18 Қараша, 2016

Алты сағат бойына ән әуеледі

464 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
zhyl-tandauyАлматыда «Жыл таңдауы» – үздік әндер бәйгесі мәреге жетті Кеше «Алматы-Арена» мұз айдынында қорытындыланған «Қазақстан» телерадиокорпорациясының осынау жобасы көз алдымызда жүрген өнер майталмандарының егемендік жылдары бедеріндегі есебі болды десек те болады. Аяқталып бара жатқан жылдың ең үздік әндерін анықтауды мақ­сат тұтқан биылғы жобаның айыр­машылығы – ол Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен тұспа-тұс келіп отыр. Сондықтан мерейлі шараға үлкен мән беріліп, арнайы сараптау комиссиясы құрылып, яғни 50-ге тарта адамнан тұратын қазылар алқасы 160 әншінің ішінен топ жарған таланттарды таңдады. Алты сағатқа созылған телеви­зиялық түсірілім барысында 65 әнші сахнаға шықты. Олардың қатарында шетелдік қонақтар – Бурай мен Қытайды бағындырған қазақ әншісі Арай да болды. Роза Рымбаева, Мақпал Жүні­сова, Мәдина Сәдуақасаова, Гүл­нұр Оразымбетова сынды сахна саң­лақтары тыңдармандарын ерек­ше нөмірлермен толқытты. Мысалы, Розаның аспанда қалық­татып ән айтуы, Айқынның биік­тікте сальто жасауы, сол сияқ­ты Бурайдың Төреғали Төрәлі ре­пертуарындағы «Бір түрлі қыз» бен Қайрат Нұртастың «Бай­қа» әнін түрік тілінде нәшіне кел­тіріп шырқауы шынында да көрермендерге қуаныш сыйлады. Ең қызығы, бастары дауға қалып жүрген «Ninety One» то­бы телевизиялық шоу режис­серлерінің талабын орындап, кос­тюм-шалбар, ақ жейдемен сахнаға шықты. Әбден сынға ұшыраған топ бірінші рет беттеріндегі бояу­ын өшіріп, сырғаларын шешіп өнер көрсетті. Осылайша жастарымыз қазақ эстрадасының сахнасын, алдыңғы өнер буынын сыйлайтындарын білдірді. Жоба жүлделерді орындарға бөлген жоқ. Халықтың көз алдында жүрген 30 бірдей танымал өнер иесі Тәуелсіздіктің 25 жылдығына орай жүлдегер атанды. Ал Сара Тыныштығұлова, Ескендір Хасан­ғалиев, Рамазан Стамғазиев, Роза Рымбаева, Мақпал Жүнісова сын­ды сахна саңлақтары өнерге сіңір­ген еңбегі үшін бөлек марапатталды. КВН СПАРТА командасы арнайы жүлдеге ие болды. Ерекше орындаушылығымен көзге түскен жас әншілерге «Жыл таңдауы» алтын кубогы табысталды. Шетелден келген қонақтар – түрік әншісі Бурай мен Арай да атаусыз қалмады. Айтқандай, Бу­райдың «Istersen» әні хитке айналып, дүниежүзі чаттарына енгенін әнсүйер қауым білсе керек?! Есімі музыка әлемінде 2004 жылы естіл­генімен, ол әнді кейін айта бас­таған. Алғашында түрік поп-му­зыканттардың әндеріне аранжировка жасаумен айналысқан Бурай бүгінде ерекше дауысымен, сұлу әнімен миллиондаған өлеңсүйер қауымның жүрегін жаулады. Сондай-ақ, онлайн-дауыс беру арқылы да танымал үздік әндердің «Жеңімпаз Кубогы» иелерін тапты. Ал дауыс жинау 2 қарашадан басталған. Кеш барысында 2016 жылдың тек үздік әндері шырқалсын деген мақсат болған еді. Сахна тө­рінде салтанат құрған 65 әнші бұл талаптың үдесінен шықты. «Қазақстан» телерадиокорпорациясы «Жыл таңдауы» атауымен талай музыкалық шаралар өткізіп жүрсе де, бұл жолғысы өзгеше болғанын атап өту керек. Ең бас­тысы, бұл соңғы шоу отандық мамандардың өз күшімен өткізілді. Техникалық жағынан да ерекше жоба болды. Кешті екі бірдей 2 ПТС, 27 камера түсіріп жатты. Әншілерді айтпағанда, шығар­машылық топ та, техникалық қыз­меткерлер де қазақстандықтар болды. Яғни бұл жобаны енді то­лыққанды ұлттық музыкалық шоу деп айтуға қақымыз бар. Жылдың ең жарқын жобасында өнерпаздардың барлығы әндерін тек жанды дауыста орындады. Ел тарихындағы тұңғыш ұлттық музыкалық бәйгеге көңілді тапқырлар клубының командалары да қатысты. Осылайша, жуырда ғана пай­далануға берілген «Алматы-Аре­на» мұз айдыны 10 мыңнан аса тыңдарманды ая­сына сыйдырып, әуелеген әнге бөледі. Айнаш ЕСАЛИ, «Егемен Қазақстан» АЛМАТЫ