Ел Тәуелсіздігінің 25 жылдық тойы қарсаңында кеншілер астанасы көше тазалайтын техникаға қарық болды. Облыс әкімі Нұрмұхамбет Әбдібеков коммуналдық қызметшілерге жалпы құны 1 млрд теңге болатын техника түрлерінің кілтін салтанатты жағдайда табыс етті. Бұл мамандандырылған арнайы техниканың барлығы 2020 жылға дейін аймақтарды дамытуға арналған бағдарлама аясында облыстық бюджеттен бөлінген қаржыға сатып алынған.
«Қарағанды – алып қала. Облыс орталығында 250 көше бар, бұған 200-ден асатын әртүрлі өтпе жолдарын қосыңыз. Санитарлық тазалауды талап ететін алаңның жалпы аумағы шамамен бес миллион шаршы метрді қамтиды. Әрине, осындай аумақты тазалап, тәртіпте ұстап отыру оңай шаруа емес. Алдағы уақытта осы техника қаланың қажеттілігін өтейді деген ойдамын. Айта кетерлігі, сатып алынған техникалар арасында отандық өнім де бар», деп атап өтті өңір басшысы.
Жаңадан алынған техника түрлері, атап айтқанда жүк тиегіштер, арық тазалағыш машиналар, жолаушылар автобустары, әмбебап тракторлар, жол тазалаушы, жүкті өзі аударатын машиналар мен вакуумды шаңсорғыштар, автогрейдерлер коммуналдық қызметкерлердің жұмысын айтарлықтай жеңілдеп, қала көшелерінің мұнтаздай таза болуына сүбелі үлес қосары сөзсіз.
Қайрат ӘБІЛДИНОВ,
«Егемен Қазақстан»
ҚАРАҒАНДЫ