06 Наурыз, 2011

Ананы ардақтап, қызды құрметтеудің үлгісі

587 рет
көрсетілді
17 мин
оқу үшін
Кеше Астанадағы Тәуелсіз­дік сарайында Қазақстан Рес­пуб­ликасының Президенті жа­нын­дағы  Әйелдер істері және отба­сылық-демографиялық сая­сат жөніндегі ұлттық комис­сия­ның ұйытқы болуымен, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан На­зар­баев­тың қатысуымен Отан Тәуелсіздігінің 20 жылдығы аясында және 8 наурыз Халықаралық әйелдер күніне орай­лас­ты­рылған Қазақстан әйелдерінің алғашқы съезі  болды. Оны Президент жа­нындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның төрайымы Гүлшара Әбдіқалықова ашты.

Съездің басты мақсатына келетін болсақ, ол – тәуелсіздік алған 20 жыл ішіндегі әйелдердің атқарған жұмысы мен алда тұр­ған міндеттерін нақтылау. Бұған қоса, еліміздің қоғамдық-саяси және әлеуметтік-экономикалық өр­­леуін­дегі әйелдердің рөлін талқы­лау, мемлекеттік гендерлік және от­басылық-демографиялық сая­сат­ты одан әрі дамытуды айқындау. Тұңғыш рет өткізіліп отырған бұл құрылтайға аталмыш ұлттық комиссияның бұрынғы және қа­зіргі құрамдарының мүшелері, Пар­ламент депутаттары, мемлекеттік органдар, дипломатиялық корпус, үкіметтік емес және ха­лықаралық ұйымдар, саяси партиялар, БАҚ өкілдері, танымал мәдениет, өнер және әдебиет қайраткерлері, спортшылар, сон­дай-ақ жақын және алыс шетелдерде тұратын отандас әйелдер қа­тысты (Елбасының съездегі сөйлеген сөзі бөлек жарияланып отыр). Атам қазақ баяғыдан-ақ ана­сын – қорғаным, әпкесін – ес тұ­тар айбыным, қарындасын – қадірлім, қызын ізет пен ұяттың үлгісі деп білген. Өз алдына ел болып кеткенге дейін алақанына салып аялап, зерлі тақия, үкі тақ­қан бөрік кигізіп, құтты қона­ғындай сыйлаған. Біздер осы құ­рылтайға келген ардақты жан­дар­ды көргенде үлгі-өнегесі бөлек атақты аналарымыз бен аяулы аруларымыз көз алдымызға келіп, бар екен-ау, дегенде көкжиек кеңіп сала берді. Осы арада Платонның: «Ұл тәрбиелей оты­рып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелеу арқылы ұлтты тәр­биелейміз» деген сөзі ойымызға оралды. Шынында, ұрпақ тәр­биесі ананың қолында. Содан да шығар, ананы ұрпағының панам деп жүретіні. Біткен іс пен алда тұрған міндеттерді Мемлекет басшысы тайға таңба басқандай етіп саралап шыққан соң съезд делегат­тары сөз алып, Тәуелсіз Отаны­мыздың 20 жыл ішіндегі жеткен жетістіктерін тілге тиек етті. Алматы қаласындағы Ы.Ал­тын­сарин атындағы №159 гим­на­зияның директоры, Қазақ­стан­ның Еңбек Ері Аягүл Миразова Кеңес өкіметі ыдырап, еліміз тәуел­сіздік алған тұстағы халық­тың қажырлы ісіне тоқталып, өзі қызмет етіп келе жатқан гим­на­зияның 45 түлегі «Болашақ» бағ­дарламасымен шетелде білім алу­ға қол жеткізгенін, интел­лек­туал­дық мектептер өмірге келіп, әлем­дік деңгейдегі Назарбаев Университетінің ашылуы үлкен оқиға болғанын айта келіп, мұ­ны тәуелсіздік жылдарының жемісі деп бағалады. Сол секілді енді 10 жылдан кейін мектеп бітіру­ші­лердің