04 Қараша, 2016

Пакьяо мен Варгас жекпе-жегі Қазақстанда көрсетіледі

264 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
pak  «Хабар» телеарнасында 6 қараша күні Астана уақыты бойынша таңғы сағат 9.00-де Мэнни Пакьяо мен Джесси Варгас арасындағы WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы титулына жұдырықтасу көрсетіледі. Жұдырықтасу АҚШ Невада штатының Лас-Вегас қаласындағы «Thomas & Mack Center» спорт аренасында өтеді. «Хабар» телеарнасының спорт продюсері Асқат Жақаевтың айтуынша: «Пакьяо мен Варгас  - екеуі де заманауи боксқа атсалысып келе жатқан бүкіл әлемге кеңінен танымал боксшы. Біздің көрерменіміз әлемдік деңгейдегі жекпе-жекті тамашалай алады. Сонымен қатар талантты боксшылардың кәсіби шеберлігін толыққанды бағалап, трансляциядан ләззат алады деген сенімдеміз». Мэнни Пакьяо – 37 жастағы филиппиндік боксшы, 8 салмақ санатында 9 дүркін әлем чемпионы. 2016 жылғы 9 сәуірде Тимоти Брэдлимен өткізген жекпе-жекінен кейін спорт мансабын тоқтататындығын айтқан болатын, алайда осы жылдың тамыз айында Джесси Варгаспен жұдырықтасу үшін қайта оралғандығын хабарлады. 2016 жылдың мамыр айында Филиппин Сенатына сайланды. Спортшының лақап аты – «Pac-man». «Мен әр қарсыласымды сыйлаймын және толығымен мойындаймын. Джессиді құрметтегендіктен көп жаттықтым. Бұл жұдырықтасудың нәтижесі менің алдағы спорт мансабымның қай бағытта дамитындығын айқындайтындықтан, мен үшін өте маңызды.  Алаңда сенімді жеңіске жетуім керек» - деді Пакьяо. Джесси Варгас – 27 жастағы американдық боксшы, жартылай орта салмақта WBO чемпионы. Варгас 28 кездесу өткізіп, біреуінде ғана жеңіліс тапты. Лақап аты – «The New Generation» («Жаңа ұрпақ»). Жас айырмашылығының үлкендігіне қарамастан, Джесси Варгас өзінің жеңісіне сенімді: «Мен осы сәтке ұзақ дайындалдым. Бұл жайлы күн сайын ұйқыдан тұрғанда және ұйқыға жатар алдында ойлаймын. Менің командам керемет, бәрі өте жақсы орайласуда».