторы барлық жұмысын бүгінде ішкі туризмді дамытуға бағыттап отыр. Бұдан үш жыл бұрын жұмысын бастаған туристік оператор алдымен Науырзым қорығын көргілері келетін қонақтарды көптеп тартуды қолға алған болатын.
Расында Қостанай-Торғай өңірінде экотуризмді дамытуға мол мүмкіншіліктер бар. Бұл күнде ЮНЕСКО-ның Бүкіләлемдік мәдени және табиғи мұрасы тізіміне енуі арқылы дүние жүзіне белгілі болып отырған қорық туристерді тұма табиғатымен тартатынына мамандар бәс тігеді. Мұнда еш жерде кездеспейтін ағаш түрі, алуан түрлі өсімдіктер әлемі, «Қызыл кітапқа» енген жануарлар, тұщы бұлақтар әлемнің әр шалғайындағы ірі қалаларда тас үй мен тас көшеден басқа көргені аз, түтін жұтқан жұртты қалайша қызықтырмас екен? Үш жылдан бері ішкі туризмді дамытуға талпыныс жасап жүрген «BESTкz» туристік операторы алдағы жылы өтетін ЭКСПО-2017 халықаралық көрмеге келген шетелдіктерге Науырзым қорығын көрсету үшін биыл жазымен көптеген дайындық жұмыстарын жүргізді.
«BESTкz» туристік операторының директоры Гүлмира Қапенованың айтуынша, ішкі туризмді дамытуға жергілікті тұрғындардың атсалысуы да қуантып отыр. Өткен жазда Науырзым қорығына алты бағыт бойынша өздері тілек білдірген жүзқаралы туристерді апарды. Науырзым ауданының орталығы Қарамеңді селосындағы шатхананың дайындаған ұлттық тағамдарына туристердің барлығының көңілі толды. Ал дастарқан мәзірі тек ішкі туризмде ғана емес, жалпы туризмнің шешуші тетіктерінің бірі десе жарасады. Алдағы жылы ЭКСПО-2017 көрмесі өтетін уақытта туристер келетін Науырзым қорығында оларды қазақтың дәстүр-салтын көрсететін киіз үйлері күтетін болады.
Соңғы уақытта Торғай өңірінің ішкі туризмнің мекеніне айналатынына сенім қалыптасып келеді. Ұлы даланы бір көруге әркім-ақ құштар. «Торғай шаршысы» деген атпен белгілі болып отырған геоглифтердің табылуы да тек ішкі туризмді дамытуға ықпал жасап қана қоймайды, әлем туристерінің Торғай даласына деген ынтызарлығын арттырары сөзсіз. «BESTкz» туристік операторының мамандары тек Торғай даласы мен Науырзым ғана емес, Қостанай облысындағы танымдық, тарихи орындар мен табиғат тамашасы бар жерлердің барлығын да туризмді дамытуды қамтуға талаптанып отыр. Әрине, өңірдің табиғат жағдайына байланысты қиындықтар да жоқ емес. Дегенмен, ізденістер ізсіз, нәтижесіз қалмайтыны анық.
– Біз Қостанай қаласын туризмнің халықаралық мобильдік қосымшасына қазақ, орыс, ағылшын тілінде енгізіп қойдық. Алдағы уақытта қытай тілінде мәтін дайындайтын боламыз. Мысалы, дүние жүзінің қай нүктесінен болсын, адамдар интернет арқылы мобильдік қосымшадан Қостанай қаласын ашады да, қызықты орындарды қарайды. Қазірдің өзінде біздің парақшамызды біраз адамның қарағаны белгілі болды, – дейді «BESTкz» туристік операторының директоры Гүлмира Қапенова.
Өңірде туризмді дамыту жан-жақты жұмысты қажет ететін кәсіпкерліктің түрі әрі табыс көзі екенін осы іске талаптанғандар әлден-ақ біліп отыр. Ішкі туризмді дамытуға мұрындық болған Науырзым қорығы ЭКСПО-2017 көрмесі кезінде оған көптің көзін тағы бір жеткізетін болар.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА
«Егемен Қазақстан»
ҚОСТАНАЙ