06 Наурыз, 2011

Жұмбақ жанды «Жизель»

562 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Қазақстан әйелдерін көктемнің алғашқы мерекесімен Парижден келген балет жұлдыздары құттықтады Кеше Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында елорда төрінде алғаш рет өткізілген әйелдер съезінің құрметіне орай Адольф Аданның «Жизель» балеті қойылды. Бұл қойылымды тамашалауға Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев та келді. Туындыны Мәдениет министрлігінің мұрындық болуымен «Қазақ әуендері» АҚ арқылы К.Байсейітова атындағы Ұлттық опера және балет театры қойған. Бұл күні Пирамида ғимараты іші ерекше құлпырып кетті. Себебі «Жизельді» тамашалауға кел­ген көрермендердің көбісі қыз-ке­лін­шектер еді. Балет өне­рі­нің әлем­дік жауһары болып та­бы­ла­тын бұл туындының Астанадағы бас қоюшысы – Санкт-Петербургтегі Мариинский театрының балетмейстері Сергей Вихарев. Суретші-қою­шының жауапкершілігі Ресей­дің еңбек сіңірген суретшісі Вячеслав Окуневке жүктеліпті. Бас­ты партияларда Париждегі Гранд операның жетекші солистері Мелани Юрэль мен Карл Пакетт ой­нады. «Жизель» қойылымына сон­дай-ақ К.Байсейітова атындағы Ұлт­тық опера және балет теат­ры­ның балет труппасы мен сим­фо­ния­лық оркестрі қатысты. Атап айт­сақ дирижерлікті, Айдар Абжаханов, ал дирижер-қоюшы қызме­тін Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Абзал Мұхитдинов атқарды. Париждің Гранд операсында 1992 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан 36 жастағы М.Юрэль «Сильфида», «Баядерка», «Ұйқы­дағы ару», «Щелкунчик» және та­ғы да басқа классикалық спектакль­дерде ойнаған. Ал 37 жастағы К.Пакетт Гранд опера би академия­сына 11 жасында оқуға түсіп, 17 жасында аталмыш балет труппа­сы­на қабылданған. Оның репер­туа­рында «Корсар», «Щелкунчик», «Жазғы түндегі түс», «Париж Құ­дай ана шіркеуі» сияқты клас­си­калық опералардың басты партия­лары бар. Миландағы Ла Скала, Мәскеудегі Үлкен Театр, Нью-Йорктегі Сити Балет сынды әлем­нің әйгілі театрларындағы балет өнерінің классикалық қойылымда­рына көптеген жылдар бойы еңбек сіңірген бұл екі өнер жұлдызы енді елорда көрермендерін өз шеберліктерімен тәнті етті. Еске салайық, «Жизель» бале­тінің алғашқы қойылымы 1841 жы­лы 28 маусымда Гранд опера­ның сахнасында өткен екен. Бір жарым ғасырдан бері бұл туынды еш уақытта өз құны мен дара­лы­ғын, көркемдігі мен тартым­ды­лығын жоғалтпаған. Жоғалтпайды да. Асыл дүниенің, бекзат өнердің қашан да сыйланатыны, құрмет­те­лі­­нетіні сөз­­сіз. Ең бастысы, адам­заттың бәрі оны мойындай­ты­ны­мен мәңгі жал­ғаса бермек. Арай ҮЙРЕНІШБЕКҚЫЗЫ.