Арқалық өңірі жұртшылығының ертеңгі күнге деген сенімін арттыра түсті
Қазақстан халқы Ассамблеясының атсалысуымен елордадан шыққан «Тәуелсіз Қазақстан» пойызы жарты ай көлемінде қасиетті Торғай өңірінің екінші орталығы болып есептелетін Арқалық қаласына ат басын тіреді. Тәуелсіздігімізді айтқанда ешкім «тарихтың қойып кеткен арбасындай» Торғайды айналып өтпейді. Мұнда халқымыздың азаттығы үшін аталардың қаны төгілді.
Алаш ардақтылары Ахмет Байтұрсынов пен Міржақып Дулатов ат жалын ұстап мінген, ерлік істері бүгінге дейін ел аузында аңыз болған Амангелді мен Кейкі батырлардың атой салған жері бұл.Торғай өңіріне «Тәуелсіздік пойызы» жеткен күні облыс әкімі Архимед Мұхамбетов бастаған жұмыс тобы Кейкі батырдың бас сүйегін жер қойнына тапсыратын орынды белгілеп қайтты. Қазақ даласына білім дәнін шашқан кемеңгер ағартушы Ыбырай Алтынсарин алғашқы мектебін Торғай даласынан ашты. Ұлы Дала қазақтың рухани теңізіне арналы өзендердей болып құйылатын зиялы тарихымыздың, ән-жырымыздың, шешендік өнеріміздің кеніндей көрінеді. Тарих демекші, соңғы жылдары, қостанайлық археологтар Торғай даласынан ежелгі тарих іздерін де байқап жүретін, мәдениет ашуды армандайтын. Сол болжам бекер емес екен, кейінгі 3-4 жылда Торғай геоглифтері туралы қызық мәліметтер Жер шарын шарлап кетті, ол әлем ғалымдарын таңғалдырып отыр.
«Тәуелсіздік пойызы» Арқалыққа келгенде қарашада ерте түскен қыстың бет шымшыған аязы күшіне мініп тұр еді. Бірақ бұл тұрғындарға өздері күткен пойызды көруге кедергі бола алмады. Қала әкімі Амантай Балғарин қонақтарды Арқалық өңіріне келуімен құттықтады. Нарықтың қандай сынына да төтеп беріп келе жатқан Арқалық қаласы мемлекеттік бағдарламалар арқасында бауырын жазып, нығайып келе жатқанын айтты әкім. «Арқалық – Шұбаркөл» темір жол желісінің төселуі айдалада ақ отаудай болып тұрған қаланы тұйықтан шығарды, қазір одан артылған жүк еліміздің қай шалғайына да жетеді. Бүгінде Арқалықтан жолаушылар пойызы жүре бастады, мұның өзі осы айналадағы 19 елді мекен тұрғындарының жүріп-тұруын жеңілдетті. «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының штаб бастығы Әміржан Әлпейісов Арқалық жұртын келе жатқан Тәуелсіздік тойымен құттықтап, осы акция аясында атқарылар міндеттер мен мақсаттың маңыздылығын айтты.
Арқалық қаласы тұрғындарының күнделікті тірлікте өздерін мазалаған мәселелермен күндік жер жүретін қашықта жатқан Астанаға да, облыс орталығына да бара беруі оңай емес. Сондықтан республикалық акциямен жолға шыққан пойыздың қызметі елдегі ағайынға мыңнан тигені арқалықтықтардың ұмтылысынан да көрініп тұрды. Пойыздың штаб бастығы Әміржан Әлпейісовтің жетекшілігімен Қазақстан халқы Ассамблеясының мүшелері қоғамдық қабылдау өткізді. Оларға арқалықтықтар 13 сұрақ қойып, қанағаттанарлық жауаптар алды. Соңғы жылдары Арқалық қаласы мен оның төңірегінде шағын және орта бизнесті дамытуға көңіл бөлініп отыр. Жұрттың бұл іске талабы да жоғары. Пойыздағы мамандардан көңіліндегі көп сауалға жауап алу үшін қырық шақты кәсіпкер жиналыпты.
