17 Қараша, 2016

Оралда термешілер байқауы өтті

317 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
20161117233328 Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармония залында белгілі әнші-термешілер, Мұхит Мерәліұлы атындағы республикалық байқаудың екі мәрте бас жүлдегері Жақсылық Сәрсенғалиев, Қазақстанның еңбек сіңірген әртістері Қаламқас Орашева мен Қалампыр Рахимованы еске алуға арналған «Термелетіп жырлайын» атты республикалық термешілер байқауы мәреге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат. Ғ.Құрманғалиев атындағы облыстық филармонияның белді солисі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Сәуле Таудаева бастаған қазылар алқасының шешімімен бас жүлде (300 мың теңге) батысқазақстандық Фархат Оразовқа берілді. Маңғыстаулық Оспан Құлсымақовқа Жақсылық Сәрсенғалиев атындағы бірінші сыйлық (150 мың теңге) табыс етілді. Қызылордалық Марат Сүгірбай мен астаналық Бақдәулет Толыбекұлы сәйкесінше Қалампыр Рахимова және Қаламқас Орашева атындағы екінші орын (100 мың теңгеден)  иегері атанды. Маңғыстаулық Манаш Әділбаев Жиембет Бартоғашұлы атындағы, атыраулық Нұрдәулет Ахмедияр Марабай Құлжабайұлы атындағы, БҚО-ның Ақжайық ауданынан келген Ардақ Омар Сартай Көшкіншіұлы атындағы үшінші жүлдені (75 мың теңгеден) еншіледі. Сондай-ақ жыр сайысына қатысушылардың бір тобы дипломант атанса, қалғандарына алғысхаттар тапсырылды. Гала-концертте сахна төрінде жүлдегерлермен қатар елге танымал әнші-термешілер, Маңғыстау жыршылық мектебінің өкілі Амандық Көмеков, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі Қапаш Құлыш, мәдениет қайраткері Гүлмайдан Сүндетовалар да өз өнерлерін көрсетті. Еске сала кетейік, батысқазақстандық жыршы Фархат Оразов үшін биылғы жыл сәтті болып отыр. Ол осының алдында Башқұртстан астанасы Уфа қаласында 23-24 қазанда өткен бүкілресейлік жыршылар (сэсэндер) фестивалінен күміс жүлдегер атанып келген еді.