10 Наурыз, 2011

Қазақстан – үздік сегіздікте

387 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
Өткен жұма, 4 наурызда үлкен теннистен атақты Дэвис Кубогының мерейтойлық жүзінші бәсекесі басталған болатын. Осы жолы беделді турнирге Қазақстан құрамасы да қатысты. 1/8 финалдың ойындары Чехия құрамасымен осы елдің Острава қаласында өтті. Чехия әлемдегі аса күшті құрамалардың бірінен саналады. Оның мүшелері 2009 жылы финалдық кездесу өткізсе, былтыр жартылай финалға дейін жеткен болатын. Бүгінде әлемдік рейтингте үшінші орында тұр. Жалпы, теннистен әлемдегі аса беделді командалық турнир – Дэвис Кубогы Еуропа мен Оңтүстік Американың сегіз қаласында болып өтті. Тур­нир­дің дебютанттары – Қазақстан құрамасы, жоғарыда айтып кеткеніміздей, Остравада Чехия құрамасымен сынға түсті. Бір атап өтерлігі – үш жеңіске дейін­гі бәсекелерден тұратын тур­нирге Чехияның екінші ракеткасы Радек Штепанек қа­тыса алмады. Өйткені, ол тұмау тиіп ауырғаннан кейін ден­сау­лы­ғын қалпына келтіріп үл­гермеді. Есесіне танымал теннисші, Чехияның бірінші ракеткасы Томаш Бердых өзі үшін де, басқа үшін де жанталаса қимылдауға мәжбүр болды. Р.Штепанек болмағандық­тан, екінші нөмірге Ян Хайек шықты. Жұптасып өнер көр­сетуде қазақ­стандық Евгений Королев пен Юрий Щукинге қарсы тәжірибелі Лукаш Длухи мен 17 жасар талантты теннисші, жасөспірім­дер арасындағы Австралияның ашық бірін­ші­лі­гінің чемпионы Иржи Веселы шығуы тиіс еді...   Бірінші күні Қазақ­станның бірінші ракеткасы Андрей Голубев Ян Хайекке қарсы ойнады. Бес сетке созылған жекпе-жекте қазақ­стандықтың мерейі үстем болды. Сөй­тіп, алғашқы жеңіс Қазақстан құра­ма­сы­н алға шығарды. Екінші кезекте Қа­зақстанның екінші ракеткасы Михаил Кукушкин әлемнің жетінші ракет­ка­сы Томаш Бердыхқа қарсы ойнады. Бұл бәсеке де өте тар­тыс­т­ы өтті. Нәти­же­сінде Чехия құра­ма­сы есепті теңес­тіру­ге мүмкіндік алды. Келесі күні кортқа жұптасып өнер көрсетушілер шықты. Алғашқы екі ойынның нәтижесі бойынша есеп тең болғандықтан, Чехия құрамасының ка­пи­таны кортқа жас дарын – Иржи Веселыды шығаруға тәуекелі жетпеді. Сөйтіп, Лукаш Длухимен жұптасып Томаш Бердых ойнады. Тартысты өт­кен бұл бәсекеде 3:1 есебімен чехтар жеңіске жетті. Жекпе-жектердің үшінші күні, яғни 7 наурызда ойын тағдыры шешілуі тиіс  болатын. Ширек финалға шығу үшін Чехия құрамасына бір жеңіс жеткілікті еді. Бірақ әлемнің 43-ші ракеткасы Андрей Голубев Чехияның чемпионы, әлемнің 7-ші ракеткасы Томаш Бердыхқа қарсы ойында жеңіске деген жігерлілік танытты. Сөйтіп, есеп теңесті – 2:2. Енді Михаил Кукушкиннің иығына үлкен жауапкершілік жүктелді. Лукаш Длухимен кездесуде қай тарап жеңіске жетсе, сол бәсекелердің келесі кезеңіне өтетін. М.Кукушкин әлемнің 63-ші ра­кет­касы. Қарсыласы болса, 101-ші орын­­да. Бір қарағанда, қазақстан­дық­тың мы­сы басым секілді. Ал А.Голу­бев­тің өзі­нен тәжірибесі де, беделі де, шеберлігі де әлдеқайда жоғары Т.Бер­дых­ты тізе бүк­тіргенін ескерсек, ойын нәти­жесін ал­дын ала болжау қиын болғаны түсі­нікті. Бірақ, жоғарыда атап көрсет­кені­міздей, жеңіске деген жігер тәжі­рибе мен шеберлікті еңсеріп кеткені мәлім. Сонымен, М.Кукушкин мен Л.Длухи арасындағы бәсеке де күткендегідей аса тартысты өтті. Төрт сет бойынша жеңім­паз анықталмады. Ал шешуші бесінші сет­те қазақстандық үлкен төзімділік та­нытты. Нәтижесінде 6:0 есебімен айқын жеңді. Қазақстан Теннис федерациясы Чехияда оқитын студенттер мен Германия сияқты көрші елдерден жан­күйер­лер ұйым­дас­тырған болатын. Олардың және ресми деле­га­циямыздың қуаны­шы­нда шек бол­ған жоқ. Көк байра­ғымызды жеңіске жеткен тенни­сшіл­ері­міз­дің желбірете жү­гіруі мерейімізді өсірді. Жалпы, Қазақстан құрамасының бұ­ған дейін Дэвис Кубогында өнер көр­сетпегенін ескерсек, еліміз үшін әлем­нің үздік сегіз құрамасының қа­тарына кіруі, сөз жоқ, үлкен табыс. Мә­селен, 1/8 кездесулерінде кейбір танымал құрамалар жарысты жалғас­тыру мүм­кін­діктерінен айырылып қалды. Солар­дың қатарында швед теннисшілеріне жол берген Ресей құра­масы да бар. Енді 1/4 финалда Қазақстан құрамасы Аргентина құрамасымен шеберлік сына­сатын болады. Кездесулердің Аргентинада немесе Қазақстанда өтетінін Бүкіл­әлемдік теннис федерациясы шешеді. Бұл айтулы жекпе-жектер Астанада өте­тін болып шешілсе, жанкүйерлік таны­та­тын қазақстандықтар қатары көп бола­тыны күмәнсіз. «Егемен-ақпарат».