Жамбыл облыстық қазақ драма театрының директоры, жазушы-драматург Болат БЕКЖАНОВПЕН әңгіме
– Болат Үмбетәліұлы, театр өнері кешеуілдеп келген біздің ел үшін – 80 жыл елеулі уақыт болар. Сондықтан, әңгімемізді аз-кем театрдың тарихынан бастасақ...
– Рас, еліміздегі тарихы терең, қадау-қадау театрлардың бірі – осы, біздің Жамбыл облыстық қазақ драма театры. 1936 жылы өз шымылдығын тұңғыш рет Бейімбет Майлиннің «Келін мен шешей» комедиясымен ашқан театрдың алғашқы актерлері ел арасынан шыққан талантты өнерпаздар еді. Олар – Шәріпбай Сәкиев, Сәти Үмбетбаев, Сатылған Атамқұлов, Отарбай Тұрымқұлов, Тәжімет Әлмұхамедов, Нұргүл Майтанова, Гүлсара Тұрымқұлова, Молдаш Сәкиев, Тұраш Әбуов сынды 9 адамнан тұратын өнерпаз топ – осы театрдың негізін қалаушы артистер болып тарихта қалды.
Театрдың бүгінгі құрамында сахна өнерінің негізін ұстап тұрған аға буын өкілдері Қазақстанның халық әртісі Мәкен Рахымжанова, Қазақстанның еңбек сіңірген артистері Майра Әлімбетова, Асқарбек Сейілхан, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Гүлшат Қыпшақова, Әбиірбек Тінәлиев, Мәдениет қайраткерлері Нұрсифат Салықова, Галина Қойшыбаева, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, Мәдениет қайраткері Жүніс Әлімбеков, Халықаралық театр фестивальдерінің лауреаттары Мәлік Ақүрпеков, Анар Сағымбекова, Әнәпия Ахмет, Қазақстан Жастар одағы «Серпер» сыйлығының лауреаты Кенен Ақүрпеков, Қазақстан Жастар одағы сыйлығының лауреаты Анар Алтыбаева, Қажыбай Айтибаев, Мәдениет қайраткері Шолпан Айтибаева, сондай-ақ, Жандар Қырықбаев, Ғазиз Сұрапбаев, Жасұлан Қамбатыров, Руслан Оразалиев, Әбу Шоңбаев, Жадыра Құлтаева сынды және басқа да көптеген талантты жас актерлер қызмет етуде.
– Соңғы жылдары театрларыңызда аз уақыт ішінде «Отелло», «Еңлік-Кебек», «Ана-Жер-Ана», «Қазақтар», «Қилы заман» секілді ірі туындылар сахнаға шығарылды. Бұлардың біразын сырттан режиссерлер шақыртып қойдырдыңыздар. Бұл қаншалықты баянды болды?
– Жоғарыда айтқан шығармалардың бәрі де осы қағидалар үдесінен шығатын, көрерменді, әсіресе, жас ұрпақты ұлттық және әлемдік драматургия мәдениетімен сусындата алатын шоқтығы биік туындылар. Біз солардың біразын сырттан режиссерлер шақыртып қойдырдық. Өйткені, сырттан режиссер шақырып қоюдың бір артықшылығы – ол актерлер үшін, актерлердің кәсіби тұрғыда өсуі үшін қажет дүние. Мәселен, Ресейде және көптеген басқа да елдерде режиссерлер лабораториясы деген үрдіс бар. Ондай лабораторияда ондаған режиссерлердің қолтаңбасы сақталып, тәжірибе алмасу үшін пайдаланылады.
Яғни, бір театрда өз режиссерлері болғанына қарамастан, олар сырттан режиссер шақыртып, спектакльдер қойдыртады. Сөйтіп, бір театрда бірнеше режиссердің қолтаңбалары қалыптасады. Егер бір театрда бір режиссер жалғыз өзі спектакль қоя берсе, онда қалай дегенде де, спектакльдер бір-біріне ұқсап кетуі әбден мүмкін. Түрлі режиссерлердің шешімдеріне бейімделе отырып, актерлер де әр алуан жақтарынан ашылып, шеберліктері артады.
