Таяуда Францияның Тулуза қаласында орналасқан Airbus ұшақ зауытында қазақстандық «Эйр Астана» компаниясына «А320 neo» ұшағын тапсыру салтанаты өтті. Отандық әуе тасымалы саласындағы маңызы зор шараға біз де тікелей куә болған едік. «Эйр Астана» компаниясының әуе кемелерін көбейтіп, ел аумағындағы және халықаралық қатынастардағы рейстерді арттырып жатқанына көзімізді жеткізгенбіз. Ұлттық тасымалдаушы компанияның қызмет көрсету сапасын жақсарту, қауіпсіздікті арттыру, экологиялық талаптарды орындау, үнемділік сынды басты-басты қағидаларды назарда ұстап отырғаны көңіл қуантты.
Артықшылықтары көп «А320 neo»
Ұшақтан түсіп – ұшаққа
«Ұшақтан ұшаққа» деген қалыптасқан тіркес бар еді ғой. Біз, яғни қазақстандық журналистер мен блогерлерден жасақталған топ Тулуза қаласына табан тірегеннен аздап жан шақырып алдық та, салып ұрып ұшақ жасау зауытына жол тарттық. «Ұшақтан түсіп – ұшаққа» деп отырғанымыз сол. Тулуза қаласының әлеуметтік-экономикалық әлеуеті Airbus компаниясына тіреліп тұр десек артық емес сияқты. Алып компанияның штаб-пәтері осы шағын қалада қоныс тепкен. Басқа қалалардағы құрамдас компанияларын қосқанда Airbus-та бас-аяғы 55 мың адам жұмыс істейді десек, соның 21 мыңнан астамы Тулузадағы зауытта тер төгеді. Ұшақ жасау – велосипед немесе көлік жасау емес. Оның қажетті бөлшектерінің бәрін бірдей бір қалада жасап, құрастырып шығу тіпті де мүмкін емес көрінеді. Airbus ұшақтарының басты бөлшектері Франция, Германия, Ұлыбритания және Испания елдеріндегі ірі зауыттарда жасалады. Солардың барлығы «Белуга» аталып кеткен алып Airbus-пен Тулузаға жеткізіліп, осы жерде құрастырылып, соңғы бұрандасына дейін бекітіліп, боялып-сырланып, тапсырыс беруші компанияның логотипі бедерленіп, ең соңында ұшақ сынақтан өткізіледі екен. Сол үшін Бланьяк әуежайының төңірегіндегі 700 гектардан астам жерде компанияның бас кеңсесі мен алты өндіріс алаңы орналасыпты. Конструкторлық және дизайн бюросы, ұшқыштар мен техникалық қызметкерлерді дайындау орталығы да осы жерде. Жылына 300 ұшқыш дайындайтын Airbus лицейі және бар. 21 мың адам деп осы 700 гектар аумақта жұмыс істейтіндерді ғана айтып отырмыз. Одан бөлек Тулуза аумағындағы 100 мыңнан астам адам аэроғарыш саласымен тікелей немесе жанама байланысты тірлікпен шұғылданады. Жалпы, Францияның оңтүстігінде орналасқан шаһар Францияның тарихи-мәдени, ғылыми орталығы ғана емес, өнеркәсібі өркендеген қалаларының бірі саналады. Қаланың орталығындағы сонау орта ғасырларда салынып, мұрты бұзылмай сақталған тарихи ескерткіштерді, сыны кетпеген шіркеулерді, кезінде ат пен арбаға арналып төселіп, содан бері сапасын жоғалтпаған, тастан төселген тар көшелерді көргеннен кейін қаланың сыртындағы алып өндіріс орнына бірден бой үйрету қызық екен. Шаһар сыртындағы көрініс мүлде басқаша. Ішінде тура мағынасында ат шаптырып алуға болатын жабық ангарларда жұмыс қыз-қыз қайнап жатыр. Бей-берекет жүрген адам көрмейсіз, айқайлап бұйрық беріп жатқандар да жоқ. Бәрі тәртіппен, мінсіз жұмыс істейтін сағат сияқты рет-ретімен жүріп жатыр. Біз бас сұққанда алып ангардың ішінде бір мезгілде 6 ұшақтың қанат-құйрығы, фюзеляжы, яғни ұшақтың негізгі тұлғасы бір-біріне құрастырылып жатты. Ангардың сыртында құрастырылып қойылған, енді сыртқы әрлеу жұмыстары жасалатын тағы 3 ұшақ қаңтарылып тұр. Ұшақтар жақын күндері Бланьяк әуежайынан бірінші рет көкке көтеріліп, сынақтан өткізілуге тиіс. Сынақтан сәтті өткен, Қазақстанға қайтатын сәтті күтіп тұрған біздің ұшақ оңашалау аумақта бөлек тұр екен. Бүйіріне «Эйр Астана», «А320 neo» деген жазуы бедерленген ұшақ алыстан менмұндалап, көзге жылы ұшырайды. Дүние жүзі бойынша бейбіт мақсатқа арналған, азаматтық авиацияға қажетті ұшақтарды жасаумен жарты ғасырдан бері айналысып келе жатқан Airbus-тың табысы да миллиардтармен есептеледі. А320-ның коммерциялық директоры Франк Новаллонның айтуынша, жылдық табысы 45,9 миллиард еуроны құрайды. Америкалық Boeing-тың басты бәсекелесі болып табылатын компанияның тапсырыс портфелі алдағы 10 жылға дейін жоспарланып қойылған. Яғни, экономикалық дағдарыс, кірістің кемуі сынды қауіп-қатерлеріңізден онша қорқа қоймайды. Табысы – өзінің қалай жұмыс істегеніне ғана байланысты, әлемдік нарықтағы анау-мынау ахуалдар әсер ете