мемлекеттік тілді 100 пайыз білу мәселесінің шешілетіні біздің көңілімізге қуа­ныш ұялатады, дей отырып, «Қуа­на білмегенге құт, бағалай білмегенге бақ қонбайды» деп, респуб­ликалық ауқымда «Қыз тәрбиесі, әйел қайраткерлігі» деген атпен ғылыми-әдістемелік зерт­теу орта­лығын құруды ұсынды. Бұдан кейінгі сөзді Қазақстан Республикасы Президенті жанын­да­ғы Ра­қым­­шылық ету мәселелері жөніндегі комиссияның төрайы­мы Зинаида Федотова алды. Бүгінгі съезд үл­кен тарихи оқиға – Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдық ме­рей­тойы қарсаңында өт­кізіліп отыр. Ал қоғамда ат­қа­рылған жұ­мыстарды тізбелеген кезде әйел­дердің бүгінгі күнге дейін атқа­рып келген жұмыс­та­рын айтпай кету мүмкін емес. Се­бебі, біз нә­зік жандардың ең­бегін бағалау арқылы болашақ­та­ғы перспек­тива­ларымызды да ай­қындауға мүмкіндік аламыз, деді З.Федотова өз сөзінде. Осылай дей келе, ол Елбасыға өз атынан және съез­ге қатысушылар аты­нан, сон­дай-ақ, елдің барлық әйел­дер қауы­мы атынан осындай ауқым­ды шараның өткізілуіне бастама­шы болғанына ризашылы­ғын жет­кізді. Оның айтуынша, тәуел­сіздік жылдары ішінде елімізде өте үл­кен, түбегейлі өзге­рістер болған. Және ол өмірдің барлық са­ла­ларын қамтыған. Қа­зақ­стан бүкіл әлемге өзінің қай­таланбас тәжі­рибелік үлгісін, яғни мемлекетті құру тәжірибе­сін көрсетіп берді. Біз қазір осындай табысты елде өмір сүру арқылы өз Отаны­мыз­бен мақтанамыз. Бүгінгі съездің қатысушылары Қазақстанның жас та­рихының тек куәгерлері ғана емес, олар осы қоғамды құ­руға үлкен үлес қосушылар бо­лып та­былады. Біз, яғни съезге қаты­су­шылар, жас шамамыз, мүддеміз, кәсібіміз жағынан әр түрліміз. Біздің тағдырымыз да әр түрлі. Бірақ та, біздің барлығымызды бір ғана ой, бір ғана ниет біріктіреді. Яғни, біздің мүддеміз – болашағымыз, ба­лаларымыздың болашағы тұр­ғысынан келгенде бір жерге тоқайласады. Отбасы – қоғамның іргетасы саналады. Біз бүгінгі күні отбасында нағыз адами құндылықтар мен қасиет­тер­дің сақталуына, оларды одан әрі дамытуға назар аударуымыз қа­жет, деді З. Федотова. Ол сөзінің соңында Елбасыға мықты ден­саулық, қызметіне жеміс тіледі. Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова «Дені сау әйел – ұлттың болашағы, ұлт бо­ла­шағы ұрпақ саулығында» деген қанатты сөзді еске алып, ба­тырды да, ақынды да дүниеге алып келетін аналар мейрамы ал­дында өтіп жатқан бұл съездің тағылымы мен тәліміне тоқталды және 20 жыл ішіндегі отандық медицинаның жетістігін айтып, егемендік алған алғашқы жыл­дары небір қиындықтардың бастан өткеніне дәлел-дәйектер келтірді. Мемлекет адам денсаулы­ғына ерекше қамқорлық жасап отырғанын, 2015 жылға қарай бұл жүйеде түбегейлі өзгеріс­тердің болатынын, ана мен бала денсаулығын қорғау мәселелері шешілетінін атап өтті. Шала ту­ған балаларды күтіп-бағу бойын­ша ТМД елдерінің ішінде алғаш­қылардың қатарында екенімізді, ана өлімі 2 есеге, бала өлімі 1,5 есеге азайғанын алға