Біздің театрда «Отеллоны» ең алғаш бұдан 40 жыл бұрын режиссер Тұрар Дүйсебаев қойған. Ол кезде Қазақстанның халық артисі Ыдырыс Ноғайбаев арнайы келіп, Отеллоны осы Жамбыл сахнасында ойнаған. Одан соң Отелло рөлін Қазақстанның еңбек сіңірген артисі Қарабай Сатқанбаев ойнады. Ол кездегі көрермен қазір есейіп кетті. Бүгінгі көрермен, бүгінгі жастар да Шекспирдің «Отеллосын» көруге тиіс. Сондықтан, біз оны өткен жылы жаңаша, бүгінгі заман көрерменінің талғамына сай етіп, сахнаға шығардық. Бұл жолы Отеллоны талантты актеріміз Мәлік Ақүрпеков ойнады. Бүкіл әлем деңгейінде мойындалған бұл шығарманың ешуақытта ескірмейтіндігіне, қай дәуірде де оның өз көрермені табылатындығына бұл жолы да көз жеткіздік. Ал «Еңлік-Кебек» – М.Әуезовтің өте сәтті жазылған шығармаларының бірі, төл әдебиетіміздегі бірегей классикалар қатарындағы туынды. Біздің қазақ театрының сахнасы осы «Еңлік-Кебекпен» ашылған.
Қалихан Ысқақ пен Шахимардан Құсайыновтың «Қазақтар» тарихи драмасын біз былтыр Қазақ хандығының 550 жылдығына орай сахналадық. Ол драманы кім сахналайды деген сұрақ туындағанда, таңдауымыз бірден белгілі режиссер, Қазақстанның халық артисі Ерсайын Төлеубайға түсті. Олай болатыны, Ерсайын Төлеубай тарихты жақсы білетін режиссер. М.Әуезовтің белгілі повесінің желісі бойынша жазылған Н.Оразалиннің «Қилы заман» драмасын да үстіміздегі жылғы еліміз Тәуелсіздігінің 25 жылдығына және Қазақстандағы ұлт-азаттық көтерілістің 100 жылдығына орай режиссер Болат Ұзақовты шақыртып, қойдырттық.
«Еңлік-Кебекті» де, «Қазақтарды» да, «Қилы заманды» да биыл Астана жұртшылығына алып барып көрсеттік. Онда өте жоғары бағаланды.
– Актерлердің әлеуметтік жағдайын жақсартуға, жалпы алғанда, театрға билік тарапынан көрсетілетін қолдау шаралары көңіл көншіте ме?
– Актерлердің әлеуметтік жағдайында – тек біздің театр үшін ғана емес, жалпы бүкіл еліміздің театрлары бойынша көтеретін мәселелер баршылық. Оның біріншісі – артистердің жалақыларының төмендігі. Алатын мардымсыз айлығымен пәтер жалдап тұра ма, бала-шағасын асырай ма? Осы себепті артистер қауымы түрлі мемлекеттік бағдарламалар арқылы белгіленген мөлшерде қаржы жинақтап құйып, ипотекалық жолмен де, «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкі» бағдарламалары арқылы да пәтер алуға қауқарсыз. Жеңілдікпен пәтер алулары үшін бюджеттік салада еңбек ететін мұғалімдер мен дәрігерлер секілді, оларға арнайы, әлеуметтік мәртебе де берілмеген.
Дегенмен, біз Өнер академияларын бітіріп, басқа облыстарда қызмет істеп жүрген Жамбыл облысының түлектерін театрға шақыра бастадық. Қазір театрда қандай күрделі шығарма қойылса да, жүгін көтере алатын актерлер труппасы қалыптасты.
Облыс әкімі театрымызға қолдау көрсетіп отырады. Қырық жылдай күрделі жөндеу көрмеген театрымызға жөндеу жұмыстары жүргізіліп, заманауи қондырғылар мен жабдықтар әперілді. Қазіргі кезде облыс басшылығы тарапынан жас актерлерді жатақханамен қамтамасыз ету мүмкіндіктері қарастырылып жатыр.
– Жалпы, қазақ театрларының көрермені қалыптасты ма? Жоқ, әлі де оқу орындарына билет сату, оқушылар мен студенттерді мәжбүрлеп алып келу үрдісі жалғасып келе ме?
– Көпшілік арасында «театрға көрермен келмейді» деген жаңсақ пікір қалыптасқан. Жоқ, олай емес, театрға көрермен келеді. Театрдың өзінің тұрақты көрермені бар. Кейбіреулер театрға өзі келмегеннен кейін, басқалар да бармайды деп ойлайды. Көрермен тұрақты келіп жатады. Өнер мекемелері арасында ең көрермені көбі – театр. Енді жастарды, студенттерді, оқушыларды театрға тартуға көп көңіл бөлетініміз шындық. Күштеп әкелмейміз, олар да өз еріктерімен, ұстаздарының, ата-аналарының келісімімен келеді. Жастармен олай жұмыс істемесек, театрға шақырмасақ, онда олар театр дегеннің не екенін білмей өседі. Ал, жастарға адамгершілік, рухани, эстетикалық, патриоттық тәрбие беруде театрдың алар орны ерекше. Сондықтан, оларды театрға тарту керек, оның жас ұрпаққа тигізер рухани пайдасы зор.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен
Оралхан ДӘУІТ,
«Егемен Қазақстан»
ТАРАЗ