04 Қараша, 2016

Төмен байытылған уранды орналастырудың мәні неде?

324 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Еліміз аумағына Төмен байытылған уран банкін (ТБУБ)  орналастыру әртүрлі пікірлер тудыруда. Осыған байланыс­ты  біз Мәжіліс депутаттары Шавхат ӨТЕМІСОВ пен Евгений КОЗЛОВТЫҢ пікірлерін жазып алған едік. – Шавхат Әнесұлы, Мә­жі­ліс­тің жалпы отырысында қаралған Қазақстан мен МАГАТЭ арасындағы еліміздің аумағында ТБУБ орналастыру туралы келісімді ратификация­лау жөніндегі заң жобасын қолдап сөйлеуіңізге қандай себептер болды? – Өйткені, бұл келісім ядролық қаруды таратпау режімінің белсенді жақтаушысы және жаһандық ядролық қатерді азайту процесінің негізгі қолдаушыларының бірі ретінде еліміздің халықаралық беделін нығайтуға ықпал ететін болады. Ядролық отын банкін құру жөніндегі жобаға қатысу үшін Қазақстанның өз кандидатурасын ұсынуы мемлекетіміздің әлемдегі бейбітшілік жолында тынымсыз күрескер болып отырғанын танытты. Президент Н.Назарбаевтың тарихи шешімі­нің арқасында осыдан 25 жыл бұрын Семей ядролық сынақ поли­гонының жабылғаны мәлім. Қазақ­стан ядролық қаруды таратпау туралы шарттың белсенді қатысушысы болып табылады. Еліміздің бастамасымен 2015 жылғы желтоқсанда БҰҰ Бас Ассамблеясы Ядролық қарудан азат әлем құру туралы жалпыға ортақ декларацияны қабылдады. БҰҰ Бас Ассамблеясының 70-сессиясында Қазақстан «Жаһандық стратегиялық бастама-2045» жос­парын әзірлеуді ұсынды. 2016 жылғы наурызда Мемлекет басшысы БҰҰ Бас Ассамблеясының мінберінен «Әлем. ХХІ ғасыр» атты манифесін жариялап, «ХХІ ғасыр. Соғыссыз әлем» атты кең ауқымды бағдарламасының адамзатқа қажет екенін мәлімдеді. – Ал ТБУБ-ты Қазақстанға орналастырудың қандай нақты маңызы бар деп ойлайсыз? – Бұл – біздің жаһандық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында кейбір жобаларға өзіміз бастамашыл болған біржақты әрекеттерден бірлескен халықаралық ынтымақтастыққа қадам басуымыздың көрінісі. Төмен байытылған уранның кепілдік қорын құру – уран қоры жоқ және уранды жоғары байытуға ұмтылмайтын елдерге ядролық отынды жеткізуге кепілдік береді. Осының нәтижесінде мұндай елдер уран жеткізудің баламалы жолдарын табуға алаңдамайтын болады және өздерінде уран өндірудің толық циклын құрудың қажеттілігі туындамайды. Сөйтіп, ТБУБ ядролық отынды теңгерімді етіп қана қоймай, халықаралық қауіпсіздікті нығайтады және ядролық технологиялардың жаппай таралуын болдырмайды. Мұндай жағдайлар жалпы өңірлік және жаһандық қауіпсіздікке жағымды әсер етіп, ядролық қаруды таратпау режімін ұлғайтуға ықпал етеді. Сөйтіп, біз ядролық қарудан азат әлем құруға тағы бір қадам жақындай түсеміз.  – Евгений Александрович, сіздің ойыңызша ТБУБ-тың Қазақстанға қаншалықты пайдасы бар? – МАГАТЭ-нің қарауындағы мұндай банк әлемнің басқа ешбір елінде жоқ. Ядролық қарудан 25 жыл бұрын өз еркімен бас тартқан Қазақстан мұндай отын тек бейбіт мақсатқа қолданылу керектігін бүкіл әлемге танытып отыр. Әрине, ТБУБ-тың біздің елімізге орналасуына байланысты халық арасында әртүрлі пікірлер айтылып жүргені белгілі. Осыған байланысты мен оны Қазақстанға орналастырудың қандай маңызы бар екенін шамам келгенше айтып берейін. Қазір әлемді ядролық материалдардың террористік ұйымдардың қолына түсіп кету қаупі алаңдатып отыр. Өз ісі мен өміріне жауапсыздықпен қарайтын ондайлар бір есалаң идея үшін басқаның өмірі мен құқын аяққа басып жүре береді. Қаншама мың адамға қайғы-қасірет әкелетінін де ойлап бас­тарын қатырмайды. Сондықтан, ядролық материалдарды барынша сенімді, қауіпсіз жерге сақтау – әлемнің алдында тұрған проблеманың бірі. Үлбі зауыты – төмен байытылған уранды сенімді сақтау жөнінен үлкен тәжірибе жинақтаған кәсіпорын. Сондықтан, оның аумағына енгізілген ядролық мате­риал­дардың қауіпсіз сақталатын­дығына кепілдік бар. Сіз менен оның Қазақстанға қандай пайдасы бар деп сұрадыңыз. Өмір­дегі барлық нәрсе ақшамен өлшен­бейді. Бұл келісімнен Қазақстан ақшалай кіріс түсірмесе де, саяси тұрғыдан тек үлкен табысқа қолы жетеді. Бұл жерде Қазақстан өзінің ядролық қаруды таратпау жөніндегі қозғалыстың сөз жү­зіндегі белсенді мүшесі ғана емес, оны іс жүзіне асыра алатын орындаушысы екенін көрсете отырып, әлемдік қоғамдастықтың зор сеніміне ие бола түсіп отыр. – Әңгімелеріңізге рахмет. Әңгімелескен Жақсыбай САМРАТ, «Егемен Қазақстан»