17 Қараша, 2016

Салық заңнамасына өзгеріс енгізу туралы заң жобасы мақұлданды

290 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Бүгін ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне салық салу және кедендік әкімшілендіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы екінші оқылымда мақұлданды, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Заң жобасын таныстыру барысында ҚР Ұлттық экономика министрі Қуандық Бишімбаев ұсынылып отырған өзгерістер қолайлы кәсіпкерлік орта құруға, тұрақты әлеуметтік-экономикалық дамуға және ағымдағы міндеттерді жүзеге асыруға бағытталғанын атап өтті. Мәселен, бизнеске салықтық және әкімшілік жүктемені болдырмау мақсатында қолданыстағы қосылған құн салығы бойынша есепке қою үшін ең төмен шекті мәнді 2017 жылды қоса алғанда 30 мың АЕК-ке дейін сақтау қарастырылған. Бұдан кейін 2020 жылға қарай кезең-кезеңмен 15 мың АЕК-ке дейін төмендету ескерілген. «Алкоголь өнімдері мен темекі заттарына арналған акциздердің фискалдық функцияларын күшейту мақсатында акциздерді кезең-кезеңмен арттыру ұсынылады», - деді министр. Жер қойнауын пайдалануға инвестицияларды ынталандыру мақсатында коммерциялық көрініс болмаған жағдайда инвестициялық қаржыландыру бойынша қарыздарды есептен шығару кезіндегі табысты корпоративті табыс салығынан босату қарастырылған. Бұдан басқа, ұлттық операторға газ өткізетін жер қойнауын пайдаланушыларға салық салу проблемаларын шешу мақсатында газ өндірудің өзіндік құнына байланысты нақты өткізу бағасы бойынша кірісті айқындайтын норма ұсынылады. Заң жобасында салықтық әкімшілендіру бойынша түзетулер блогы ескеріліп отыр. Оның ішінде жеке тұлғаларды жалпыға бірдей декларациялауды енгізу мерзімін ұзарту, электронды шот-фактураларды енгізу мерзімдерін ұзарту, мониторингілуге жататын ірі салық төлеушілер тізбесін құру тәртібін нақтылау ұсынылады.