06 Наурыз, 2011

Сьезд делегаттарының лебізі

469 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
Кәмшат ДӨНЕНБАЕВА, Социалистік Еңбек Ері: – Тәуелсіздікті алған­нан бері елімізде көз қуа­нып, көңіл марқаятындай көптеген жұмыстар ат­қа­рылды. Құдайға шүкір, дең­гейміз де біраз көте­рі­ліп қалды. Ел ішінде ауыз толтырып айтар­лық­тай игі өзгерістер жетерлік. Бұл ретте, әйел қауымының, ел аналарының да өз мойындарына арқалаған жүгі орасан болды. Сол кешегі аналар салып берген сара жолды бүгінгі қыздарымыз да бар күш-жігерімен жалғастырып жатыр. Яғни, олар үлкен-үлкен жобаларды іске асыруда на­мысқа тырысуда. Десек те, бұл жолда өзіміздің тілімізді, дінімізді, ділімізді ұмытып кетпесек екен деймін. Олардың ішінде бала өсіру, қыз өсіру, еліміздің болашақ мықты азаматын тәрбиелеу деген мәселені айрықша назарда ұстағанымз жөн. Ата-ананың үкілеп отырған үміттері – қыздары өзге босағаны аттаған кезден бастап сол отбасының ұйытқысына айналса екен деп тілек айтамын. Себебі, қыз тәрбиесі – қазақ халқының ежелден қалыптасқан үрдісі ғой. Осыған айрықша көңіл бөлсек екен. Мереке қарсаңында тілейтінім: басымыз аман, бауырымыз бүтін болсын. Ең бастысы, қыздарымыз намысты болсын. Айман МҰСАҚОЖАЕВА, Қазақстанның халық әртісі, Әйелдер ісі және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның мүшесі: – Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығына орай елімізде көптеген игі бастамалар қолға алынып отыр. Соның аясында бүгін Қазақстанның дамуы жолында әлеуметтік-экономикалық, қоғамдық-саяси, рухани-мәдени  тұрғыдан белсенді үлес қосып, мемлекетімізде әрі өзге елдер­де қызмет етіп жүрген отандас қыз-келіншектерді біріктіретін ел тарихындағы тұң­ғыш әйелдер съезі өтуде. Президент  жанын­дағы Әйелдер ісі және отбасылық-демо­графиялық саясат жөніндегі аталмыш комис­сияның соңғы 10 жыл ішіндегі тұрақты мүшесі ретінде мен бұл құрылымның көптеген игі бастамаларға қол жеткізіп отырғандығын айта аламын. Бұл бірінші кезекте мемлекет тарапынан қолдау тауып, алға қарай жылжуда. Бүгін біз ел тарихындағы тұңғыш өткізілген әйелдер съезін де өмірде туындаған, шешімін таппай жүрген өзекті мәселелерге жауап іздеп, соған орай шешім қабылдаймыз.  Съездің маңыздылығына келер бол­сақ, мұнда еліміздің барлық қалаларын қам­тыған делегаттар бар. Үкімет тарапынан әйелдер істеріне, отбасылық-демографиялық саясатқа жақсы қолдау көрсетілген. Себебі, ХХІ ғасыр талабына сай, әйел затын мемлекеттік қызмет пен бизнестің жоғары сатыларынан көптеп көріп жүрміз. Нұржамал ҮСЕНБАЕВА, Қазақстанның халық әртісі: – Әйелдер съезі – республикамыздың түрлі салаларында жұмыс істеп жүрген мамандық иелерінің басын қосып, мемлекеттік маңызды жобаларға жұмыл­дыруда орны айрықша. Мә­селен, бұл жиыннан саясаттың жоғарғы са­ты­сынан көрініп жүрген қызмет иелері мен ха­лықтың ардақты өнер адамдарын, сонымен қатар батыр аналарымыз бен өзге де әріптестерімді кездестіріп отырмын. Тәуелсіз еліміз тарихында алғаш өткізіліп отырған съезге қатысушы нәзік жандардың барлығы дерлік, бүгін өз алдына бір ғажайып бейне. Менің