қоймайды. Оның үстіне, қажетті бөлшектер әзірлейтін компаниялары Еуропа мен Азияның ең беделді, экономикалық локомотиві болып саналатын елдерде орналасқан. – Airbus-ты жаһандық компания деуге әбден болады. Біз алғаш рет азаматтық ұшақтарды біріздендіру қағидатын жүзеге асырған алғашқы компаниямыз. Яғни, ұшқыштардың кабинасы, сондай-ақ, барлық ұшақтарды басқару тәсілі бірдей деуге болады. Соның арқасында әуе компаниялары үшін ұшқыштар мен техникалық персоналды әзірлеу жолы оңайлап, шығын бұрынғымен салыстырғанда әлдеқайда азайды. Біздің компаниямыз ұшақты әуе компанияларына сатып қана қоймай, одан кейінгі аралықта да тәуліктің кез келген уақытында, жер шарының кез келген нүктесінде ұшақтарға техникалық қызмет көрсетуді жалғастыра береді. Клиенттеріміздің көптігі және олардың ризалығы бұл жұмыстың өте орынды екенін көрсетіп отыр, – дейді Новаллон мырза. Франк Новаллонның айтуынша, компания өндірістік қуаты мен өнімі экологиялық менеджементтің халықаралық стандарттарына толықтай жауап беретін алғашқы компаниялардың бірі екен. Өнеркәсіп процестерінің қоршаған ортаға тигізетін кері әсерін одан әрі төмендету үшін жұмысты жалғастыра беруге ниетті. Ұшақты тапсыру салтанатына «Эйр Астана» мен Airbus компанияларының басшылары, түрлі БАҚ өкілдері қатысты. Францияның Қазақстандағы елшісі Франсис Етьен, Қазақстанның Франциядағы елшілігінің өкілдері де салтанатты шараның басынан табылды. Тәжірибелі ұшқыштар, басқа да мамандар көп. Осы шарада «Эйр Астана» президенті Питер Фостерді әңгімеге тартқан едік. Оның айтуынша, А320 ұшақтарының пайдалану көрсеткіштері, сипаттамалары оның сенімді, қауіпсіз әрі ыңғайлы лайнер екендігіне ешқандай күмән қалдырмайды. – «А320 neo»-да тиісті көрсеткіштердің барлығы жетілдірілген. Ыңғайлылық, қауіпсіздік және үнемділік сияқты талаптардың барлығына толықтай жауап бере алады. Бұл ұшақ біздің компанияның әуе бағыттарын кеңейтуге жол ашады. Оны Жапония, Қытай, Оңтүстік Азия және Еуропа елдеріне ұшыруды жоспарлап отырмыз. Астана мен Алматыға жаңа рейстер ашылып, жолаушылар ағыны артуға тиіс, – дейді Питер Фостер. Салтанатты шара басынан «Эйр Астана» компаниясының аға вице-президенті Ербол Оспановты көрдік. Отыз жылдан астам тәжірибесі бар, «ТУ-154», «Boeing 747», «Boeing 757», «Boeing 767» сынды талай ұшақтарды тізгіндеген, ұзақ уақыт Қазақстан Президентінің әуе кемесінің командирі болған Ербол Абылайұлының жаңа ұшаққа көңілі толғаны байқалады. «А320 neo» -ның салонына мініп, штурвалға отырып та көріпті. – Қазір осы шара біткеннен кейін өзіміздің ұшқыштар елге ұшып кетеді. Ертең Алматының әуежайында тұруға тиіс. Мен сіздермен қаламын. Өзімнің де бірден жаңа ұшаққа отырып, ұшып кеткім келіп еді. Бірақ басқа да жұмыстарға байланысты қала тұруыма тура келді, – дейді ол. Ербол Оспанов айтқандай, «Эйр Астана» компаниясында бұрыннан бар Airbus-тармен ұшып жүрген ұшқыштар үшін жаңа техниканы тізгіндеу қиынға түспейді екен. Онлайнда бірнеше сағат курстан өтіп, сынақ тапсырса жетіп жатыр. Ұшақты зауыттан сатып алғанның тағы бір артықшылығы – кабинасына өзің тапсырыс бересің. Салонын өзіңе ұнаған былғарымен қаптауға, кейбір приборларды өзіңе ұнағандай етіп жабдықтауға болады. А320 neo-ның салоны, ұшқыш кабинасы солай дербес тапсырыс бойынша әрленген. Айтпақшы, «Эйр Астана» мен «Астана ЭКСПО-2017» ұлттық компаниясының арасында ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылғаны белгілі. Сөйтіп, «Эйр Астана» «ЭКСПО-2017 ресми әуе тасымалдаушысы» деген эксклюзивті мәртебеге ие болған-ды. Демек, халықаралық көрмеге келетін туристер тасқынын арттыруға, халықты халықаралық һәм ішкі рейстерде шаршатпай-шалдықтырмай тасуға жаңа ұшақ ат салысатын болады. Сонымен, біздің Тулуза қаласына барып, ұшақ зауытын аралап көріп, отандық әуе компаниясының флоты жаңа әуе кемесімен толыққанына куә болғанымызға да бірнеше күн өтті. Жаңа ұшақ жұрт назарына ұсынылғаннан кейін бірнеше сағаттан соң көкке көтеріліп, Қазақстанға самғап кеткен болатын. Салтанатты шара кезінде белгілі болғандай, 16 қараша күні «А320 neo» елорда әуежайында жұрт назарына ұсынылды. Ал кешеден бастап әуе кемесі қазақстандық һәм шетелдік жолаушыларға қызмет көрсетуін бастап кетті. Арнұр АСҚАР, «Егемен Қазақстан» Астана – Тулуза – Астана