17 Қараша, 2016

Астанада жаңа кітаптың тұсауы кесіледі

357 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
19 қарашада Астана қаласынадағы Балалар кітапханасында белгілі қаламгер, жазушы, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Жанболат Башардың «Қабір үстіндегі зұлмат» деп аталатын жаңа кітабының тұсаукесері өтеді. Оған ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері, ақын Несіпбек Айтұлы, Еуразия Ұлттық универсиетінің профессоры, белгілі ғалым Серік Негимов, Астана қаласы әкімдігінің тіл басқармасының төрағасы Тілеуғали Қышқашбаев, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері, ақын Абзал Бөкен, Мәдениет қайраткері, жазушы Қайырбек Садуақасов, жазушы, әдебиеттанушы, «Дарын» Мемлекеттік жастар сыйлығының иегері Айгүл Кемелбаева, Төлеген Айбергенов атындағы сыйлықтың иегері, ақын Ілияс Мұқай және  басқа да қаламгерлер мен БАҚ өкілдері қатысады. Жанболат Башардың соңғы уақыттарда жазған «Қабір үстіндегі зұлмат» атты әдеби шығармасында, отызыншы жылдары қазақ халқының басына төнген қуғын-сүргін мен ашаршылық құрбандарының жантөзгісіз азабы, зұлмат жылдардағы халықтың қайғы-қасіреті суреттелген. Шығарма өзегі - Қарағанды облысының Ақтоғай ауданы аймағында, ел ішінде «уық көтерілісі» деп аталып кеткен Тоқырауын көтерілісі. Бұл туралы кезінде ештеңе жазылмады, айтылмады. Автор сол бір зұлмат жылдарды шығарма өзегіне айналдырып, елдің еңсесін езген саяси озбырлыққа қарсылық жасаған Жабайдың Сәдуақасы сынды ел азаматтарының ақырып атқа қонуын, ел басына түскен аштық нәубетінің жантөзгісіз қасіреті шынайы суреттеген. Сонымен бірге, кітапқа жазушының «Пері мен Періште, «Айғана», «Аңшының ажалы», «Үрей», «Соғыстан қалған сыз» тағы басқа бүгінгі күннің өмір өрнегін қаузайтын  жаңа туындылары енген.