11 Наурыз, 2011

Косово: келіссөз келісімге бастайды

840 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Дүбірге толы дүние

Брюссельде Косово мен Сербия арасында екі күнге созылған келіссөз өтті. Сарапшылар мұндай кездесудің болғанына оң баға беріп отыр. Өйткені, бұған дейін осынау екі мемлекеттің ара­сында ешқандай дипломатиялық қарым-қатынас бола қоймаған. Бұл келіссөздің өтуіне Еуро­одақ­тың дәнекерлік жа­сағанын атап өт­кен жөн болар. Сол ке­ліс­сөзге де оның өкілі Роберт Купер қатысты. Сербия де­легациясын осы елдің сыртқы істер министрлігінің саяси ди­рек­торы Борислав Стефанович бас­қарса, Косово делегациясына үкімет басшысының орынбасары Эдита Тахири жетекшілік етті. Келіссөздің күн тәртібіне саяси мәселелер қойылып отырған жоқ, әзірге тек техникалық мәсе­лелер ғана. Әңгіме шекарадан өту және Косово тұрғын­дарының жеке куә­ліктері туралы. Бүгінде бөлек мемлекеттерге айналғаны­мен, кезінде бір болған бұл елдер үшін шекарадан екі жаққа өтіп тұрудың да маңызы айтарлықтай. Бұл жөнінде келісімге келу де үлкен бетбұрыс. Күн тәртібіне саяси мәселе­лер­дің қойылмауына да түсініс­тікпен қараған жөн шығар, оған ең алды­мен Косово жағы қарсы. Саяси мә­с­еле дегенде, ол ел тәуелсіздігіне қа­­тысты болады. Косово үшін тәуел­­сіздік мәселесі сөз болмауға тиіс, ол біржола шешілген, ол талқылауға жатпайды: Косово – тәуелсіз мемлекет. Косово мәселесі соңғы ширек ғасырға жуық уақытта әлем жұрт­­шылығының назарында болғаны, саяси ой-пікірді ғана емес, біраз елдердің, халықаралық ұйымдар­дың іс-әрекеттерін де екіге бөлгені белгілі. Алғашында өткен ғасыр­дың 90-шы жыл­да­ры­ның ба­сында, Сер­бия өзінің Косово өл­­кесі деп аталатын, не­гізінен албан нә­сіл­ді халық тұра­тын аймағын «нә­­сіл­дік та­­­за­лау­ға» көшті. Та­­за­ла­ған­да, ондағы ал­­­бандарды ығыс­ты­ру ғана емес, қар­сылық біл­дір­ген­де­рін жаппай қырып-жою ша­ра­ларын жүргізді. Бұл геноцидтік әре­­кетті әлем жұртшылығы айып­­та­ды. Еуропаның жетекші елдерінен құ­ралған «Байланыс тобы» Сер­бия­мен келіссөз жүргізіп, мұн­дай қа­ты­­г­ез шараны тоқтату­ды талап етті. Бі­рақ, Белград бұл талапқа ұзақ уа­қыт құлақ аспады. Сонда НАТО күш­­тері Сербияның астана­сы­на әуе­­ден соқ­қы беруге мәжбүр болды. Біреулер НАТО-ның басқын­шы­лығы деп аталатын соғыс солай басталған. Сол соғыс серб­тер­­дің қанқұйлы әрекеттерін тоқ­татып, ақыр соңында Косово өлкесінің тәуелсіздік алып, жеке мемлекетке айналуына жол ашты. Бұл оқиғаға баға да бүгінге дейін әртүрлі. Косово 1999 жылдан Сербия­ға бағынудан бас тартса, 2008 жы­лы өзінің тәуелсіздігін жария­лады. Оны БҰҰ-ға мүше 192 ел­дің 75-і тәуелсіз ел деп таныса, 69 ел ресми түрде қарсылығын білдірді. Басқа­лары – бейтарап пікірде. Мәскеу Косовоны танысаңдар, басқаларды да (Приднестровье, Абхазия, Оң­түс­тік Осетия) таныңдар дейді. Сербия мен Косовоның ара­сын­да байланыс жоқ. Болғаны жөн-ақ. Тағдырлас елдер. Ол екі жаққа да тиімді. Ең бастысы – біраз уақытқа созылған шиеленісті шешуді уақыт талап етіп отыр. Екі ел арасындағы келіссөз соның басы болғай деп тілейді жұрт. Мамадияр ЖАҚЫП.