Отанымыздағы білім беру ісінде біраздан бері өзекті болып келе жатқан жаңартылған мазмұндағы 12 жылдық білім беру ісіне қатысты баспасөз мәслихаты кеше елордадағы Орталық коммуникациялар қызметінде өтті. Оған Білім және ғылым министрлігінің өкілдері қатысып, журналистердің алуан түрлі сұрақтарына жауап берді.
Алғашқы сөзді министрліктің Мектепке дейінгі және орта білім департаменті директорының орынбасары Зейнеп Мақсұтова алып, 2019 жылы 6 жастан бастап 12 жылдық білім беруге көшуді қамтамасыз ету еліміздің 2016-2019 жылдарға арналған мемлекеттік білім және ғылымды дамыту бағдарламасында белгіленген жоспар бойынша іске асырылатынын айтып, баланы мектепке 6 жастан беру тәжірибесі Еуропаның 21 мемлекетінде кең тарағанын, сол секілді әлем елдерінің 60 пайызы осы тәсілмен оқытып жатқанын тілге тиек етті. Сонымен бірге, мемлекетіміздің «Білім туралы» Заңында баланың 11 жылдық мектепке бару жасы 6 не 7 деп белгіленгенін, ал 2019 жылдан бастап бала білім ұясына 6 жасында бару міндетін белгілейтін норма күшіне енетінін, ол аталмыш заңның 31-бабында бар екенін де еске салды.
«12 жылдық білім берудің мәні – мектепке дейінгі сыныптың бірыңғай типтік білім беру бағдарламасын енгізуде, яғни 5-6 жасар бала үшін нөлінші сынып (0) енгізіледі. Ол мектепалды дайындық делінеді. 12 жылдық білім беру схемасы «0 сынып (мектепалды даярлық) +11 сынып» принципі бойынша іске асады. Барлық сыныптардың жаңартылған мазмұнға көшірілуі 2020 жылға қарай аяқталады. Бұл ретте қолданыстағы Мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарты өзгермейді», деді З.Мақсұтова.
Білім берудің жаңартылған мазмұнына көшуге келсек, мысалы, 2016 жылы – 1 сыныптар, 2017 жылы – 2, 5, 7 сыныптар, 2018 жылы – 3, 6, 8, 10 сыныптар, 2019 жылы – 4, 9, 11 сыныптарды ауыстыру көзделген. Жаңартылған бағдарлама аясында базалық оқу және жазу дағдылары қалыптастырылып, ақпараттық-коммуникациялық технология бағыты өрістеп, сондай-ақ, математикалық, мәдени, азаматтық сауаттылық және ғылыми білім беру орнықтырылмақ. Бұған қоса, 5 күндік оқу аптасына көшу де жүзеге асырылады. Үстіміздегі жылы осындай игілікті істі сапалы атқару ісіне өз үлесін қосатын 63 мың педагог білім жетілдіру курстарынан өтіпті.
Жалпы, 12 жылдық білім беру ісі 2002 жылдан бері айтылып келеді. 2013 жылы 50 мектепте өткізілген тәжірибенің қорытындысына қарасақ, 10 сынып оқушыларының орташа көрсеткіші 38,7 балл, ал республикалық көрсеткіш одан 2,8 баллға жоғары екен. Баспасөз мәслихатына тек Астанадағы журналистер ғана емес, өңірдегі БАҚ өкілдері де қатысып, өздерін мазалап жүрген сұрақтарын министрлік өкілдерінің алдына көлденең тартты. Олардың көбі 3 тілді білім беруге қатысты ойларын ортаға салды. Мысалы, Алматы облысынан өз пікірін айтқан әріптесіміз мектептердің 81 пайызы ауылдық жерде, ағылшын тілін оқыту 3 жылдың ішінде қалай жүзеге аса қояр екен деген күмәнін жеткізді. Тиісті мекеменің лауазым иелері бұған қазір жан-жақты дайындық жүріп жатқанын, 3 өңірден 75 мұғалімнің ағылшын тілінде оқып жүргенін атады. Ал 5 күндік оқуға қатысты қойылған сұрақтарда үш ауысымды мектептер қайтадан өңірлерде көбейіп кетпей ме дегенге сайды. Оған қайтарылған жауап, бұл мәселе алдын ала ойластырылып жатқанын, бұрын 19 пән оқытылып келсе, ол енді 14-ке төмендейтінін еске салды. Мұндай жағдайда мұғалімдердің айлығына кесірі тимей ме, деген пікірге олай болмайтынына дәйектер келтірілді. Ал ағылшын тілі мұғалімдерін оқыту барда, оларға қажетті құрал-жабдықтар, әдістемелер жағы ойластырылуда ма деген сұрақ та қойылып жатты. Сол секілді қазір 6 жастағы балалар білім алып жүрген оқулықтар мектепалды дайындықтан өтпеген, балабақша табалдырығын аттамағандарға қиын тиіп жатқаны туралы сұраққа, ол құралдар арнайы сараптамадан өткенін алға тартты.
Сүлеймен МӘМЕТ,
«Егемен Қазақстан»