Қалай десек те, қазақ кинематографиясында ілгерілеу бар. Кино жанрларының ішінде деректі фильмдер түсіруде кенжелеп жүргеніміз де жиі айтылатын. Алайда, бұл жоқтың орны да толып келеді. Оның айғағы –Орталық Азияда алғаш рет ұйымдастырылған «Қазақстанның жаңа деректі фильмдері» фестивалі. Соңғы жылдары көп жанрлы киноленталар ғана түсіріліп қоймай, жыл сайын мәдениет, ғылым саласын қамтитын 40-қа жуық деректі фильмдер де өмірге келіп жатқаны белгілі. Осылайша Алматыда Шәкен Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудиясы ұйымдастырған, ел Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған деректі фильмдер фестивалі сәтті аяқталды. Аталмыш фестиваль режиссер Қазбек Әміржановтың «Өмір – дастан» атты туындысымен тәмамдалды.
«Өмір – дастан» Қазақстанның халық артисі, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, тағылымды актер Сәбит Оразбаевтың өмір жолына арналған.
Алдымен 1-7 наурыз аралығында «Цезарь» кинотеатрында өткен фестивальдің әрбір деректі фильмінің қаһарманы – елге танымал, халыққа қалтқысыз қызмет еткен аяулы жандар екенін айта кетуге болады. Олар: «Қорқыт – күй тарихы», «Мұхтар Әуезов», «Нұрмұхан Жантөрин», «Әбіш Кекілбаевтың әлемі», «Төрегелді Шарманов», «Өмір – дастан», «Бибігүл Төлегенова» туындылары.
– Өнерімен елге танылған адамдар жайлы талай деректі туындылар жасасақ та, кейін оның біразын таппай қалдық. Егемен ел болған кезімізде жасалынып жатқан осы шараларға ризамын! Басында фильмге түсуге түрлі себептерге байланысты аса ықыласты болмап едім. Кейін түсіру тобы да, театр ұжымы да қуаттап, бұл істің қажеттігін айтып түсіндіргеннен кейін көндім. Мұнда менің жас кезім, жүріп өткен жолым, туған жерім, қара шаңырағым – Әуезов театры, өнердегі әріптестерім, яғни өмір белестерім бар. Тәп-тәуір дүние туды, – дейді тұлғалы актер.
Ақиқатында қарап отырсақ, соңғы уақытта талай танымал талант иелерінен көз жазып қалған екенбіз. Тек бірер айдың көлемінде Хадиша Бөкеева, Роза Бағланова, Қадыр Мырзалиев, Әзілхан Нұршайықов сынды майталмандарымыздан айырылдық. Дәл осындай дара тұлғалар жайлы басы-аяғы бүтін, тұщымды деректі туындылар жеткілікті деп айтуға әсте болмас.
Сондықтан да «Қазақфильм» киностудиясының қазіргі жетекшісі Ермек Аманшаев деректі фильмдер түсіру мәселесіне ден қойып отырса, оның да өз аманаты, жауапкершілігі, қала берді халқымыз үшін де, халыққа қызмет еткендер үшін де сауабы бар.
«Өмір – дастанда» сөз алған жандардың ойын қорытқанда, даралықты мойындап, даналыққа жүгіну – ауызбіршілігіміз бен алға жылжуымыздың, ұлт болып ұйысуымыздың кепілі екен.
Жалпы алғанда, Сәбит Оразбаев жайлы деректі фильмнің өн бойында көп актерлерде кездесе бермейтін ішкі интеллект, табиғи тектілік ерекше байқалады. Сәбеңді білемін дейтіндер алдымен актердің ішкі мәдениетіне тәнті болып, болмыс-бітімі қарапайым бола тұрып та ешкімді қайталамайтын таланты туралы айтады. Кинолентада ауылдан жусан иісі еріп шыққан бозбала шағы бейнелі түрде беріліп, түсіру тобы оның туған жеріне саяхат шегеді. Ағайын-туғанның ортасынан үлкен өнерге, театр өнеріне қайта оралады.
Сонау Оңтүстік Қазақстан облысының шалғайындағы ауылдан шығып, өнердің шаужайына жармасқан бұйра шашты, көркем жігіт болмысының да бөлектігімен өз биігіне қалай көтерілгені ретімен баяндалады. Десек те, деректі дүниені бізге суреттеп шығу міндет емес. Өйткені, «Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» АҚ президенті Ермек Аманшаев Орталық Азияда тұңғыш рет ұйымдастырылған фестиваль аясында көрсетілген және тәуелсіздік тұсында түсірілген деректі фильмдер алдағы уақытта отандық телеарналар арқылы көрермендерге жол тартатынын айтып отыр.
Фильм аяқталғаннан кейін деңгейі биік, талғампаз бірқатар көрермендердің пікірі төмендегідей болды.
Дулат ИСАБЕКОВ, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, жазушы-драматург:
– Қалың көрермен Сәбит Оразбаевтың сахнадағы, кинодағы сом бейнелері туралы білгенімен, ішкі болмысы мен жеке өмірі жайлы біле бермейді. Сондықтан бұл деректі фильм актердің өмірбаяны жөнінде мол мағлұмат береді. Авторлық мәтіндер актердің сан қырын аша білген. Кейбір қайталаулардың болғанына қарамастан, бұл туынды актердің өмір жолы туралы мәліметтерге өте бай. Тіпті, көркем фильм көргендей әсерленіп те отырдық. Мұрағаттардан алынған спектакльдердің үзінділері де жақсы пайдаланылған.
Ерлан БІЛӘЛ, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, актер:
– Осы деректі фильммен Сәбит Оразбаевтың өнердегі ауқымын, биіктігін, болмысын толық ашып көрсете алдық деуге болмайды. Бір деректі фильммен Оразбаевтың әлемі шектелмейді. Ол кісінің әншілігін, театрдағы рөлдерін, ізденімпаздығын, ісмерлігін жеке-жеке алып та бөлек-бөлек туындылар жасай беруге болады. Сондықтан бүгінгі деректі дүниені үлкен жұмыстардың басы ғана деп есептеймін.
Сергей ӘЗІМОВ, «Танарис» кинокомпаниясының директоры, режиссер:
– Меніңше, деректі туындының негізгі мақсаты – қай саладағы болмасын ірі тұлғаларды түсіріп, олардың ісін мәңгілік ету, кейінгілерге мұраға қалдыру. Сол себептен, әрине, бүгін тамашалаған фильмнің өмірде өз орны бар. Мен кинематография саласында, оның ішінде деректі дүниелер жасауда 30 жылдан астам жұмыс істеп келемін. Кейде ұлы тұлғалар, өнер қайраткерлері, әдебиет майталмандары жайлы материалдар жинастырғанда ресми жиналыстар, мерейтойлар мен марапат сәттері пайдаланылып жатады. Ал «Өмір – дастанда» Сәбит Оразбаевтың ойлары, еңбегі, өмір жолы, шығармашылығы ашып көрсетілген. Мол әсер алдым. Бұл оны жасаушы топтың деректі фильмнің құндылығы Сәбит Оразбаев секілді тұлғаның жан дүниесін ашуға ұмтылғаны.
Айнаш ЕСАЛИ, Алматы.