04 Қараша, 2016

"Тәуелсіз Қазақстан" пойызы Шығыс Қазақстанда (фото)

665 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
dsc_0013 Шығыс өңіріне келіп жеткен ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы алдымен Ақтоғай стансасына ат шалдырды. Республикалық акцияға қатысушы Парламент Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері және 7 министрлік пен 2 ұлттық компания, қаржы институттарының өкілдерінен құралған қадірлі қонақтарды қарсы алған аягөздік ағайынның алабөтен көңілі перронды әп-сәтте салтанатты көңіл-күйге бөледі. Вокзал басында Мұқағалидің сөзіне жазылған Тұрсынғазы Рахимовтың әйгілі «Аягөз ару» әні әуелеп, ел мен жердің қасиетін де асқақтата түскендей. dsc_0005 Аудан әкімі Бақытжан Байахметов ұлы Абай еліндегі сапардың Аягөз жерінен басталғанына қуанышты екенін жеткізіп, Мемлекет басшысының кемел саясатымен тәуелсіздіктің ширек ғасырлық жасампаз кезеңінде аягөздіктердің де талай биіктерді бағындырғанын атап өтті. Қозы мен Баянның елі, әйгілі жыраулар мен батырлардың жұрты – аягөздіктердің ыстық ықыласына ырза екенін жеткізген «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының жетекшісі, Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-нің профессоры Әміржан Әлпейісов: «Елордамыздан шыққан «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы Елбасымыздың бастамасымен еліміздің 25 жылда қол жеткізген табыстары мен жетістіктерін ел арасында насихаттауды, халықтың тыныс-тіршілігін көзбен көріп, өзекті мәселелерінің шешімін табуға қол ұшын созуды көздейді. Осы мақсатта құрамымызда білікті дәрігерлер мен түрлі саладағы кәсіби мамандар да Шығыс өңіріне арнайы келді, – деді. Ал Парламент Мәжілісінің депутаты Нұрлан Дулатбеков заң жобаларын дайындау мен қабылдау барысында халықтың ой-ұсыныстарының өте маңызды екенін, сондықтан бұл сапардан көп нәтиже күтетінін жеткізді. dsc_0018 Ақтоғай кенті – темір жолдың бойында, тоғыз жолдың торабында тұрған көліктік логистикалық әлеуеті зор елді-мекеннің бірі. Қазіргі кезде кент халқының басым бөлігі темір жол саласында және Ақтоғай тау-кен байыту комбинатында еңбек етеді. Акцияға қатысушылар өңірдегі ғана емес, еліміздегі ең ірі өндірістік жобалардың біріне саналатын Ақтоғай тау-кен байыту комбинатының қызметімен танысты. Әлемдегі игерілмеген алып кеніштер қатарына жататын кен орны былтыр тотықты кеннен тұңғыш катодты мыс өнімін алған болатын. Осылайша, Аягөз ауданындағы алып өндірістің өрісі ашылды. Содан бері кәсіпорында миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, 83 пайызға тең өндірістік қуатына шықты. Комбинатта тотықты кенді өндіру мен өңдеу 11 жылға есептелген. Кеніштің келешегі сульфидті кен концентратын алуда жатыр. Зерттеу жұмыстарының нәтижесі көрсеткендей, оның негізгі қоры – 1,5 млрд. тонна. Сульфидті зауытты биыл Тәуелсіздіктің 25 жылдық мерекесі аясында іске қосу жоспарланып отыр. dsc_0042-1 Бұл күні мемлекеттік және кәсіпкерлік құрылымдарда, ауыл шаруашылығында және өзге де салаларда еңбек етіп жүрген аудан тұрғындары Астанадан келген орталық мемлекеттік және құқық қорғау органдары мен қаржы институттары мамандарынан кеңес алды. Кей тұрғындар көкейдегі мәселелердің шешімін тапса, кейбірі сауалдың жауабына қанықты. Жергілікті локомотив пайдалану депосында өткен қоғамдық қабылдау барысында Ақтоғай ауылдық ақсақалдар кеңесінің төрағасы, құрметті теміржолшы Болатбек Мәмбетов жастардың бос уақытын тиімді өткізу мақсатында ауылға спорт кешені қажет екендігін жеткізді. Сондай-ақ бұрын басталған Аягөз бен Лепсі бағытынан келетін тасжолдар құрылысының аяқсыз қалуына байланысты жол мәселесінің өте өзекті күйінде қалып отырғанын жеткізді. Яғни, теміржолдан өзге жолдар тұйықталып тұр. Бұл мәселе кент ішіндегі көшелерге де қатысты. Теміржолшы Рахметолла Шалтаев осы сауалдың шешімін табуға көмек көрсетуді өтінді. Ал зейнеткер Арынбай Асамұрзиннің мал басын өсіру орайындағы сауалына жауап берген Мәжіліс депутаты Н.