11 Наурыз, 2011

Кең мінезден кемдік көрмейсің

415 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін
немесе Жазылбек Қуанышбаев атамыздың жанына жалау болып, апалы-сіңлілідей сыйластықта өмір сүрген Жәйшібала мен Әлімхан апаларымыз хақында бір үзік сыр Жазекеңнің бәйбішесінің аты Жәйшібала. Ал тоқалы­ның аты Әлімхан. Әлімхан анамыз Жаза­та­ның тегімен Қуанышбаева болып жазылады. Өз әке­сінің аты Байділдә. Анасының есімі Қойлықыз. Екеуінен бір ұл, екі қыз болған. Әлімхан анамыз Жазе­кеңе 28 жасында тұрмысқа шығыпты. Айдарлыда отырғанда. Қыста. Ал Қойшыбай мен Тойшыбай 1967 жылы наурызда дүниеге келіпті. Олардың алдында бір ұлы шетінеп кеткен көрінеді. Аты Рашид екен. Содан төрт жылдан кейін егізін көтерген. Егіз ұлды дүниеге әкелісімен біреуін өзіне енесіндей емірене бәйек болған бәйбіше – Жәйшібаланың бауырына салыпты. Мінеки, Домалақ пен Сыланды аналардың далалық да­налықтарының жалғасы! Мінеки, ауыл әйелдерінің лүпіл­де­ген жүректерінің кеңдігі мен кемелдігі! Сол егіздің сы­ңа­ры әлі күнге дейін Жәйшібала апасының баласы болып есеп­теледі. Ал туған анасы Әлімханды жорта «мойындамайды». Кезінде Дінмұхаммед Қонаев Жазылбек Қуа­ныш­баевқа Алматы қаласынан 4 бөлмелі пәтер береді. Бұлар онда 4 жыл отырады. Ол үйге кейін Жазе­кеңнің асырып алған қызы ие болады. Бірақ күйеуі қайтыс болғаннан кейін мінәйі себептермен пәтерден айырылып қалады. Әлімхан апаның өмірдің өзіндей қарапайым әңгімесіне өз жаныңнан бірдеңе қосудың да, алудың да қажеті жоқ. – Біздің шал бармай ма Қонаевтың үйіне. Қонаевтың әкесімен де сәлемдеседі. «Бір шаруаға келдім» депті. Қонаев: «Не шаруа?» дейді. «Қойшы­бай мен Тойшыбайды оқуға әкелдім» депті шал. Сонда Қонаев: «Ой, Жазеке, сіз оқуға түсіруге көп бала әкелдіңіз ғой» деп қалжыңдапты. Жазекең сас­папты. Әзілге әзілмен жауап беріп: «Тағы да бала әкеп отырмын, ал қайтесің!» деп салыпты. Сонда Дінмұхаммед Қонаевтың әкесі Ахмет ата: – Димаш-ау, Жазекеңнің бұнысы сенде не ұл, не қыз жоқ, сонан кейін елдегі бауырларыңның бала­ларын шетінен әкеліп жатырмын дегені ғой, – деп күрсініпті. Әке сөзінің астарын түсініп, жүрегі қан жыла­ғанымен, қандай ауыр соққыны да қабақ шыт­п­ай қабылдайтын Димекең сонда: – Қазақстанның балалары біздің де балаларымыз емес пе, әке? Жазеке, елдегі барлық баланы әкеле беріңізші, – деген екен. Әлімхан апа айтып отырса, тағы бір қызық жәйт бар. Жазекең құйрығы шарадай дәу қазақы қойды тоқалым босанғанда соямын деп жүреді екен. Бірақ тоқалының нағашысы Үшкемпір Жазекеңе: «анау тұрған қызыл қойды бересің» деп әлгі дәу қойды көрсетеді. Жазекең: «мен оны әйелім туғанда соямын деп жүр едім» дейді. Сонда нағашасы: «сізге қой деген сөз бе екен» деп дәл сол қойды алып кетіпті. Үшкемпір, сөйтіп, Қойшыбай мен Тойшыбай дүниеге келгенде Айдарлыдағы 9 үйден сүйінші сұрап, 9 қой алып, «шала байып» қалыпты. Егіз ұл екі түрлі болып өсті. Сүндетке отырғыз­ғанда Қойшыбай жылап жіберіпті, сонда Жазата ұлы­мен қосыла жылаған көрінеді. Мұны сол оқиғаға куә Әлімхан апа айтады. Кейін Қойшыбай апасы Жәй­ші­балаға тән болып, Әлімхан анасын мойындамай өседі. Жәйшібала бәйбіше, ескі тілмен айтсақ «күн­десі» Әлімхан анамызға