...кеденшілер имиджі туралы кеңесті
Кеденшілер имиджін қалыптастыру оңай емес. Әсіресе, Кеден одағы құрылғалы бері тіптен кеденшілер жауапкершілігі жеңілдеген жоқ. Олардың жұмысын бұқаралық ақпарат құралдарында қалай насихаттаған жөн? Міне, осы мәселелер жөнінде ел кеденшілері кеше Атырауда бас қосып, республикалық семинарда өзара пікір алмасты. Семинарда сөз алған Кедендік бақылау комитетінің ресми өкілі Ержан Байтана кеден органдарында құрылымдық өзгерістер болатыны жоспарланғанын мәлім етті.
Семинарда кеденші имиджі туралы пікір білдірушілер аз болмады. «Хабар» агенттігі «Бетпе-бет» бағдарламасының жүргізушісі Б.Уәлидің пікірінше, кез келген мекеме жұртшылық арасында жақсы пікір қалыптастыру үшін БАҚ-пен тығыз байланыс орнағаны жөн. Ал 7-арнадағы «Нысана» бағдарламасын жүргізуші М.Николаев алдымен мемлекеттік тілде, қажетінше үш тілде ақпарат ұсынылғанын қалайды. Бұрынғыдай тек ресми тілде ұсынылған ақпаратты қазақшаға журналистердің өздері аударып алады делінетін үстірт ойдан арылу қажеттігін де ортаға тастады.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.
...дәстүр туралы лекция басталды
Ы.Алтынсариннің Қостанай қаласындағы мемориалдық музейі қызметкерлері орыс мектептерінде Наурызды, халқымыздың салт-дәстүрлерін таныстыратын лекциялар оқуды бастады. Мұражай қызметкерлері өздері жасаған «Аңызбен жеткен әз Наурыз» атты бейнелекцияда Наурыз мерекесі, келін түсіру, қыз ұзату, сүндет, мүшелтой сияқты халықтың тұмыстағы дәстүрі мен түрлі салттары туралы айтылады.
Мұндай лекцияны мәдени ошақ ұжымы биыл бірінші рет бастап отыр. Олар жас ұрпақты қазақ халқының дәстүрімен жақынырақ таныстыруды мақсат етіп қойды. Сонымен қатар, мектептерде «Ауызша журнал» лекциясы да өтеді. Лекция барысында оқушыларға халқымыздың тұрмыс-салтына байланысты өткен ғасырлардан жеткен жәдігерлер де көрсетіледі.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, Қостанай.
...зағиптар үшін мәдени кеш өтті
Қазақстанда көзі көрмейтін және әлсіз көретін жандар тағдыр тәлкегін жеке өзі көтермейді. Асқар таудай Отаны, қасында жүрген азаматтардың қиын тағдырына қанатымен су сепкен қарлығаштай көмектесуге даяр тұратын жаны ізгі адамдар көп. Зағип кісілердің ең үлкен жұбанышы – кітап. Шымкентте осындай азаматтарға арналған облыстық мамандандырылған кітапхана бар. Кеше еліміз Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналып осы кітапханада “Еселенсін еңбегің елің үшін” атты мәдени кеш өтті.
Жиында бұрынғы теміржолшы Асылбек Бектұрсынов, ардагер ұстаздар Мәдет Тұяқбаева мен Халима Күлетова көпшілікке өз өмірлеріндегі елеулі оқиғаларды әңгімелеп берді. Ел Тәуелсіздігіне байланысты пайымдауларын ортаға салып, жарқын өмір туралы ойларымен бөлісті.
Бақтияр ТАЙЖАН, Шымкент.