10 Наурыз, 2011

Ауылға көңіл айрықша

396 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін

Жасампаздық жолбасшысы

«Болашақтың іргесін бір­ге қалаймыз» атты биыл­ғы Жолдаудағы менің көңіліме қонған мәселелердің бірі – ауыл ша­руашылығын дамы­ту ба­ғытындағы бастамалар. Әсі­ре­се, ауыл шаруашылы­ғын­­да­ғы еңбек өнімділігі 2014 жылға қарай екі есе, ал 2020 жылға қарай төрт есе өсетін болып отыр. Қазақ «Малым жанымның садаға­сы, жаным арымның садағасы» деген. Бұрын халқымыздың бар­лық тіршілігі малмен тікелей байла­нысты болғаны анық. Жалпы, мал өсіру – қиын­дығы мол жұмыс. Жақсы өнім алуың үшін малға жазда құнар­лы жайылым мен таза су қажет болса, қыста жайлы орын, жеткілікті жем-шөп керек. Бүгінгі заманғы технологияны пайдала­нып, мал бордақылау кешенін сал­ғанымыз жөн. Ветеринар­лық-санитарлық жай-күйі та­лап­­тарға сәйкес болуы тиіс. Ба­ғудағы барлық мал көптеген қа­терлі ауруларға қарсы егіліп тұ­руы керек. Өйткені, мал өсіру­шіге үл­кен жауапкершілік жүктеледі. Малды өсірумен қатар, сапа­лы ет өнімін алу үшін өндіріс орындары қажет. 2014 жылға дейінгі межеге қол жеткізу үшін әр өңірде жаңа заманауи технологиямен қамтамасыз етілген, электр қуатын аз жұмсайтын ша­ғын ет комбинаттары салы­нуы керек. Оның әр түрлі то­ңа­зыт­қыштары болуы тиіс. Өйт­кені, ет өнімдерін тоңазытқан күйде жібере ме, әлде қатты мұздатылған күйінде жіберу керек пе, осы жағы да ескеріледі. Малды өсіру бір бөлек, оның өнімін өңдеу және бөлек шаруа. Өзім Көкшетау, кейін Жамбыл ет комбинаттарында директор болып істегендіктен, таза өнімді сақтау мен тұтынушыларға жі­беру­дің де біраз жұмыстары бар екенін білемін. Қазір әлем бойынша қалдықсыз өнім өн­ді­руге баса көңіл бөлінуде. Мал­дың ішек-қарыны, мүйізі мен терісі, жүні, сүйегі – бәрі-бәрі пайдаға асырылуы керек. Мал­дың кейбір мүшелерін фармацевтика саласына пайдалана­ты­ны белгілі. Ал тері бұйымдарын дұрыс өңдей білсек, қаншама қымбат бағалы киімдер шыға­руы­мызға болады. Кеңес Одағы кезінде Өзбек­стан, Тәжікстан, Түркімен­стан­ға бір ет ком­бинаты 10 мың тоннаға дейін қойдың етін беріп тұр­ды. Сол кездегі мүм­кін­дігі­міз­ді қайта қал­пы­на келтіруімізге болады. Ал қой­ды қай­­­­­дан ала­мыз десек, әуелі өзі­мізде тиімді жолмен да­мы­­туы­мыз керек. Баяғы заман­дағы­­дай «50 мил­лионға жеткіземіз!» деп ұран­дамай, сапалы өнім беретін, жергілікті табиғат­қа бейімделген қойларды өсірсек, одан да көп пайда тауып, ел эко­номикасына үлес қосуға болады. Кеңес Одағы тұсында Моң­ғолиядан мал алдыртып, Семей ет комбинатында соятын еді. Өткен жылы Моңғолияға барған сапарымда көп жәйтке қанық болдым. Біз де Моңғолиядан лизинг тәсілі бойынша қой алдыр­сақ, бағатын жайылымдар бар. Шаруа қожалықтарына он, жиыр­ма, тіпті отыз мың қойға дейін беруге болады. Алған қарызды қайтаратын мүмкіндігі болады. Өйткені, әкелген қойлар бір-екі жылда өзін ақтайды. Бабын тау­ып баға білсе, төлдеп, тез кө­бейеді. Қой өсіріп жатқан ауданда шағын мал соятын, етін өң­дейтін өндіріс орнын салу