Президенттікке кандидат Мэлс Елеусізов алматылықтармен кездесті
Президенттіктен үміткер М.Х.Елеусізов Алматы қаласындағы Пушкин атындағы №4 гимназияда оқыған. Жақында ол өзі балалықтың қызықты дәурені өткен білім ордасында алматылықтармен кездесу өткізді.
Мэлс Хамзаұлы патриоттық тәрбиенің іргетасы мектеп қабырғасында жүргенде қалануы тиіс деп есептейді. Дәл осы кезде оқушының өмірге көзқарасы, мінезі, басқа да бүкіл қасиет-қалыбы қалыптасады. Сондықтан ол өзінің сайлауалды тұғырнамасында білім беру саласына айтарлықтай көңіл бөліп отыр. Президенттіктен үміткер орта білім алу тегін күйінде қалуы тиіс, ал жоғары білім ішінара ақылы болғаны жөн деп санайды. Бірақ, дейді ол, бюджеттік білім беру бағдарламасы айтарлықтай көлемде сақталуы қажет.
– Мен батыстық білім беру моделін түпкілікті көшіріп алу перспективасына сенбеймін, – деді «Табиғат» экологиялық одағының төрағасы. – Қазіргі қолданыстағы білім беру үлгісінде жақсы тұстар да аз емес. Ал аталған саладағы сапаны жақсарту үшін осы жауапты қызметте жүргендердің еңбекақысын біршама көтеру керек. Бастауыш мектеп мұғалімдерінен бастап, жоғары оқу орындарының оқытушыларына дейін.
Барлығының да сапалы білімнен басталатыны күмәнсіз, деп сабақтады сөзін М.Елеусізов. Мұны шикізат ресурстары жоқ, есесіне жоғары технологиялар енгізілген мемлекеттер дәлелдеп беріп отыр. Оның айтуынша, соңғы жылдары әлеуеті жоғалған ғылыми мектептерді қалпына келтіріп, ғылыми кадрлардың сабақтастығын қамтамасыз ету қажет. Бұл үшін басым бағыттағы ғылымдарды бюджеттік қаржыландыруды ұлғайтып, ғылымды дамыту үшін, оның ішінде техникалық ғылыми мекемелерді жарақтандыруды жақсарту керек. Сонымен қатар, президенттіктен үміткер елімізге шын мәнінде жұмыс істейтін технопарктерді көбейтіп, академиялық қалашықтар құру уақыт талабы болып табылатынына сенімді.
Кандидат білім саласы қызметкерлерінің дайындық деңгейі сапасын және қайта даярлау үдерістерін жоғарылату қажет деп есептейді. Себебі, педагог қазіргі заманғы әдістемелерді толық меңгерген болуы тиіс. Оның пікірінше, жоғары оқу орындарында ауылдағы және кенттегі мектептер үшін мұғалімдер дайындауға ерекше назар аударатын уақыт жетті. Сондай-ақ, білім беруді ұйымдастырудың материалдық-техникалық, ақпараттық және заңнамалық бағыттарын жақсарту кешеуілдетуді қаламайды.
Осылай дей тұрғанмен, М.Елеусізовтің негізгі мақсаты қарапайым адамның таза қоршаған ортада өмір сүруін қамтамасыз етуге күш-жігер жұмсау болып табылады. Оны, сонымен қатар, табиғи ресурстарды «жеп жатқанымыз» қинайды. Сондықтан, дейді ол, бұл үдерісті мүмкіндігінше тезірек тоқтату керек. Ол үшін аталған салаға байланысты кешенді шаралар пакеті қажет.
М.Елеусізовтің пікірінше, жұртшылық санасында және заңнамалық деңгейде экологиялық проблемаларға, сонымен қатар, қоршаған ортаға шешімді түрде әрі қағидаттық тұрғыдан жанашырлық көзқарасты ояту – бірінші кезектегі міндет. Табиғат-анаға тек тұтыну тұрғысынан қарау экологиялық зардаптарға алып келіп қана қоймай, бүкіл қоғам денсаулығына кері әсерін тигізетін зардаптарға соқтыратыны талассыз. Осы себепті азаматтардың, үкіметтік емес ұйымдардың аталған көзқарасқа қарсы белсенді іс-қимылы керек.
Мэлс Хамзаұлы осылай дей келіп, қайтадан балалық шаққа оралды. Ол экологиялық ойлау бала кезде қалыптасады деп есептейді. Өзі болса табиғатқа жанашырлықпен қарауды атасынан үйреніпті. Атасы ағаш отырғызып, кейінгі кездері жоғалып бара жатқан қазақтың мақтаныштарының бірі – тазы иттерін өсірумен айналысқан. Бойына жастайынан дарыған осы қасиетті Мэлс Хамзаұлы күні бүгінге дейін жалықпай, талмай жалғастырып келеді. Яғни, ағаш отырғызудан, иттердің жақсы тұқымын қалыптастырудан шаршаған емес, керісінше, тек рухани қанағат сезімін алады.
Кездесу кезінде президенттіктен үміткер жиналған педагогтар сұрақтарына да толыққанды жауап беруге ұмтылды. Мұғалімдердің экономикаға қатысты сұрақтарына байланысты жауабында ол аталған саланың әлеуметтік бағыттылығы міндетті түрде көрініс беру керектігін атап көрсетті. Аса байлар мен ең кедейлер арасындағы өлшем еңсеріле алады. Ол үшін саяси элитаның санасында түбірлі өзгеріс жүруі тиіс, деді ол. Сонымен бірге, шетелдік өндіруші компаниялармен келісім-шарттар жасасқан кезде, олардың барынша мөлдірлігі қамтамасыз етілуі тиіс. Осы арада тағы бір маңызды мәселе – шетелдік өндірушілер қоршаған ортаның ласталмауына барынша мүдделі болуы керек. Ол үшін қоршаған ортаға зиян келген жағдайда айыппұл көлемін оған жол берген компаниялардың қалтасына айтарлықтай салмақ түсетіндей етіп, көтеру қажет. Сонда өнім өндіруді дамыту экологиялық жағынан қауіпсіз бола түседі.
Президенттіктен үміткердің тұрғындармен кездесуі жалғасуда. Оның сөзіне қарағанда, өзі үшін сайлауда жеңіске жету соншалықты маңызды емес. Есесіне сайлауалды үгіт-насихат жұмыстары арқылы экологиялық проблемаларды, қоғамымыздағы басқа да көкейкесті мәселелерді талқылауға зор мүмкіндік бар. Осы арқылы сайлаушылар санасында, әсіресе, жастардың бойында Табиғат-анаға деген жанашырлық көзқарас қалыптастыруға болады.
Мамадияр ЖАҚЫП.