Биылғы жыл – еліміз үшін ерекше жыл. Ғасырлар бойы азаттықты аңсап, өз тарихында «мың өліп, мың тірілген» қазақ халқы ата-бабаларымыздың ең асыл арманына қол жеткізгеніне, Тәуелсіз Қазақстан мемлекеті атанғанына ширек ғасыр толып отыр. Тарих үшін қас-қағым сәт саналатын осы қысқа мерзім ішінде еліміз Тұңғыш Президентіміз, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың көреген саясатының арқасында аймақ қана емес, алты әлемге танылған толыққанды заманауи мемлекет болып қалыптасты.
Өткен уақыт аралығында елімізде толыққанды демократияның салтанат құруына нық қадамдар жасалып, құқықтық-саяси тұрғыда дамудың жаңа кезеңі қызу қарқын алды. Елімізде жаңашыл саяси өзгерістер тыңғылықты әрі түбегейлі өрістеді. Бұл қоғамдық және мемлекеттік мүдделердің жаңа теңгермелігіне, мемлекеттік құрылыстың жаңа тежемелік әрі тепе-теңдік жүйесінің қалыптасуына өзінің ықпалын тигізіп, құқықтық демократияның әлемдік өркениетке сай өз ретімен және жүйелі түрде жүзеге асырылуына мүмкіндік берді.
Бұл өзгерістер Қазақстанның әлемдік қоғамдастықта айтар сөзін, отырар орнын білетін, дамыған алпауыт елдердің өзі пікірімен санасатын, алдына ең дамыған 30 елдің қатарына кіріп, Мәңгілік Ел болуды ұлы мұрат етіп қойған өршіл мақсатты мемлекет екенін танытты. Осы ұлы мұраттар тұрғысынан алдымен еліміздің ғасыр ортасына дейінгі даму бағыттарын айқындаған Мемлекет басшысы, оларды іске асырудың «100 нақты қадамы» – Ұлт жоспарын жариялап, 5 халықтық реформа аясында атқарылатын міндеттерді белгілеп берді.
Елбасы осы 5 реформа аясында бірінші кезекте кәсіби мемлекеттік аппарат құруды белгілесе, екінші кезекте құқық тәртібі мен заңдылықты қамтамасыз ететін сот жүйесін реформалауды алға қойды. Осы тұрғыда «100 нақты қадамның» 11-і тікелей сот жүйесін одан әрі дамытуға арналған. Мұндағы басты міндет – сот құрылымы мен сот ісін жүргізудің тиімділігін арттыру, сот төрелігіне қолжетімділікті қамтамасыз ету, заң үстемдігін сақтау және елімізде ең жоғары стандарттарға сай сот жүйесін қалыптастыру.
Қазірге дейін бұл міндеттерді заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету аясында жаңа Азаматтық іс жүргізу кодексі мен жаңа «Жоғары Сот Кеңесі туралы» Заң қабылданды. «Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы» Конституциялық заңға, Қылмыстық іс жүргізу кодексіне және Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекске қажетті өзгерістер енгізілді. Сөйтіп, Ұлт жоспарындағы сот жүйесін реформалауға қатысты аталған барлық 11 қадам құқықтық тұрғыда толық жүзеге асырылды.
Ең маңызды өзгерістердің бірі – азаматтардың сот төрелігіне қолжетімділігін жеңілдету үшін сот жүйесінің сатыларын оңтайландыру жүзеге асырылып, соттылықтың аражігін ашу үдерісі аясында үш буынды сот жүйесі өмірге келді. Әрине, бұл жүйенің ең басты артықшылығы – ендігі жерде сотқа жүгінген азаматтар көптеген сот сатыларының арасында сенделіп жүрмейді, әрқайсысының өз құзіреті бар үш буынды сотқа жүгінумен іске соңғы нүкте қойылады.
Сот төрелігінің әділдігін қамтамасыз ету үшін судьялар корпусын адамгершілік қасиеттері мен біліктілігі жоғары мамандардан жасақтау мәселесі маңызды шарттардың бірі екені даусыз, өйткені, әділдікке қызмет ету екінің бірінің қолынан келе беретін оңай шаруа емес. Дауласқан жақтарға төрелік жасауға, мемлекет атынан билік айтуға бел буып, судьялық қызметке келген адамның тартар ауыртпалығы да аз болмаса керек, өйткені, «қара қылды қақ жарып», әділдік сөзін айту мәртебелі болумен қатар, үлкен жауапкершілік жүктейді.
Осыған байланысты Ұлт жоспарын жүзеге асыру аясында судьялық лауазым-
ға үміткерлерді іріктеу тетіктері күшейтілді. Судьялық қызметке іріктер кезде үміткердің білім деңгейімен қатар, оның адамгершілік болмысы мен ар-ождан тазалығына, пайым-парасат тереңдігі мен таным-түйсігінің кеңдігіне басты назар аударылатын болады. Ойлау және сөйлеу мәдениеті, сондай-ақ мемлекеттік тілді меңгеру деңгейі де оларға қойылатын талаптардың бірі болуы керек.