тартты. Парламент Мәжілісінің депу­таты Динар Нөкетаева аяулы аналар, замандастар, бүгін көк­темнің алғашқы күндерінің бірінде Тәуелсіз мемлекетіміздің әсем­дік пен әдеміліктің, әдеп­тілік пен нәзіктіліктің, шыдам­ды­лық пен мейірімділіктің символы – Қазақстан әйелдерінің тұңғыш съезі өтуде, бұл ел шежіресіне қо­сылатын елеулі күн десе де болғандай. Бәріміздің, тіпті адамзат атаулының бастауында ана тұр, дей келіп, жыл сайын қо­ғамда әйелдердің рөлі артып отыр­ғанын атап көрсетті. Әйел бесік иесі, демек, әйелдің жайы түзелмей бесігіміз түзелмейді. Бесігіміз түзелмей, еліміз түзел­мейді. Қаншама тарихты парақ­тасақ та қазақ әйелі бүгінгідей қайраткерлік дәрежеге жеткен жоқ. Қазақ әйелдері қазір денсау­лық сақтау, білім беру, мәдениет, билік, бизнес, басқа салаларда да аз емес. Мың өліп, мың тірілген халқымыздың гүлденген шағы, құлпырған сәті, деп халық қалау­лысы көп балалы отбасыларға жағдай жасау ісіне еліміздің әр­бір азаматы мүдделі болуы тиіс еке­ніне екпін түсірді. Ондай ар­дақты отбасылардың үлгі, өне­гесін бұқаралық ақпарат құрал­дары да насихаттап отыруы қа­жет. Қазақ елінің алтын ғасыры бас­талды деген сөзді батыл айтуға болады, деді. Съезд барысында сөз алған «Ба­тыс Қазақстан облысы Азамат­тық альянс» ассоциациясының төрайымы Айгүл Туркина бүгін­де еліміздегі әйелдер қауымының ер азаматтармен иықтаса жүріп, үлкен мемлекеттік мәселелерді ше­шуге атсалысып жүргеніне тоқ­талды. Бүгін осы бір мәр­тебелі мінберде тұрып, нәзік те аяулы әйелдер қауымын жаңару­дың белгісі – көктем мерекесімен құттықтаймын. Мен өз өмірімді үкіметтік емес ұйымдармен бай­ла­ныстырғаныма 7 жылға жуық мерзім өтіпті. Бүгінде олардың ба­сым көпшілігі азаматтық альянс­қа шоғырланған. Ал алғашында осын­дай ұйымдардың бастауын­да небәрі 6-ақ ұйым тұрған еді. Кейін мемлекет ішінде күрделі реформалық өзгерістер жүрді. 2003 жыл үкіметтік емес ұйым­дар үшін алтын әріппен жазылған жыл болды. Дәл сол жылы Пре­зиденттің бастамасымен бірінші рет Азаматтық форум өткізілген еді. Оның нәтижесінде мем­ле­кеттің үшінші секторға деген ай­қын қолдауын байқадық. Бүгінде елімізде 25 мыңға тарта үкіметтік емес ұйым тіркелсе, олардың 250-і отбасындағы әйелдер проб­лемаларымен айналысады. Ал бұл – демократияның бір кө­рінісі», деді альянс өкілі. Қазақстан Республикасы Қа­ру­лы Күштерінің лейтенанты Айнұр Қасенова мен тәуелсіздік тарихында тұңғыш рет өткізіліп отырған әйелдер съезіне Қа­зақстанның Қарулы Күштері қа­та­рында жүрген 10 мыңнан астам әйел азаматшалардың атынан қа­тысып отырмын. Осындай биік мінберде сөйлеу мен үшін үлкен абырой деп білемін. Көп жағ­дайда жұртшылық дәрігер, мұға­лім десе, осы салада істейтін нә­зік жандарды есіне түсіріп, көзіне елестетеді. Бүгінде мың­даған қыз-келіншектер Тәуелсіз еліміздің айбынды армиясы са­пын­да қалтқысыз қызмет етуде, деп өздерінің азаматтармен бірге Отан қауіпсіздігін қорғап жүр­генін, тарихта мәңгі батырлық­тың