Биыл еліміздің Тәуелсіздігіне 20 жыл толғалы отыр. Бір қарағанда, қас-қағымдай-ақ сәт болып көрінгенімен, атқарылған істер, тындырылған жұмыстар нәтижесімен есептесек, бұл, әрине, аз уақыт емес. Еліміз аталған уақыт ішінде орасан зор игі істерді жүзеге асырды. Осындай нәтижелі істердің бірі – әлемнің әр қиырына шашырап кеткен қандастарымызды атамекенге жинағанымыз. Қазақстан – Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінен бастап көші-қон мәселесінде сындарлы саясат жүргізіп келе жатқан елдің бірі.
Шетелдегі бауырларымыздың өз отанына оралуының алғашқы көші 1991-1992 жылдары басталды. Үкіметаралық келісім-шарт негізінде Моңғолиядағы бауырларымыз туған елге атбасын бұрды. Осы кезеңде 65 мыңға жуық адам Қазақстанға қоныс аударыпты. Бұл көші-қон үдерісі 1993 жылдан бастап басқаша сипат алып, тиісті заңнама актілері арқылы квота негізінде реттелді. Үкімет қаулысымен квота айқындалып, 1993-1998 жылдар аралығында оралмандарға үй бөлу, жәрдем көрсету жергілікті бюджет есебінен әкімдерге жүктелді. Осы кезеңде 32 мың отбасы, яғни 122900 адам өзінің тарихи отанына көшіп келіп орналасты. Кейін, Президенттің Жарлығымен 1999 жылдан бастап квота тағайындалып, республикалық бюджеттен тікелей ақша бөлініп, оралмандарға пәтер, үй сатып алып беру жүзеге асырылды. Сол кездегі мәліметке сүйенсек, 1999-2000 жылдары 500, 2001-2002 жылдары 2655, 2003 жылы 5000 квота белгіленіпті. Осы жылдары 6887 отбасы, яғни 32421 адам өз шаңырақтарына ие болған. 2004 жылдан бастап бұл көмектер ақшалай берілетін болып, пәтер әперу тоқтатылды. 2004 жылы квота 10000 отбасыға, 2005-2008 жылдары 15000 отбасыға берілетін болып, бекітілген екен. Осы мерзім ішінде 380 245 жанды құрайтын 69400 оралман отбасылары ақшалай жәрдемақы алған. 2009 жылдың 1 сәуіріне дейінгі аралықта 188 248 отбасы, яғни 737 991 адам елге оралған екен.
Осы бір цифрларға қарап отырсақ, көңіл көншітерліктей-ақ көрсеткіш деуге болады. Дегенмен, көші-қон мәселесінде күрмеуі мол, күрделенген проблемалар да кездеседі. Мәселен, бұрынғы Көші-қон комитетінің бұрынғы төрағасы Хабылсаясат Әбішевтің айтуынша, бұл салада жемқорлық қылмысы етек алып кеткен екен. «Көші-қон комитетіне төраға болып тағайындалған күннен бастап, осы саладағы жемқорлыққа қарсы күрес жарияладым, – дейді Хабылсаясат Әзімбайұлы. – Арнайы жәрдемақы алу үшін қолдан құжат жасау, баланың санын көбейтіп көрсету, жалған дипломдарды тіркеу арқылы квота алу дағдыға айналған екен. Осыған байланысты қылмыстық топтардың бірнешеуі әшкереленді. 1997 жылы қабылданған заңда құжатты сенімхат арқылы тапсыруға болады деген бап бар. Бұл шетелде жүрген отандастарымызға жанашырлықтан жасалған шара болатын. Осы сенімхатты пайдаланып алаяқтар, делдалдар Қазақстанның қыруар қаржысын қолды қылған. Осыны тоқтату үшін делдалсыз құжат қабылдау туралы бұйрық бердім. Дегенмен, бұл бұйрығым «заңға сәйкес келмегендіктен» прокуратура оның күшін тоқтатты. Қолданбалы заңға 2007 жылы өзгеріс енгізіліп, оралман мәртебесі 3 жыл бойы сақталатыны және барлық азаматтарға сәйкес арнайы жәрдемақы көрсетілетіні туралы бап енгізілген. Осы бапқа сәйкес оралман мәртебесін алған кейбір ағайын азаматтығын алмай-ақ зейнетақы, балаға берілетін жәрдемақы сияқты, тағы басқа жеңілдіктерді тағайындатып алып, банктен есеп картасын алған соң бұрынғы еліне кетіп қалады. Моңғолияда, Қытайда, Өзбекстанда тұрып жатқан, атажұртқа келгісі келмейтін ағайындарға осы көмектер заңсыз беріліп келді. Бүгінгі таңда біз айтып жүрген 1 миллион қазақтың мыңдағаны жоқ. Олар өтірік құжатпен кірген «өлі жандар». Оларға біз азаматтық бердік, есепке алдық. Ал мұндай фактілерді қалай анықтадық, деген сұрауға келетін болсақ, азаматтық беру туралы жарлық шыққаннан кейін азаматтық алған адамдар төлқұжат алу үшін Ішкі істер министрлігінен 6-формалы анықтама алуы керек. Міне, сол анықтаманы 2010 жылға дейін 38-40 мың ересек адам алмаған. Өмірде жоқ оралманның отбасындағы 5 адамды қоссақ, 6-шы формалы анықтаманы 200-300 мыңдай адам алмаған болып шығады. Сондай-ақ, Әділет министрлігінен Қазақстан азаматының жеке куәлігін алуы керек. Мысалы, 2009 жылы 57 мың ересек адам сол куәлікті алмаған. Зейнетақы төлеу барысында Қазақстанда зейнетақы, еңбекақы алатындар туралы түгел мәлімет бар. Ал сол базада әлгі біз анықтаған жалған оралмандардың аты-жөні жоқ. Осы үш базаны тексере келгенде 300-400 мыңдай адам өмірде жоқ болып шықты. Өткенде Статистика агенттігінің төрағасы «300 мыңдай оралман есепке тұрмай жүр» деп мәлімдеді. Олар есепке тұрмай жүрген жоқ, олар мүлде жоқ адамдар...»