түсінігімде әрбір әйел – сұлу­лықтың, әсемдіктің, парасаттылықтың иесі іспеттес. Оларсыз әлемді сұлу деу орынсыз сияқты. Олар бар жерде көңіл-күй де жақсы, бәрі де жеткілікті екендігі әмбеге аян. Оған қоса, ызғарлы аяз аз да болса азайып, көктем мезгілінің келуіне орай, әйелдердің мерекесі жақындағаны да көңілге қуаныш ұялатады. Ал енді съезд жөнінде айтар болсам, Қазақстан әйелдерінің қоғамдағы орны барлық жағдайда, атап айтқанда кез келген ортада маңызы зор.  Елімізде әйелдердің құқы ерлермен тең жағдайда болуы еліміздің демократиялық қоғамға бет бұрып келе жатқандығының айқын дәлелі. Әрине, отбасы тұрғысынан қарағанда ер адам басты рөлді иемденеді. Ал әйел дегеніміз – ошақ иесі. Кез келген қоғам отбасыға байланысты. Отан отбасыдан басталады деген сөз де бекер айтылмаса керек.  Ал іскер немесе, біз сияқты шығармашылықтың адамы болуы үшін оған ең алдымен өзін әрдайым қолдайтын, сөзін жақтайтын жары болғаны абзал. Аллаға шүкір, бұл бақыт менде бар десем, артық айтпаған­ды­ғым болар. Одан өзге шығармашылықтың адамы ретінде Қазақстанда жүргізіліп отырған гендерлік саясатқа көңілім толады. Себебі, өзім соны сезініп те жүрмін. Сондықтан да шамам келгенше осы съезде көтерілген мәселелер жарты жолда қалмай, одан әрі даму жолында өз үлесімді қосуға аянбаймын. Любовь НИ, Алматыдағы корей мемлекеттік театрының директоры: – Әйелдер съезінің Қа­зақ­станда қолға алынып өт­кі­зілуі барша қазақстан­дық­тар үшін айтулы мереке. Оған жай, осылай болуға тиіс деп қарауға болмайды. Съезд арқылы еліміздің бар­лық әйелдері бір ғана мүдде туы астында жиналып, бірлігі беки түспек. Мұнда еліміздің барлық облыстары бойынша ең белсенді, өз жұмыстарына шын берілген іскер әйелдер келгенін көріп отырмыз. Жеке басым, осы форумға оң қабақ танытып отырған Үкіметке алғысым шексіз. Съезге Елбасының қатысуы жиынның ма­ңыз­ды­лығын арттыра түскендей. Мінбеден айтылған барлық мәселелерді терең қабылдауға тырысып, жақсы нәтижеге ұмтылу арқылы тиімді бағытта жұмыс жасаймыз деген ойдамын. Мұны бір десек, екіншіден, біз сияқты нәзік жандар үшін мем­лекет тарапынан жасалып жатқан мүмкін­дік­тер аз емес. Бұл форумға қатысқаныма шексіз қуаныштымын. Соның әсерінен де болар, көңіл-күйім  де керемет! Кез келген адам үшін, отбасы мен жұмысының жақсы болғандығы басты рөл атқаратыны баршаға мәлім. Осы жәйттерді ескере келе, барлық салада қатарластарымыздан көшілгері болатынымызға кәміл сенімдімін. Ләйла НАСЫРҚЫЗЫ, «Қайнар» (Семей)  университетінің ректоры,  профессор: – Еліміз өз алдына тәуелсіз ел болып, ұлан байтақ далада табиғаттың көктемгі жаңғыруы секілді ерекше әуен әуелегелі жиырма жылға жуық уақыт өтті деп жатырмыз. Осы уақыт елдің толық мемлекет болып қалыптасуы үшін аз ба, көп пе деп те кейде сананы сан түрлі ойлар мазалайды. Көп жасаған адамдар өзінің жүріп өткен жолын, сүрген ғұмырын ой елегінен өткізіп жатады, ал біз бүгін жас ел болсақ та бұрынғы ТМД елдері арасында өзінің астанасын қайта салған, экономикасы қарыштап дамыған, жастары шет елдің ең озық оқу орындарында білім алып жатқан мәртебелі елге қалай