18 Қараша, 2016

Сары аяз сақылдап тұр

496 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
tzh-zhol-3Егер аязды күндері жолда қалып қойсаңыздар, көліктеріңіз бұзылса, өз беттеріңізбен қимылдап, тығырықтан шығамын деп тырыспаңыздар, өйткені, өміріңізге қауіп төніп тұр, деп мәлімдеме жасады Семейдегі Төтенше жағдайлар басқармасы. Ондай жағдайларда уақыт оздырмай 112 немесе 101 телефонына хабарласқан жөн. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінен хабарлағандай, мал қараймын деп 14 қараша күні үйінен шығып кеткен шопан адасып кетіпті. Адасқанын сезсе керек, бір рет қоңырау шалып үлгеріпті. Сол күні құтқарушылар да іздеуге шыққанымен, күн райы бұзылып, алай-дүлей боран соққан еді. 12 сағаттан кейін Қыземшек ауылынан 15 шақырым жерде 50 жастағы тұрғын табылды. Оның қасында ірі қара мал да болған. Шопанның үсігені өз алдына, бір тәулікке жуық аш жатыпты. ТЖ өкілдері оған ыстық шай беріп, есін жиғызып, үйіне жеткізді. Қазір облыста ауа температурасы 30 градусқа дейін төмендеген. Сондай-ақ, Семей мен Павлодар облысы арасындағы жолаушыға лық толы автобус ақтүтек боранда қаңтарылып қалған. Құтқарушылар бір күн ішінде Омбыға бағыт алған Павлодар маңындағы үш бірдей автобустың амалсыз аялдағанын айтады. Бүгінде сары шұнақ аяз тұрып, мектептер мен колледждерде сабақ тоқтаған. Ал сүйектен өтетін суыққа адам түгілі темір көлік те шыдай алмауда. Қазір мектеп оқушылары мен колледждердің 1-2-курстары мерзімсіз демалысқа шыққан. ТЖ мамандары күн сайын жолда қалғандарды шығарып алумен айналысуда. Тіпті, аяз көлік талғамайтын болды, жеңіл көлік, шетелдік сәнді көлік, жүк машиналары дейсіз бе, бірінен кейін бірі қирап жатыр. Мәселен, 16 қараша күні 112 телефонына, сағат 11.00 кезінде ақпарат түсті. Онда Семей тұрғыны екі бала­сын алып, «Мырзағұл» қыстағынан шыққан екен. Қасында әйелі бар. 12 шақырым жүріп өткен кезде далада қалып қояды, яғни Семей-Өскемен жолының бойын­да көлігі аязға шыдас бермей бұзылған. Бұл тұсқа «ПЧ-7» деп аталатын, басшысы А. Тілеубаевпен бір­ге құтқарушылар жасағы шықты. «АРМ-137» авто­көлігімен барып, төрт адамды құтқарып әкелді. Міне, осындай жағдайлар көптеп орын алуда. ТЖ басқармасы аязды күндері далаға шықпаңыздар, өз­деріңіздің және туыстарыңыздың өмірін, денсаулығын ойлаған жөн деп ескертіп жатыр. Раушан Нұғманбекова   СЕМЕЙ