Соңғы кезде мемлекеттік қызметшілерге қойылатын талаптар айтарлықтай күшейтіліп отыр. Осыған орай, Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінде арнайы брифинг өтіп, онда мемлекеттік қызметшілер тарапынан әдеп нормаларын сақтау барысы сөз болды.
Агенттіктің Мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау департаментінің директоры Қуаныш Жапақов қызметшілердің әріптестерімен, қол астындағылармен, басшыларымен жұмыс уақытындағы қатынастары, сондай-ақ жұмыстан тыс кездегі және көпшілік алдындағы мінез-құлық стандарттары белгіленгендігін ерекше атады. Әйтсе де қызметтік әдепті бұзған мемлекеттік қызметшілер де жетерлік. Әдеп жөніндегі кеңестің ұсынысымен Маңғыстау аудандық әкімдік аппаратының басшысы Жанатов мас күйінде автокөлік жүргізгені үшін қызметінен босатылған. Сол сияқты Ақмола облысының Әдеп жөніндегі комиссиясының ұсынысымен Жарқайың ауданы Атразин ауылдық округінің әкімі Мұқанов та жұмыстан шеттетіліпті.
Қол астындағы қызметкерлеріне әлімжеттік таңытқаны үшін Жамбыл облысы бойынша Әдеп комиссиясының ұсынысымен Тараз қаласы әкімінің орынбасары Ақаевқа қатаң сөгіс берілген. Осындай өрескелдікке барған және қызмет көлігін жеке басына пайдаланған Қостанай облысы, Ұзынкөл ауданы әкімдігі аппаратының басшысы Міржақыповқа сөгіс жариялау жолымен тәртіптік жауапкершілік белгіленіпті. Және де қоғам тарапынан айтылған сынға жауап бермегені, нақты айтқанда, сыбайлас жемқорлық әрекетке барды деген айыпты бір ай ішінде теріске шығармағаны үшін Қарағанды облысы, Осакаров ауданы Тельман ауылдық округінің әкімі Балиеваның қызметі төмендетілген. Жалпы, үстіміздегі жылдың 9 айында 3 535 мемлекеттік қызметші және олардың 10 пайызы әдеп қағидаларын бұзғаны үшін тәртіптік комиссия ұсынысымен жауапқа тартылған. Тарқатып айтқанда, 8 мемлекеттік қызметшінің лауазымдық қызметі төмендетілген, 17-сі қызметінен босатылған. Әдеп жөніндегі уәкілдер барлық орталық мемлекеттік және жергілікті атқарушы органдарда енгізілгендігін айта кеткен орынды. Олардың негізгі міндеттерінің бірі – мемлекеттік қызметшілердің Әдеп кодексін сақтауын қадағалау. Егер мемлекеттік қызметші кодекс талаптарын бұзса, онда Әдеп жөніндегі кеңес әлгі шенеуніктің тәртіптік ісін қарап, жауапкершілікке тартуға ұсыныс бере алады. Жыл басынан бері Әдеп жөніндегі кеңес 753 мәселені қараған. Енгізілген 207 ұсыныстың 95 пайызы орындалған. Ұсынымдарға сәйкес, 344 мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылса, соның ішінде 54 пайызы қызметтік әдеп талаптарын бұзған.
Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ,
«Егемен Қазақстан»