айналдық, қалай өстік, қиындықтарды қалай жеңдік деген сияқты кешегі күндер жаңғырығын жадымызда сақтай отырып, алға қадам басқан жұртпыз. Тәуелсіздік сарайына алғаш рет бас сұққан адамның кеудесін осындай мақтаныш сезімнің кернеп тұруы заңдылық. Сол секілді менің де жүрегім шаттықтан бұлқынып, алабұртады. Ардақты арулар жиналған ғимарат ішіндегі көңіл-күйдің өзі тау лебіндей сергітеді. Әйелдерін құрметтеп, төрінде осылай арқа-жарқа жиын өткізіп жатқан қай ел бар? Үлкенді-кішілі түрлі басқосулар өтіп жатқан шығар-ау, бірақ Тәуелсіздіктің 20 жылдығы қарсаңындағы съездің тарихтан алар орны бөлек болмақ. Осы аралықта небір саяси оқиғаларға куә болдық. Мемлекеттің кірпішін қолымызбен қаластық деген аталы жол қалмақ бізден. Мына өтіп жатқан съезд сондай іздің бірі. Өмірде, еңбекте өздерін көрсете білген әйелдердің басын елордада жинап, өсер ұрпақтың ертеңгі бағыт-бағдарын, аналар мен арулардың алдында тұрған асқаралы міндеттерді түгендеп алудың өзі болашағын ойлаған елдің ісі. Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында съезд өткізу мемлекеттің әйелге көрсетіп отырған құрметінің бір белгісі. Университетіміз туралы айтатын болсақ, «Қайнар» еліміздегі айтулы оқу ордасының бірі саналады. Жастарға білім беру саласында қызмет істейтін әріптестерімнің ел тәуелсіздігін нығайтуға сіңірген еңбектері ұшан-теңіз деп айтар едім. Білім шаңырағында қызмет істейтін оқытушылардың 70 пайызы әйел кісілер. Олардың арасында ғылым докторлары, кандидаттар бар. Гүлмира ҚАДЫРҚЫЗЫ, Тараз қаласы «Тамақ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры: – Ел астанасына аптыға жеткен көңіліміз Тәуелсіздік сарайының ішіне енгенде тіптен асқақтап, күннен-күнге зәулім үйлерімен еңсесі биіктей түскен елордадан ғаламат әсер алдық. Ал әйелдер съезіне делегат болып қатысудың мәртебесі өз алдына бөлек әңгіме. Мұнда өзіміз секілді нағыз қайнаған жұмыстың ортасында жүрген әріптестерім жиналған екен. Олармен жүздесіп, өзара пікір алмасудың өзі біраз жәйтке қанықтырған. Ел жүрегіндегі еңбек үрдісі ырғағынан талмай, зәулім үйлердің қатары жыл санап өсе түсіпті. Қараған жанның мерейін тасытатын рухани ошақтар көбейіпті. Съезд шалғайдағы әйелдердің осындай оң қадамдарды өз көздерімен көріп қайтуына мүмкіндік туғызып берді. Ал енді тікелей «Тамақ» компаниясының айналысатын жұмысы туралы айтатын болсам, халықты күнделікті азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырмыз. Әр қазақтың қазанын бүлкілдеткен жаймалар біздікі болуы ғажап емес. Өйткені, біздің өніміміз республиканың барлық аймағына жетіп жатыр. Ол аз десеңіз, Германия, Италия, Испания, Ресей, Қырғызстан мен Өзбекстанға дейін экспортқа шығарудамыз. Құрылғанымызға бар-жоғы сегіз-ақ жыл. Осы аралықта біздің қолымыздан шыққан ұлттық дәстүрлі тамаққа салынатын «Арзу» жаймасы кең жайылып үлгерді. Елдегі жайма әзірлейтін әріптестердің алдында біз көшбасшы болып келеміз. Бүгінгі таңда мұнда 300 адам жұмыс істейді. Осының 90 пайызы әйелдер. 2015 жылы шығарылатын өнімді тағы да 70 пайызға дейін көтереміз деп алға биік мақсат қойып отырмыз.