04 Қараша, 2016

Құтқарушыға құрмет

285 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
2648_oko_2Ерлік ешқашан ұмытыл­майды. Биыл 30 мамырда об­лыстық төтенше жағдайлар де­партаментінің құтқарушысы Жомарт Сәрсенбеков Төле би ауданындағы Ақмешіт шат­қалында адасып кетіп, іздеу жа­рияланған туристі тауып, кезекші бөлімге хабарлағаннан кейін абайсызда 100 метр шамасындағы биіктіктен құлап қаза тапқан еді. Біреудің өмірін сақтаймын деп жүріп өзі мерт болған Жомарттың артында жары, шиеттей бес ұл-қызы қалған. Тағдыр-ай десеңізші, төтенше жағдайлар департаментінде қыз­мет істегеніне 13 жыл болған Жомарт жары Ұлжан Сабазовамен отасқанына да 13 жыл толып, дәл шаңырақ көтерген 30 мамырда қаза болды. Жары Ұлжан соңғы сәбиін қарашаның ортасында дүниеге әкелді. Жомарт шақалағының маңдайынан сүйіп те үлгермеген. Біреудің өмірін сақтаймын деп ажал құшқан құтқарушы үй салуды армандап жүреді екен. Өзі кеткен соң аңырап қалған жары мен үлкені сегізге ғана толған кішкентай балаларының әке арманын іске асыра алмайтындығы белгілі еді. Сондықтан, төтенше жағдайлар департаменті бас болып, демеушілер есебімен жаңа үйді бастап кетеді. Осылайша, құны 11 млн теңгеге алты бөлмелі үй екі жарым ай шамасында салынып бітеді. Үйдің кілтін Жомарттың жары Ұлжанға облыс әкімі Жансейіт Түймебаев табыс етті. Жаңа үйге көрімдік ретінде теледидар мен тоңазытқыш тарту еткен облыс басшысы: – Жомарт бауырымыз нағыз азамат екен. Өзіне қатерлі қауіп төніп тұрғанын білсе де адасып жүрген туристің өмірін сақтап қалды. Жомарттың ерлігі ұмытылмайды. Енді осы үйде оның отбасы өсіп-өнсін, бақытты болсын, – деген ақтілеу айтты. – Арманы асқақ жан еді, – дейді көзі жастан құрғамаған жары. – Отбасына адал, жайлы азамат болатын. Біз оны ешқашан ұмытпаймыз, жүрегімізде сақтап өтеміз. – Құтқарушы мамандығы қиын да жауапты, екінің бірінің қолынан келе бермейді. Бауы­рымыздай болып кеткен Жо­март Орынбасарұлы қазір ара­­мызда жоқ. Жомарт кез келген уақытта жұмысқа белсене кірісіп, міндетін тиянақты атқа­ра­тын қызметкер еді, – дейді Оң­түстік Қазақстан облыстық төтенше жағдайлар департаменті бас­шысының міндетін атқарушы, пол­ковник Батырғали Сопбеков. Әрине, қанша жерден жайлы үй дегенімен ол отағасы орнын алмастыра алмасы анық. Әйтсе де, қызметтестері Жомарттың көзі тірі­сінде орындай алмай кет­кен арманын жүзеге асырып, тама­ша үй салып бергені нағыз аза­маттық іс болды. Бақтияр ТАЙЖАН, «Егемен Қазақстан» Оңтүстік Қазақстан облысы