қажет. Таза өнімін Орталық Азиядағы мемлекеттерге экспортқа шыға­руымызға болады. Жолдауда денсаулық сақтау са­ласына баса көңіл бөлудің ар­қа­сында қол жеткізілетін табыс­тар туралы да айтылған. Заманауи құрал-жабдықтармен қамтыл­ған көптеген ауруханалар мен емханалар салынатын болды. Ауыл тұрғындарының уақтылы меди­циналық тексеруге және емделуге қолжетімді болуына баса назар аударылатыны айтылды. Барлық медициналық құрылғымен жаб­дық­талған көліктер алыс-алыс ауылдарға барып, тұрғындарға қызмет көрсетуі жолға қойылаты­ны бәрімізді де қуантып отыр. Халықтың жағдайы жақсаруы елімізде шағын және орта кәсіп­кер­ліктің дамуына тікелей бай­ланысты. Бүгінгі таңда ұлттық дәулетіміздің үштен бір бөлігі шағын және орта бизнестен құра­латыны белгілі. Бұл сала қазір бір жүйеге келді, салық төлеу мәсе­лелесі де реттелді. Дегенмен, осы жетістігімізбен тоқталып қал­мауы­мыз керек. Жолдауда айтыл­ғандай, 2020 жылға қарай ішкі жалпы өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесі 40 пайызды құрауы тиіс болады. Индустриялық-инновация­лық даму бағдарламасына сәй­кес 152 кәсіпорын іске қосыл­ды. Соның нәтижесінде 24 мыңға жуық Қазақстан азаматы тұрақты жұмыспен қамтамасыз етілді. Бүкіл ел бойынша бар­лығы 800-ге жуық әртүрлі өнді­ріс орны құрылды. 2014 жылға дейін жалпы құны 8,1 трлн. теңгені құрайтын 294 инвес­ти­циялық жобаны жүзеге асыру жоспарланып отыр. Бұл елді дамытудағы аса ауқымды жұ­мыс болмақ. Осы 300-ге жуық жоба жүзеге асқанда, 161 мың тұрақты жұмыс орны және 207 мың құрылыс уақытына есеп-телген жұмыс орны құрылаты­ны жоспарланған. Адамның дені сау болуы ішкен суы мен тамағы, жұтқан таза ауасына тікелей байланысты. Елді мекендерді таза сумен қамту, ескірген құбырларды жа­ңарту бағытында көптеген жұ­мыстар жасалатын болды. Бар­лық өңірге де арнайы қаржы бөлінді. Бір-екі жылдың ішінде осы жұмыстарды толық аяқ­тауы­мыз керек. Және де сапалы орындалуы халық тарапынан да, «Нұр Отан» партиясы тара­пынан да қатаң бақылауға алынуы керек деп ойлаймын. Келешекте әлем бойынша судың бағасы бірнеше есеге арта түседі. Бүгінгі таңда оңтүстік өңірдегі бірқатар облыстары­мыз Қырғыз Республикасынан су алып отыр. Көрші ел су берсе, жеміс-жидек, көкөністеріміз өсе­ді, бермесе бәрі қурап қа­лады. Қырғыздар жаз айларын­да өзде­ріне де суға тапшылық болған соң, бізге жібермей қоя­ды. Сондай кездері қызылша көкөнісінің күйіп кеткен оқиға­лары болды. Уақыт өте келе олар судың бағасын қымбат­тата­тын болады. Сондықтан күзде, көктемде ағып жатқан кезде суды өзімізге жинап алып, жазда үнемдеп пайдала­нуы­мыз қажет. Су қорын сақтай­тын бөгеттер мен тоғандар са­луы­­мыз қажет. Сөйтіп, Қазақстан суға тәуелділіктен шығады. Міне, ел алдында асқаралы асулар бар. Жолдауда айқын­дал­ған міндеттерді орындау әрбір Қазақстан азаматының парызы деп білемін. Осы мақ­сатта бірлесе жұмыс атқарып, ұйымдаса білсек, тәуелсіз мемлекетіміз үлкен жетістіктерге қол жеткізетініне кәміл сенемін. Аманкелді МОМЫШЕВ, Парламент Мәжілісінің депутаты.