Инвестициялар және Даму министрлігі жариялаған қазақ жеріндегі өзгерген темір жол бекеттерінің атауы туралы жаңалықты естіп, қатты қуандық. Алайда, Қостанай облысында орналасқан Жітіқара темір жол бекетінің жаңадан берілетін атауы немесе транскрипциясы Жетіқара деп көрсетіліпті. Біздің ойымызша, бұл өрескел қате. Өйткені, сол хабарламада бекеттің орналасқан жері Қостанай облысының Жітіқара ауданы деп атап көрсетілген. Бір ауданда Жетіқара және Жітіқара деген екі түрлі атау болмайды ғой.
Жітіқара қаласының атауы біраз уақыт Жетіқара деп жазылып келгені рас. Жітіқара орыс тілінен қазақшаға көшкен атау емес, керісінше, алдына «Д» әрпін қойып, бұрмаланып жазылған атау болды. Содан орысша Джетыгара болып айтылған сөз қайтадан «шала қазақшаланып», Жетіқара болып бұрмаланған болатын. Қазіргі уақытта тарихи әділет қалпына келтірілді.
Орыс патшасының өкілі Тевкелевтің 1748 жылы жазылған құжаттарында: «Абулгаир-хан кочует ныне от Орска на вершине Камышлак-реки на двуденную езду, а Джанебек-тархан – по реке Тоболу у называемой горы Джитыкара езды на три дня» («История Казахстана в русских источниках ХVІ-ХХ веков», том 3,152 бет) – деген деректер бар. Осы орыс тіліндегі тау атының жазылуынан да, оның атауы Жетіқара емес, Жітіқара болғаны көрініп тұр.
Кейінгі уақытта жарық көрген барлық энциклопедиялық анықтамалықтар мен кітаптарда, Уикипедияда Жітіқара – Қостанай облысының Жітіқара ауданындағы қала, аудан орталығы деп атап көрсетілген. Қостанай облысының Жетiқара қаласы мен Жетiқара ауданы атауларының транскрипциясын өзгерту туралы және Жiтiқара қаласын аудандық маңызы бар қалалар санатына жатқызу туралы Қазақстан Республикасы Президентiнiң Жарлығына назар аударайық. Онда «1997 жылғы 30 сәуiрдегi №3475 «Қазақстан Республикасының әкiмшiлiк-аумақтық құрылысы туралы» Қазақстан Республикасының 1993 жылғы 8 желтоқсандағы заңының 9-бабына сәйкес қаулы етемiн:
- Атаулардың транскрипциясы: Қостанай облысының Жетiқара қаласы мен Жiтiқара қаласы; Қостанай облысының Жетiқара ауданы Жiтiқара ауданы болып өзгертiлсiн.
- Қостанай облысының Жiтiқара қаласы Қостанай облысының Жiтiқара ауданының құрамына енгiзiлiп, аудандық маңызы бар қалалар санатына жатқызылсын», деп тайға таңба басқандай жазылған.
Олай болса, кеткен қателікті тез арада өзгерткен жөн.
Ақылбек ШАЯХМЕТ,
Ахмет Байтұрсынов атындағы ҚМУ профессоры, жазушы
ҚОСТАНАЙ