Дулатбеков жуырда жайылым туралы арнайы заңнама қабылданатынын, жобаның Парламент отырысының бірінші оқылымынан өткенін айтты. Қабылдауды ұзақ күткен теміржолшы Гүлбаршын Садықова баласының заңгер біліктілігін алса да екі қолға бір жұмыс таппай жүргенін айтса, мүгедек енесіне қарап отырған Гүлжан Ғаббасова да жұмыссыздық мәселесі қинайтынын жеткізді. Бұл ретте акция жетекшілері «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасы аясында шағын кәсіпкерлікпен шұғылдану мүмкіндіктері бар екенін атап өтіп, ауыл әкімі Зайыр Кесікбаевтан мәселенің шешімін табуды өтінді. Кент басшысы тәуелсіздік мерекесі аясында ашылатын әлеуметтік нысандар есебінен шешімін қарастыратынын жеткізді. Қабылдауда тұрғындар әлеуметтік жеңілдіктер, зейнетақы, құжат, заңдастыру, кәсіпкерлікке арналған несиелер сынды сан түрлі сауалдардың жауабын алды. dsc_0024 Ең бастысы, Ақтоғай кенті мен маңайдағы елді-мекендердің тұрғындары тегін медициналық тексеруден өтіп, денсаулығына байланысты білікті дәрігерлердің қабылдауында болды. Мәселен, алматылық білікті эндокринолог-дәрігер Гауһар Бөгенбаеваның айтуынша, кейбір жергілікті тұрғындар денсаулығында кінәрат болса да мән бермей жүре бергені белгілі болды. Бұл арада эндроклинологиялық дәрігерлік көмектің ірі қалаларда да қолжетімді болмауы кері әсерін тигізгенін айта кету керек. Скринигтік тексеруден өткен ақтоғайлық тұрғындар осындай әлеуметтік жобалар жиі қолға алынса деген тілегін жеткізді. dsc_0003 Қазіргі кезде кентте 7 мыңға жуық халық тұрады. Бұл – аудандағы Аягөз қаласынан кейінгі ірі елді-мекен. Ауылда екі мектеп бар. Аталған білім ордалары тарлық етіп отырғандықтан биыл ескі мешіт ғимаратын жөндеуге жергілікті бюджеттен 18 миллион теңге бөлінген. Жаңа жылда онда бастауыш мектеп ашылып, 62 оқушы білім алмақ. Сондай-ақ бұрын ми батпақ болып жататын кенттің орталық екі көшесі асфальтталып, жарықтандырылды. "Ауданда елді-мекендерді дамытудың үш жылдық жоспары қабылданған. Өңірлерді дамыту бағдарламалары арқылы бұл жұмыстарды алдағы уақытта жалғастырамыз", дейді аудан әкімі Б.Байахметов. Меймандар №8 орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі Күләш Мұхамадиева даярлаған өткен дөңгелек үстелге қатысып, оқушылардың интерактивті білім деңгейіне куә болды. Сондай-ақ Таңсық ауылының жанындағы Қозы Көрпеш-Баян Сұлу кесенесіне тағзым етіп, аудан өнерпаздарының өнерлерін тамашалады. «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы штабының басшысы Әміржан Әлпейісов Ақтоғай ауылындағы бір күндік жұмысты қортындылап, іс-шараға 1700-ге жуық адам қамтылғанын жеткізді. Мәселен, жылжымалы диагностикалық орталықта 450 адам дәрігерлік-скринигтік тексеруден өтуге мүмкіндік алса, 120 адамға кәсіпкерлік, ауыл шаруашылығы және әлеуметтік салалар бойынша консультациялық кеңес берілді. Пойыздың өңірдегі ендігі бағыты Өскемен мен Семей қалалары және Дегелең стансасы арқылы жалғасады. Думан АНАШ, «Егемен Қазақстан» Шығыс Қазақстан облысы, Аягөз ауданы.