05 Қараша, 2016

Еліміз қуатты, жеріміз шуақты

496 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
100-824Ырысын ынтымақтан іздеген еліміз бірліктің нәтижесін Жетісу жерінде ел Тәуелсіздігінің 25 жылдығына арналған Қазақстан халқы Ассамблеясы қоғамдық келісім кеңестерінің республикалық форумында тағы бір мәрте көрсетті. Нақтылай түссек, Алматы облыстық Достық үйінде Қазақстан халқы Ассамблеясы Төрағасының орынбасары – Хатшылық меңгерушісі Ералы Тоғжановтың төрағалығымен Қоғамдық келісім кеңестерінің өңірлік қызмет аспектілері: тәжірибе, әдістеме тақырыбында дөңгелек үстел отырысы өтті. Іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаттары Бақытбек Смағұл мен Юрий Тимошенко, ҚХА мен өңірлік қоғамдық келісім кеңестерінің мүшелері, мемлекеттік мекемелер, этномәдени бірлестіктер өкілдері қатысты. Сондай-ақ, «Достық үйі қоғамдық келісім» орталығына түрлі ұлт өкіл­дері, этномәдени бірлестік өнерпаздары жиналып, күм­бір­леген күй дауысымен шаңырақты шаттыққа толтырды. Жиналғандар Жетісу жеріндегі облыстық Ассамблеяның маңызы ерекше екенін тағы бір айқындап берді. Ақ кимешекті әжелеріміз ел игілігі үшін тыныштық пен татулық жолында тер төгіп жүрген қонақтарды шашу шашып қарсы алды. Шара қонақтары алдымен әр облыстың, ауданның қоғамдық келісім кеңестері атқарған жұмыстардың көрмесімен танысты. Сондай-ақ, үшінші қабатқа қойылған көздің жауын алар фотогалереяны тамашалап, этнобірлестіктердің кабинетін аралап шықты. Елде татулық пен келісімді мемлекеттік реформаларды іске асыратын тиімді тетік ретінде әрі қарай нығайту және дамытуды мақсат еткен дөңгелек үстелді Ералы Тоғжанов жүргізіп отырды. Жиында алғашқы болып сөз алған Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары – хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай былай деді: «Жеріне құт дарыған Жетісуда 2 млн-ға жуық халық болса, оның ішінде 105 этнос өкілі бар. Міне, бүгінгі таңда солардан құралған 70-тен астам этномәдени бірлестік жұмыс жасауда. Өңіріміздегі қоғамдық кеңестердің қызметі де көңіл қуантады. Мен осы сәтті пайдаланып, татулықты тірек етіп, тыныштықты тілек етіп, әр ауданнан келіп отырған қоғамдық кеңес мүшелеріне алғысымды білдіргім келеді». Келесі  кезекте сахнаға көтерілген өзге облыс қонақтары да жеріміздің шуақты, еліміздің қуатты екенін айтты. Ал шараны қорытындылаған Ералы Тоғжанов облысымызда ауыз толтырып айтарлықтай мақтаныштардың көптігін жеткізіп, жемісті де жеңісті Жетісу жұртшылығына сәттілік тіледі. Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан» ТАЛДЫҚОРҒАН