үлгісі болып қалған Мәншүк Мәметова, Әлия Молдағұлова сияқты даңқты қыздарды мақ­таныш ететінін алға тартты. Құрылтайға Нидерланды Корольдігі Лейден қалалық универ­ситетінің лекторы, философия ғылымдарының кандидаты, шы­ғыс­танушы Зифа-Алуа Мұрат­қызы Әуезова да келген екен. Бұл қазақтың ұлы жазушысы Мұхтар Әуезовтің немересі екенін еске сала кеткенді жөн көріп отыр­мыз. Жақсының тұқымы қазақ әйелдерінің осындай алқалы жиы­нына қатысқанына дән ри­за­лы­ғын білдіріп, Қазақ елінің бүгінгі атақ-абыройы төрткүл дүниені баурап тұрғанын айтып, өзінің қазақ жұртын Батысқа таныту жо­лында аянбай еңбек етіп келе жатқанын, бір замандары қазақты былай қойып, Қазақстанды білмейтін болса, қазір олай емес, экономикамызға да, мәдениеті­міз­ге де қызығушылар көп екенін атады. Мен өзім қызметіме орай қазақстандық студенттермен, магистранттармен, докторанттармен кездесіп, ой бөлісіп, пікір алмасып тұрамын. Мен үшін туған Ота­ныммен осылай қарым-қатынас жасау бақыт деп ойлаймын. Балаларым Абай еліне, Мұхтар атамның кіндік қаны тамған жерге келгенде қазақ тілінде сөйлеп, олардың рухына бас иеді, деді. ENRC Қазақстанның атқару­шы және бас қаржы директоры Зәуре Заурбекова өз сөзінде бү­гінгі съезд Қазақстан әйелдерінің мемлекеттің өміріндегі ең ма­ңыз­ды мәселелерді талқылауымен ерек­шеленетінін атап өтті. Сон­дай-ақ, ол баяндамасында Қазақ­стандағы экономикалық өзгеріс­тер, жүзеге асқан маңызды реформалар және олардың оң нә­тижелерін жан-жақты талқы та­ра­зысына салды. Мен Қазақстан тау-кен металлургиялық өндірі­сінің өкілі ретінде елімізде жақсы бизнес-климат қалыптасып отыр­ғанын айтқым келеді. Мем­ле­кеттің қолдауы негізінде білім беру саласында ауқымды жұмыстар жүргізілуде. Бұлардың барлығы еліміздің қол жеткізген жетістік­терінің жемісі, деді З. Заурбекова. Ол өз сөзінің қорытындысында Қазақстан әйелдерін көктем мерекесімен құттықтап, махаббат пен түсіністік, игілік пен бақыт тіледі. «Петропавл құрылыс мате­риалдары зауыты» ЖШС ат­қарушы директоры Наталья Кондратова еліміздің белсенді де беделді әйелдерінің басын қосқан ауқымды жиынға қатысу мәрте­бесіне ие болғанына ризашы­лығын білдірді. Бүгінгі күннің өзінде біздің кәсіпорын индус­триялық даму жөніндегі бағдар­ламаны іске асырып, 27 млрд. теңге қаржы көлемін құрайтын 14 инвестициялық жобаны іске асырып отыр. Кәсіпорын құрыл­ған 4 жылдың ішінде біз шағын кәсіпорыннан орта дәрежедегі кәсіпорын деңгейіне көтерілдік. Бізде қазіргі таңда көптеген құ­рылыс материалдарын шығару бойынша 15 желі жүйесі іске қосылып, жұмыс істеуде. Ал­дың­ғы қатарлы технологияларды пай­далану арқылы еңбек өнім­ділігін арттыру бағытында ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктеріміз бар, деді Н. Кондратова. Сөз соңында зауыт өкілі нәзік жандарды халықаралық әйел­дер күні мерекесімен құттықтап, олар­дың отбасыларына жақсы­лық, береке-бірлік тіледі. VІІ Қысқы Азия ойындары­ның чемпионы Ғалия Нұрғалиева