риза болып дүниеден өтіпті. Бұл кісі де бәйбіше көз жұмғанша Қойшыбайды «кемпірдің баласы» деген көрінеді. Жазата Қойшыбайды мал дәрігері болсын деп Алматы малдәрігерлік институтына оқуға түсіреді. Ал Тойшыбайды ҚазМУ-дің құқық қорғау факультетіне оқытқан. Жазекең көзі тірісінде балаларына егіз қызды атастырып кеткен екен, соның біреуіне Қой­шыбай үй­ленеді. «Атамның арманы еді» деп тұң­ғыш бала­лары­ның атын Арман деп қояды. Бүгінде Қойшыбайдан Арман, Абзал деген екі ұл бар. Ал Тойшыбайдан - Еркебұлан, Нұрлан ержетіп келеді. Әлімхан апамыздың айтуынша, Жазекең түйенің шұ­батын ұнатқан. Асқазаны қымызды да қош көрген. Та­мақтан да тартынбаған. Анасынан 7 жа­сын­да жетім қалыпты. Әкесі «Батырбекте» өліпті. «Батырбек» деген жердің аты. «Сол жерге алып бар» деп сол кездегі аудан басшысы Айтбай Назарбековке айтқан екен, алып барыпты. Жазекең әкесінің қабіріне құран оқытып, «мен өлсем осы жерге қой­ғыз» деп аманаттапты. Бірақ Жазекеңнің мәйіті Мо­йынқұм ауданының орталығындағы Мәдениет үйі­нің алдына қойылды. Шешесінің қабірі Шалдабарда жатыр. Бұл... баяғы ақсүйек аштыққа байла­нысты қазақтар ауа көшкен кезде болған оқиға сияқты. Жазекеңнің Темірбек деген ағасы етікші әрі ұста екен. Сол ағасының Иманқұл деген жалғыз баласы бо­лып­ты. Бірақ ол Жазекеңнің атақ-даңқының шық­қанын көрмей дүниеден өтіпті. Иманқұл болса қызметке араласып, кейін аурудан қайтыс болған. Ауру демекші... Жазекең 6 ай ауырыпты. Әлімхан апа «оған дейін ауыр­ған емес еді» дейді. Алты айдан кейін жағдайы күрт тө­мен­дей береді. Қойшыбай әскерге барған жоқ. Оны алып қал­ған. Ал Тойшыбай әскерге кетеді. Әкесі алып қалмақ бо­лып әскери комиссариаттың бастығына барса, көнбей қо­йыпты. Содан көңілі бұзылып, жылап келеді. «Енді қай­те­сің, Құдайдың салғанын көреміз де» дейді Әлімхан апа. Той­шыбай әскерден демалысқа келгенде шал ауырып жатыпты. Бірақ баласының келгенін білмейді. Есіктің ал­дына үлкен киіз үй тігіп қойыпты. Тойшыбай машинадан түсе салып, «атам өліп қалды ма» деп жылап жіберіпті. Әлім­хан апа: «өлген жоқ» дейді. «Онда мына үйді неге тігіп қойдыңдар?» дейді. «Той жасаймыз деп тіктік» деп жауап берген. Жазекең ауырып жатқан кезде Жамбыл кең­ша­рындағы қарындасын күтіпті. Күткенде «Жұмакүл келсін» деп жан-жағына қарай беріпті. Қарын­да­сының күйеуі молда болған, келіп дем салғаны сол екен, Жазата қарындасының қолынан ұстап, жүріп кетіпті. Бүгінде Қойшыбай Таразда мұғалім болып жұмыс істеп жүр. Атаның 100 жылдық мерейтойына орай үй берілген екен, сонда тұрып жатқанға ұқ­сайды. Ал Той­шыбай Мойынқұм ауылында ішкі істер бөлімінде қызмет етеді. Жазекеңнің Қойшыбай мен Тойшыбайдан басқа бәйбішесі екеуі асырап алған Бейбіт деген де баласы болған. Айтпақшы, кеңес өкіметі кезіндегі «көп әйел алды» деген қудалаудан сақтанған Жазекең бәйбі­шесін «әп­кесі» ретінде құжаттап, тоқалымен заңды некеге тұрып алыпты. Бұл «қулықтың» авторы ауданның сол кездегі ақылды басшысы Айтбай Назарбеков екен. Айтып отырса, оның Жазатаға өте көп жәрдемі тиіпті. Шопан-ата атанған ардақты Жазекең жөнінде біз білетін сырдың бірер сәті осындай Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Жамбыл облысы.