Бұған дейінгі қалыптасқан тәртіп бойынша судьялыққа үміткерлердің жергілікті соттарда тағылымдамадан өтуі формальды түрде болуына байланысты оң нәтиже бермей келгені бәрімізге аян. Үміткер тағылымдамадан өзінің негізгі жұмысынан қол үзбей өтуіне байланысты оның сот мәжілістерін ұйымдастыруды, сот отырыстарын өткізуді меңгеруіне, сот актілерін сапалы әрі заң талаптарына сай жазып үйренуіне, түптеп келгенде, тиісті дәрежеде судья қызметіне машықтануына толық мүмкіндігі болмағаны анық.
Осы тұрғыдан алғанда, судьялыққа үміткерлерді жаңа жүйе бойынша соттарда бір жылдық ақылы тағылымдамадан өткізу тәртібінің енгізілуі, үміткерлерді іріктеу тәртібін күшейту мақсатында әрбір облыстық және оған теңестірілген соттарда іріктеу комиссияларының құрылып, бұл ретте заңгер мамандығы бойынша көп жылдық еңбек өтілі бар, оның ішінде сот істерін қарауға тікелей қатысқан, сол сияқты судья лауазымына біліктілік емтиханын тапсырғанда жоғары көрсеткішке ие болған әрі ғылыми атағы немесе дәрежесі бар тұлғаларға басымдық берілуі – олардың судьялық қызметке дайындық деңгейін көтеруге бағытталған қадам.
Судьялардың кәсіби қызметін бағалаудың енгізілуі де сот корпусының сапалық құрамын жақсартуға, олардың біліктілік дәрежесінің өсуін ынталандыруға, жауапкершілігін жоғарылатуға жаңа серпін береді деп есептейміз.
Соттарда дыбыс және бейне жазуды қолданып, сот үдерісі кезінде мәтінді жазуды тоқтату мен өзгертуге жол бермейтін заманауи ақпараттық технологияның енгізілуі – сот төрелігінің ашықтығы мен қолжетімдігін, судьялардың, сот үдерісіне қатысушылардың тәртібін жақсартып, даулардың әділ шешілуін қамтамасыз ету арқылы қоғамның соттарға деген сенімін арттыруға қосымша кепіл болатыны сөзсіз.
Қазіргі кезде Алматы қаласының соттары дыбыс-бейнежазба құрылғыларымен толықтай жабдықталған және барлық сот процестері дерлік дыбыс-бейнежазбаға түсіріледі. Бұл жүйе, бір жағынан, нақты сот істерін қарау барысында судьялардың бейтараптығын қамтамасыз ету үшін маңызды кепіл болса, екінші жағынан, судьяларға қойылатын талаптарды жетілдірудің тиімді құралы ретінде қызмет етуге арналып, тараптардың тәртібін нығайтады. Түптеп келгенде, мұның бәрі судьяның әрекетіне айтылатын шағымдарды азайтады.
Осыдан үш жыл бұрын өткен Қазақстан Республикасы судьяларының VІ съезінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев алға қойған міндеттерді жүзеге асыруда қыруар іс атқарылғанының куәсі болып отырмыз. Мұның бәрі – егемендіктің алғашқы күндерінен бастап, тәуелсіз сот жүйесін құруды мемлекетті нығайтудың басым бағыттарының бірі ретінде белгілеп, оны жүзеге асыруға үнемі қолдау көрсетіп келе жатқан Елбасының өлшеусіз еңбегінің нәтижесі.
Ал адамның тағдырын шешу, даулы мәселелерге әділ төрелік айту қашан да оңай болмаған. Судьяға түсетін салмақтың ауырлығы да белгілі. Мұны ел басшылығы да жақсы түсініп, мемлекет тарапынан еліміздің бүкіл судьялар жасағына үнемі қамқорлық көрсетіліп келеді. Биылғы жылдың басынан бастап қызметін ұзақ жылдар мінсіз атқарып, зейнет жасына жетіп, құрметті демалысқа шыққан судьяларға өмір бойғы ай сайынғы қамтылым төлеу туралы шешімнің қабылдануы да мұның айқын дәлелі.
Елбасының сот саласы қызметкерлеріне сенімі еліміздің бүкіл сот жүйесіне, әрбір судьяға үлкен жауапкершілік жүктейді. Өйткені, әділдік салтанат құрған қоғамда ғана тұрақтылық пен өсіп-өркендеуге негіз қаланады. Азаматтар уайым-қайғысыз, бейбіт те белсенді болып, ұрпағының болашағы үшін нық сеніммен өмір сүреді. Мемлекеттің орнықты дамуына, алға қойған ұлы мұраттарына ұмтылуына қолайлы жағдайлар жасалады.
Біз бүгін алдымызға Мәңгілік Ел болуды ұлы мұрат етіп қойған елміз. Осы мұратқа жетуде азаматтардың ұлттық сот жүйесіне деген берік сенімін, отаншылдық, мемлекетшілдік сезімдерін нығайта отырып, сот төрелігін әділ жүргізу арқылы әрбір судья бұл іске орасан зор үлес қоса алады.
Ақжан ЕШТАЙ,
Алматы қалалық сотының төрағасы