Хабылсаясат Әзімбайұлының айтып отырған әңгімесі 2006-2009 жылдары белең алған оқиғалар. 2009 жылы Қазақстанның азаматтығын алған ересек адамдардың тізімін Моңғолияға жіберіп тексертеді. Нәтижесінде солардың жартысы, яғни 18 мыңдай адам ол жақта тумаған болып шықты. Моңғолияда ондай адамдар өмірі болмаған. Қазақстанға келген кез келген адам мемлекеттік шекарадан өтуі тиіс. Бұл туралы мәлімет электронды базаға түседі. Міне, сол базадағы мәлімет бойынша 2010 жылдың қаңтары мен шілдесі аралығында «Моңғолиядан келдік» деген 2 мың адамның 600-і ғана шекарадан өтіпті. Сонда қалған 1400 адам қандай құжат тапсыруы мүмкін? Сол кездері Қостанай облысының Көші-қон департаментіне «Моңғолиядан келді» деп құжат тапсырған 97 отбасының 94-інің құжаты өтірік болып шықты. Мұндай жағдай Өзбекстаннан келген оралмандар құжаттарында да кездеседі екен. Өмірден озған өзбектердің немесе құжатын жоғалтқандардың төлқұжаттары оралман болып тіркелген фактілер де анықталыпты. Жамбыл облыстық Көші-қон департаментінің қызметкерлері ұйымдасқан қылмыстық топ құрып, осындай жалған оралмандарға құжат жасаумен айналысқан. Осы орайда айта кететін бір нәрсе, Өзбекстанның, Моңғолияның туу туралы куәлігін жасау қорғаныш қабілеті нашар болғандықтан оңайлау көрінеді. Бүкіл қоғамның жегі құртына айналған жемқорлық көп жағдайда көштің түзелуіне кедергі болып тұрғаны шындық. Мысалы, ҚР Бас прокуратурасының жақында ғана жариялаған мәліметіне назар аударсақ, Солтүстік Қазақстан облысында «Нұрлы көш» бағдарламасына бөлінген 137 миллион теңге әлдекімдердің жеке пайдасына жұмсалған. Маңғыстау облысында осындай 136 миллион теңге қолды болса, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан сияқты бірнеше облыстарда салынуы тиіс 700 үйдің қаржысы жалған ақпар жасау арқылы желге ұшқан. Ал Қазақстанға мүлдем келмеген немесе бұрын жәрдемақы алған оралмандарға жалған құжатпен заңсыз қаржы төлеу салдарынан 80 миллион теңге талан-таражға түскен.
Жалпы, оралман көшіне қатысты көлеңкелі жағдаяттарды тізе берсек, жетіп артылады. Дегенмен, шүкіршілік ететін бір нәрсе, кеш те болса бұл саладағы сыбайластық, алаяқтық сияқты қылмыстардың беті ашылып, әшкереленуде.
Бүгінде көші-қон мәселесінің барлық функциялары Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен Ішкі істер министрлігінің құзыретіне өткені өзімізге белгілі десек, Ішкі істер министрлігі Көші-қон полициясы комитетінің төрағасы, генерал-майор Хибратулла Досқалиев бүгінде өзі басқаратын комитеттің атқарып жатқан жұмысы жөнінде былай деді: – «Халықтың көші-қон саласындағы барлық функциялары Ішкі істер министрлігінің құзырына беріліп, осыған орай өткен жылдың қараша айынан бастап, Көші-қон полициясы комитеті құрылып, көші-қон саясатының негізгі бағыттарын іске асыру бойынша жұмыс жүргізіп жатырмыз. Бұрын ішкі істер органдары оралмандармен жұмысты тек оларды Қазақстанның азаматтығына қабылдау және тіркеу жұмыстарымен айналысқан болатын. Бүгінгі күні көші-қон саласына байланысты нормативтік-құқықтық актілер мен бұйрықтар қайтадан Ішкі істер министрлігімен реттеліп, қолданысқа енгізілуде. Атап айтқанда, оралман мәртебесін беру, көшіп келу квотасына енгендерге жәрдемақы мен өтемақы тағайындау туралы құжаттар әзірленді».
