Бүгін Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев Жапонияға ресми сапары барысында «Токай» университетінде болып, сөз сөйледі. «Токай» білім жүйесінің негізін 1942 жылы ғалым-ойлап табушы және қоғам қайраткері С. Мацумаэ қалады. Ол сол кезде Жапония Байланыс министрлігінің техникалық бюросын басқарған, байланыс жөніндегі Үкімет кеңесіне жетекшілік еткен, сондай-ақ, сан мәрте Жапония Парламентінің депутаты болып сайланған. Бұл университет Авиациялық ғылымдар колледжінің базасы негізінде ашылған. Қазіргі таңда ол - Жапониядағы ірі көпбейінді жоғары оқу орындарының бірі. 2017 жылы университет өзінің құрылғанының 75 жылдық мерейтойын кең көлемде атап өтпек.
«Токай» «Шығыс теңізі» деп аударылады. Бұл атау арқылы жоғары оқу орнының негізін қалаушылар университет студенттері асқан парасатымен, білім-білігімен, терең дүниетанымымен және мықты күш-жігерімен ерекшеленіп, сол арқылы өздерін әлемдегі «білімнің телегей теңізі» етіп көрсетеді деп үміттенген.
Университетті басқару атқарушы тұлғалармен жүзеге асырылады, олардың құрамында жоғары оқу орны президенті, оның орынбасарлары, ректорлары, сонымен қатар, 10 мүшеден тұратын арнайы кеңесі бар.
«Токай университеті» тиімді үздіксіз білім жүйесімен танымал. Ол 4 бала-бақшаны, 22 жалпы білім беру мектебін, 2 колледжді біріктіреді. Токио мен оның Канагава, Сизуока, Хоккайдо, Кумамото секілді аймақтарында 8 университет кампусының тетігі іске қосылған, оларда бакалавриаттың 77, магистратура мен докторантураның 34 бағыттары бойынша 30 мыңға тарта студент білім алады. Олардың 738-і шетелдік. Университет Жапонияда инженерлік, физика, химия, ақапараттық технологиялар, медицина, робот техникасы, нанотехнология, экология, энергетика секілді білім салалары бойынша жоғары ұстанымға ие.
«Токай» университеті аясында іргелі зерттеулер саласы бойынша зертханалар жұмыс істейді. Мәселен, жоғары оқу орнының құрастыру бюросында студенттер бірқатар жапон компанияларымен бірлесіп, күн энергиясынан қуат алатын Tokai Challenger электромобилі ойлап тапты. Бұл электромобиль 2009,2011 жылдары Австралиядағы World Solar Challenge және 2010 жылы Оңтүстік Африкадағы Sasol Solar Challenge әлемдік турнирлер жарыстарында үздік деп танылған. Университетте мықты спорттық дәстүр қалыптасқан. Мәселен, ондабар заманауи денешынықтыру орталықтары бар. Жоғары оқу орнында Жапонияда кеңінен танылған спортшылар оқиды. 2016 жылы Рио-де Жанейродағы Жазғы Олимпиада ойындарында осы университеттің студенттері мен түлектері дзюдодан 3 алтын және 2 қол медальді еншілеген.
Шетелде де бұл жоғары оқу орнының өз өкілдіктері бар: олар Тынықмұхит орталығы және Гавайядағы Халықаралық колледж (АҚШ), Копенгагендегі Еуропалық орталық (Дания), Венадағы Мацумаэ Будо-орталық (Австрия), Ханянг университетіндегі Сеул офисі (Южная Корея), Бангкоктегі Азиялық офис (Таиланд).
Ләйла ЕДІЛҚЫЗЫ,
«Егемен Қазақстан».