03 Қараша, 2016

Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысы №615

346 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
2016 жылғы 24 қазан,  Астана, Үкімет Үйі «Мемлекеттің қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы № 382 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы Қазақстан Республикасының Үкіметі қаулы етеді: 1. «Мемлекеттің қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 30 наурыздағы №382 қаулысына (Қазақстан Республикасының ПҮАЖ-ы, 2012 ж., № 40, 523-құжат) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін: көрсетілген қаулымен бекітілген Мемлекеттің қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функцияларын жүзеге асыру қағидаларында: 3-тармақ мынадай редакцияда жазылсын: «3. Мемлекеттің қорғаншылық және қамқоршылық жөніндегі функциялары кәмелетке толмағандардың, оның ішінде асырап алуға, баланы қабылдайтын отбасыларға беруге, өздеріне қорғаншылықты немесе қамқоршылықты, патронатты белгілеуге мұқтаж жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың және қорғаншылықтағы немесе қамқор­шы­лықтағы, патронаттағы, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған бала­ларға арналған ұйымдарда тәрбиеленіп жатқан жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында жүзеге асырылады.»; 7-тармақтың 6) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын: «6) егер қорғаншылардың немесе қамқоршылардың қамқорлыққа алынушылардың заңды мүдделерін білдіру бойынша әрекеттері Қазақстан Республикасының заңнамасына немесе қамқорлыққа алынушылардың мүдделеріне қайшы келетін болса не егер қорғаншылар немесе қамқоршылар қамқорлыққа алынушылардың заңды мүдделерін қорғауды жүзеге асырмайтын болса, жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған және қорғаншылықтағы немесе қамқоршылықтағы, патронаттық тәрбиедегі, баланы қабылдайтын отбасыларындағы, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардағы балалардың заңды мүдделерін кез келген адамдарға қатысты (оның ішінде соттарда) білдіру;»; мынадай мазмұндағы 8-1-тармақпен толықтырылсын: «8-1. Орган жетім балалардың, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балалардың және балаларды өз отбасына тәрбиелеуге қабылдауға тілек білдірген адамдардың республикалық деректер банкін қалыптастырады.»; 9-тармақта: бірінші бөлік мынадай редакцияда жазылсын: «9. Жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғауды орган Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен оларды отбасына тәрбиелеуге (бала асырап алу, қорғаншылық немесе қамқоршылық, патронат, баланы қабылдайтын отбасы), ал мұндай мүмкіндік болмаған кезде – жетім балаларға, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған барлық үлгідегі ұйымдарға беру арқылы жүзеге асырады.»; 1), 2), 6), 10), 11), 12) және 13) тармақшалар мынадай редакцияда жазылсын: «1) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғаншылыққа (қамқоршылыққа), асырап алуға, патронатқа, баланы қабылдайтын отбасыларға не аталған санаттағы балаларға арналған ұйымға орналастыру туралы мәселе шешілгенге дейін оларды уақытша орналастыруды қамтамасыз етеді; 2) жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды қорғаншылыққа (қамқоршылыққа), патронатқа, баланы қабылдайтын отбасыларға, бала қонақтайтын отбасыларға, асырап алуға тілек білдірген азаматтардың есебін жүргізеді, іріктейді және оларды қажетті әдістемелік, психологиялық және заңдық көмек көрсету арқылы дайындайды;»; «6) қорғаншылықтағы немесе қамқоршылықтағы, баланы қабылдайтын отбасыларға берілген не жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдарда тәрбиеленіп жатқан жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың мүлкін басқаруды, сондай-ақ аталған мүліктің сақталуын бақылауды жүзеге асырады;»; «10) қорғаншылықтағы және қамқоршылықтағы, патронаттағы және баланы қабылдайтын отбасыларға берілген жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балаларды күтіп-бағуға арналған ай сайынғы ақша қаражатын тағайындайды және төлейді; 11) қорғаншылардың және қамқоршылардың, патронат тәрбиешілердің, баланы қабылдайтын ата-аналардың қызметін, сондай-ақ жетім балалар мен ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар тәрбиеленетін ұйымдарды бақылауды жүзеге асырады; 12) қорғаншылардың және қамқоршылардың, патронат тәрбиешілердің, баланы қабылдайтын ата-аналардың әрекеттеріне шағымдарды қарайды; 13) аталған адам қорғаншы немесе қамқоршы болып тағайындалғанға дейін туындаған қамқорлыққа алынушының борыштарын төлеуге қорғаншыға немесе қамқоршыға, оның жұбайына немесе туыстарына, баланы қабылдайтын ата-аналарға рұқсат береді;»; мынадай мазмұндағы 15-1) тармақшамен толықтырылсын: «15-1) баланы қабылдайтын ата-аналардан алты айда кемінде бір рет жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалардың денсаулық жағдайы туралы, оларды тәрбиелеу жөніндегі жұмыс туралы есепті, сондай-ақ жетім балалардың, ата-анасының қамқорлығынсыз қалған, қабылдаушы отбасына берілген балаларды күтіп-бағуға бөлінген ақшалай қаражатты жұмсау туралы, олардың мүлкін басқару жөніндегі есепті талап етеді;»; 16) тармақша мынадай редакцияда жазылсын: «16) қорғаншылар немесе қамқоршылар, баланы қабылдайтын ата-аналар тиісті түрде орын­да­маған жағдайларда, оның ішінде олар қорғаншылықты немесе қамқоршылықты жеке басы­ның мақсатына пайдаланған не қамқорлыққа алынушыны қадағалаусыз және қажетті көмек­сіз қал­дырған кезде оларды өз міндеттерін орындаудан шеттетеді және қажетті шаралар қабылд­айды;». 2. Осы қаулы 2017 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануға тиіс. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Б.САҒЫНТАЕВ