Хибратулла Ермекұлының айтуынша, көші-қон тақырыбына байланысты баспасөзде жарияланып жатқан кез келген мақала, мейлі ол сын болсын, мейлі пікір болсын, мейлі ұсыныс болсын пайдасын тигізеді дейді. Мәселен, «Егемен Қазақстанда» жарияланған Сұлтанәлі Балғабаевтың цикл мақалаларында көтерілген мәселелер Ішкі істер министрлігінің мәжілісінде кеңінен талқыланыпты. Ішкі істер министрі Серік Баймағанбетовтің бастамашылығымен Алматыда «Этностық көші-қон: бүгінгі жағдайы және болашағы» деген тақырыпта дөңгелек үстел де өткізілген екен. Біз жоғарыда көші-қон мәселесіндегі көлеңкелі жәйттердің біразын тілге тиек еткен едік. Жалпы, көші-қон мәселесінде күрмеуі шешілмей жатқан проблемалар қазір де жеткілікті. Аталған дөңгелек үстелге қатысушылардың қызу талқысына түскен де осы жәйттер болатын. Көшіп келу квотасы арқылы сырттан келетін ағайындар шекарадан өтуден тіркеуге отыру, азаматтыққа құжат тапсыру, дәрігерлік көмек үшін есепке тұру, салық төлеушінің нөмірін, жеке әлеуметтік код алу сияқты міндетті шарттарды түгел орындаулары керек. Мұның бәрі заңға сәйкес тез және тиянақты орындала бермейді. Өйткені, кейбір елдердің төлқұжаттарында адамның ұлты көрсетілмейді, есімдері сол елдің тілінде жазылады да, қазақша нұсқада мүлдем басқаша болып шығады. Тіпті, әртүрлі себептермен төлқұжаттарында өзге ұлт өкілі болып кеткен қандастарымыз да аз емес. Оларды этникалық қазақ деп танудың жолдары қандай?
– Көші-қон саласында тез арада бір жүйеге түсіріп, реттелетін мәселелер аз емес, – дейді Хибратулла Досқалиев. – Бұл ретте этностық көші-қон жұмыстары тек Ішкі істер министрлігінің Көші-қон полициясына ғана емес, Сыртқы істер министрлігі мен оның Консулдық қызмет департаментіне, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау, Білім және ғылым, Ауыл шаруашылығы министрліктеріне де тікелей қатысты...
Осы орайда, соңғы екі жылда оралман көшінің сәл де болса кібіртіктеп қалғанын айта кеткеніміз жөн шығар. Қолымызға түскен мәліметтерге сүйенсек, жыл сайынғы квота мөлшерін 20 мың отбасыға дейін жеткізілу көзделгенімен, ол 2009 жылы 15534 отбасы, немесе 78 пайыз, 2010 жылы 10 мың отбасы болып, 50 пайыз мөлшерде ғана орындалған. Неге? Бұл туралы да әртүрлі алыпқашпа әңгімелер бар. Журналист Құтмағанбет Қонысбай бұл мәселедегі өз пікірін былай білдіреді: «Меніңше, мұның себебі тек тұрғын үйдің, жер телімінің қымбаттығында емес, басты себебі басқада. Тереңірек үңіліп, аңдай қараған адамға атқарушы биліктегі тиісті ұйымдар мұны дұрыс ұйымдастыра алмай отырғаны анық. Тіпті сырттағы қазақтарды көшіріп әкелуге кейбіреулердің оң қабақ танытпауы да әбден мүмкін. Өйткені, сырттағы қаймағы бұзылмаған қалың қазақ Қазақстанға оралатын болса, қазіргі күнде өте өзекті болып тұрған тіл, діл, дін, сана мен жалпы ұлттық идеологиялық мәселелер жеделірек шешілер еді. Сондықтан да қазірше билік сапында көпшілікті құрайтын өзге пиғылдағы шекпенділер бұған пейіл танытпауы өз өзінен-ақ түсінікті», – дейді ол.
Әрине, Құтмағанбет Қонысбайдың бұл пікірінің де жаны жоқ деп айта алмайсың.
...Біз бұл мақаламызда көші-қон мәселесінің күнгей тұсын да, көлеңкелі жағын да көрсетуді ойлағанбыз. Ол мақсат толық орындалды деп те айта алмаймыз. Себебі, осы бір күрмеуі көп күрделі мәселе төңірегіндегі ойларды бір мақала аясына сыйғызудың өзі қиын екені тағы да рас. Ең бастысы, қолдан келгенше осы істегі кеткен кемшіліктерді де, жеткен жетістіктерді де көрсетуге тырыстық.
Шарафаддин ӘМІР.