03 Қараша, 2016

Солтүстік неге социализммен қоштаспайды?

341 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Аймақ басшысы Ерік Сұлтановтың төрағалығымен өткен әкімдіктің отырысында тілдерді дамыту басқармасының басшысы Кемел Оспанов хабарлама жасап, «Тілдер туралы» Заңның атқарылу барысымен таныстырды. Оның айтуынша, мемлекеттік тілдің қолданылу аясын кеңейтуге ерекше екпін берілген. «Тілдерді оқыту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде құрылған 140 топқа 2500-дей мемлекеттік қызметші қатысады. 120 топта қазақ тілі оқытылады. «Қазтест» жүйесі бойынша 2500 адам сынақ тапсырған. Алайда, атқарылған кешенді шараларға қарамастан, тіл төңірегіндегі түйткілдер аз емес. Кемел Қарашаұлы қынжыла атап өткендей, басқарма жетекшілері мен жауапты мамандардың оқыту курстарына қатысу белсенділігі төмен. Тіл туралы заңнаманың орындалуы аудан әкімдері тарапынан жүйелі қадағаланбайды. Жиында шығыс және кіріс құжаттарының мемлекеттік тілдегі үлесі 98-88 пайыз деген цифр көлденең тартылды. Осы дерек қаншалықты қисынды, аударманың үлесі неше пайыз деген сауал қойылса, жауап айту қиын. Өйткені, бұл бағытта мониторинг жүргізілмейтіндіктен, дәл есебін алу мүмкін емес. Ең сорақысы сол, патшалық Ресейдің отарлық езгісін, қылышынан қан тамған кеңестік заманның тоталитарлық белгісін еске түсіретін, Тәуелсіздігіміздің ешқандай өлшемдерімен қабыспайтын елді мекендер, жер-су, көше аттары жарты мыңға жетеғабыл. Облыс орталығында 350-дей көше болса, ширек ғасыр бедерінде солардың бестен бірі ғана өзгертілген. Баяндамада келтірілгендей, Лениннің атында – 79, Комсомолдың құрметінде – 68, Октябрьді ұлықтайтын – 52, Советпен жылап көрісетін 74 ауыл мен көше әлі күнге дейін мұрты бұзылмай тұр. Антоновка, Лавровка, Долматовка секілді дүбара атаулардан көз сүрінеді. Дзержинский, Калинин, Пугачев, Разин, Ермак, Ульянов, Ильич және тағы басқаларының рухтарын әспеттеу тыйылмай келеді. Керісінше, жұртшылық қанша өтінсе де, Қожаберген жырау, Абылай хан, Сегіз сері, Ақан сері, Үкілі Ыбырай, Кенесары секілді тұлғалар туған жерінде өгейдің күйін кешкендей әсер қалдырады. Ономастика саласындағы жұмысты жүйелендіру, біріздендіру, идеялық жағынан ескірген әкімшілік аумақтардың, елді мекендердің аттарын өзгерту бағытында атқарылуы тиіс нақты шараларды белгілеген Ерік Хамзаұлы қазақ тілінде жүргізілетін шығыс құжаттарының үлесін 100 пайызға жеткізуді, Қазақстан тарихына еш қатысы жоқ атауларға, мәдени нысандарға қалың жұртшылыққа танымал, белгілі ақын-жазушылардың, ғалымдардың, қоғам қайраткерлерінің есімдерін беруді тапсырды. Ол үшін мағынасы түсініксіз, үйлесімсіз жер-су аттарын түгендеп, сараптауды, жан-жақты талдау жұмыстарын жүргізуді, тұрғындардың ой-пікірлерін жете ескеруді жүктеді. «Мемлекеттік тілді және Қазақстан халқының басқа да тілдерін дамыту» бағдарламасын жүзеге асыру мемлекеттік қызметшілер үшін басты міндет болып табылатынын, ал Тәуелсіз еліміздің ұстанымына сай келмейтін атауларды жаңарту қажеттігі облыста айқын байқалып отырғанын атап көрсетті. Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан» Солтүстік Қазақстан облысы