– Жиналғандар негізінен ауыл шаруашылығында қызмет ететіндер екен. Олар өте маңызды мәселелерді қозғады. Мысалы, несиесіз, субсидиясыз ауыл шаруашылығы саласын дамыту қиын. Облыс орталығынан 600 шақырымдай қашықта жатқан Арқалық қаласы кәсіпкерлері несие алғанда екінші дәрежелі банктерге кепілдікке ұсынатын жылжымайтын мүлік мәселесінен қиналатынын айтты. Банктер Арқалықтағы жылжымайтын мүлікті алғысы келмейді. Соның мәселесімен кәсіпкерлердің құжатын қабылдау мерзімін де ұзаққа созады. Біз кәсіпкерлерге алдағы уақытта барлық банктерге кепілдікке алынатын мүлік жөнінде бірыңғай талап мәселесінің қаралатынын жеткіздік. Кездесуде диқандар тек сұрақ берген жоқ, «Қазагроқаржы» акционерлік қоғамы арқылы алып отырған мемлекеттік көмекке алғыс сезімдерін де білдірді, – дейді пойыз штабының мүшесі Арнұр Дәрібаев.
«Тәуелсіз Қазақстан» пойызы қай стансаға тоқтаса да дәрігерлер тыным таппай жұмыс істейді. Арқалық қаласындағы өңірлік аурухананың емханасында да дәрігерге көрінуге келген адамның қарасы өте көп болды.
– Осында келгелі таңертеңнен жұмысқа кіріскен дәрігерлер тыным көрген жоқ. Әсіресе, офтальмолог, кардиолог, балалар пульманологы, балалар кардиологы, невропатолог мамандарға көп салмақ түсіп жатыр. Арқалық төңірегінде көз ауруларынан, жүрек ауруынан зардап шегетіндердің қатары көп секілді. 20 дәрігердің барлығының да алды құр емес, адам көп. Пойыз жүріп өткен әр өңірдің ерекшелігі әртүрлі. Арқалықта дәрігерлерге келген адамның көп болуы емханалардың тар көлемдегі мамандармен жабдықталуының осалдығын да көрсетеді, – дейді пойыздағы медициналық қызметті үйлестіруші Серікжан Сабыралы. Кезекте тұрған кісілердің бірі пойыздағы дәрігерлердің бір күнге емес, үш күнге келгенін қалайтындығын да айтып қалды.
– «Тәуелсіз Қазақстан» пойызының қаламызға келгеніне қуандық, жақсы бастама екенінде дау жоқ. Бірақ дәрігерге қаралатындар үшін уақыт тым аз екенін де жасырғым келмейді, – дейді өзінің атын жазбауымызды өтінген арқалықтық әйел. Дегенмен, пойыздағы дәрігерлер барлығына үлгерді, кетерге дейін 451 адамды қабылдап, оларға кеңестер берді. Оның ішінде 104 баланы қарады. 41 науқасқа еліміздегі орталық клиникаларға көрінуге кеңес және жолдама берілді.Олардың арасында да 19 бала бар. Арқалық қаласы төңірегінің 550 тұрғыны пойызбен келген мамандардан әлеуметтік қорғау, зейнетақы төлеу, тұтынушылар құқын қорғау, заңнамалар туралы сұрақтарына жауаптар алды. Қазақстан халқы Ассамблеясының депутаттық тобы, Қоғамдық келісім кеңесінің және «Нұр Отан» партиясының мүшелері қалалықтарды қабылдады. «25 қайырымды іс» акциясы аясында «Тәуелсіз Қазақстан» пойызына қатысушылар Балалар үйіне жұмсақ жиһаз және сыйлықтар тарту етті.
Түстен кейін қалалық әкімдікте «Тәуелсіздік тарихы – ұлт рухының өлшемі» атты лекцияның тұсаукесері өтті. Онда Тәуелсіздік әкелген жаңғыртулар жөнінде келелі әңгіме өрбіді. Болгар этномәдени бірлестігінің жетекшісі Ольга Андриевскаяның, «Ахыска» түрік этномәдени бірлестігінің жетекшісі Әскер Пириевтің сөзі ынтымаққа, бірлікке үндеуімен жиналғандардың жүрегіне жол тапты. Кешке арқалықтық өнерпаздар концерт қойды. Онда Мәңгілік Ел рухы аспандап, Тәуелсіздік тойының лебі ескендей болды.
Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА,
«Егемен Қазақстан»
АРҚАЛЫҚ