17 Қараша, 2016

Телеарналарда әлеуметтік жарнаманы тегін көрсету ұсынылды

404 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
ҚР Ұлттық экономика министрлігі теле және радиоарналарға әлеуметтік жарнаманы тегін көрсету міндетін заңнамалық тұрғыда бекітуді ұсынып отыр, деп xабарлайды ҚазАқпарат. Мұндай нормалар жарнама мәселелері бойынша кейбір заңнамалық актілерге өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы заң жобасында қарастырып отыр. "Заң жобасы теле, радиоарналарға айлық таратылым көлемінің 1%-нан кем емес (тәулігіне 14,4 минут) болатын әлеуметтік жарнаманы тегін трансляциялау міндетін енгізуде", - деді Ұлттық экономика вице-министрі Айдар Арифxанов ҚР Парламенті Мәжілісінде аталмыш заң жобасын таныстыру кезінде. Бұл талапты орындауға міндетті телеарналарға:  Қазақстан, Хабар, Хабар 24, Балапан, Білім және мәдениет, Қазспорт, Еуразия Бірінші арнасы, Астана, КТК, Мир, НТК, 31 Арна, 7 Арна, СТВ, Алматы арналары жатқызылып отыр. Роликтерді орналастырушы құзырлы орган ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрлігі болмақ. Заң жобасының таныстырылымына қатысушылар осыған қатысты өз ұсыныстарын айтты. "Мысалы, бізде тәулігіне 19 сағаттық шығарылым болады. Біз кеше санап шықтық, 30 секундтық роликті күніне 23 рет таратуымыз керек екен. Жеке меншік каналдар үшін бұл мүмкін емес. Тым көп. Бізде ұсыныс - таратылым көлемінен емес, жарнамалық уақыттың 1 пайызына сәйкес келетін көлемді алайық. Сол кезде күніне 4-5 рет әлеуметтік роликтерді көрсетіледі", - деп атап өтті "Астана" телеарнасының бас директоры Ләззат Танысбай. Сонымен қатар заң жобасы бойынша, жарнамалардағы тауардың бағасын тек теңгеде көрсету туралы талап қарастырылып отыр. Сондай-ақ биологиялық белсенді қоспаларды жарнамалау талаптарын бұзуға қатысты жауапкершілік те қатаңдатылмақ.