Тәуелсіз Қазақстанның соңғы жылдардағы спорттағы жеткен жетістіктеріне жан-жақты бағам жасап, ел абыройын көтерген алтын медальдар оңай келмегенін, ол үшін төгілген тер, жасаған жат­тығулар аз еместігін жеткізді. Сонымен қатар, Отанымыздағы спорт кешендері халықтың игілігі үшін қызмет жасап жатқанын айтты. Ал Қысқы Азия ойын­дарындағы жеңіс Қазақ елін төрт­күл дүниеге танытуға септесті. Мұның бәрі мемлекетіміздің қамқорлығының арқасында жүзе­ге асып жатыр, деді чемпион. Ал атақты әнші Майра Мұхамедқызы өз сөзінде дүниеде ешқашан азбайтын да тозбайтын, керісінше, ғасырлар сынынан өткен сайын жарқырай түсетін құдірет болса, ол – өнер екенін атап көрсетті. Уақыт сынына тө­теп бере алмай, ғажайып ғима­раттар, кейде тіпті тұтас қалалар жер бетінен жойылып кетіп жата­ды. Ал өнер өзін тудырған ха­лықпен мәңгі бірге жасайды, деп қазақ өнерінің дүние жүзіне та­нылып отырғанын, күн санап көр­кейген Астананың ғажап ғи­мараттары Еуропадағы салта­натты сарайлардан бірде кем емес екенін, оны өзі сол елдерде өнер көрсетіп жүргенде салыс­тыру арқылы танып-білгенін көл­денең тартты. Мен қазақ болға­ным үшін мақтанамын. Әр қазақ Қазақ елінде өмір сүріп жатқаны үшін мақтануы тиіс деп білемін, деген ол керемет дауысымен сарай ішін ән әуезіне бөледі. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті жастары­ның атынан Нәзира Бөлдірікова сөйледі. Мен бүгін Тәуелсіз елдің жас азаматтарының атынан сөз алып отырмын. 2011 жыл ел да­муындағы белесті жыл болып тұр. Бүгінгі ұрпақ – анадан өнеге, атадан өсиет үйренген ұрпақ. Ендеше, бізге жүктелер міндет аз емес, деп сөз аяғын «Қазақ елі еркін қыран самғаған, Дүбіріне құлақ түрген бар ғалам», деген екі жолмен түйіндеді. Көктеммен бірге келетін әйел­дер мерекесіне орай өткізілген бұл құрылтай Қазақстанның нә­зік жандарының бүкіл бітім-болмысын көрсетіп, бесік тербеткен ананың құдіретті болатынын да дәйектеді. Осы күндері бесі­гіңді түзе деген сөзді жиі айта­мыз. Бұл Мұхтар Әуезовтің ана туралы айтқан қанатты ұғымы­нан үзіп алған үзік. Біз құрыл­тайдағы айтылған елдік істі, мерейлі табысты, аналарға берілген бағаны естігенде, ойымызға сол ұлы жазушының «Адамды хай­уан­дықтан адамшылыққа кіргізетін – әйел. Адам баласының адам­шылық жолындағы таппақ тара­қия­ты (тағылымы) әйел халіне жалғасады. Сол себепті, әйел­дің басындағы сасық тұман айық­пай, халыққа адамшылық­тың бақытты күні күліп қара­майды. Ал, қазақ, мешел болып қалам демесең, та­ғылымыңды, бесігіңді түзе! Оны түзеймін десең, әйелдің халін түзе», деген сөзі ойымызға оралды. Шынын­да, бұл құрыл­тайдан дәулетіне сәулеті сай Қазақ елінің бүгінгі қарышты қадамы әйел затының басындағы тұманды сейілтіп қана қоймай, бесігін түзеп, қай­раткерлік дәрежеге көтеріп отырғанын да көрдік. Съезд делегаттары алдағы кез­де де ел болашағын Елбасымен байла­ныстыратынын бірауыздан айтты. «Егемен Қазақстанның» тілшілер тобы. Суреттерді түсірген  Орынбай БАЛМҰРАТ.