18 Қараша, 2016

Қоныс тойлар көбейеді

324 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
Бүгінде елдің басты мәселесі  баспаналы болу ғой. Соңғы жылдары мемлекетіміздің серпінді дамып, тұрғын үймен қамту бағдарламаларының жүзеге асырылуымен халқымыздың пәтерлі болуға деген сенімі күшейді. Елбасы қазақстандықтарды қолжетімді баспанамен қамтамасыз етуді басты міндет етіп қойғаны белгілі. «Бәйтерек Девелопмент» АҚ басқарушы директоры Асылжан Құртаевтың айтуына қарағанда, бұл мекемеге кредиттік және жалға берілетін тұрғын үйлер салу бағыты бойынша 113 млрд теңге қаражат бөлініпті. Тағы 67 млрд теңге қоғамға жергілікті атқарушы органдар арқылы тұрғын үй нысандарының құрылысын қаржыландыру үшін жұмсалады. Бүгінгі күні «Бәйтерек Девелопмент» АҚ Тараз қаласында 395 пәтер салуға жеке құрылыс салушылармен 5 инвес­тициялық шарт жасасты. Сөйтіп, 2016-2017 жылдары бұл мекеме Жамбыл облысында 22,5 мыңнан астам шаршы метр тұрғын үйлердің құрылысын салуды жоспарлап отыр. Қазір Тараз қаласының «Арай» тұрғын үй массивінде алты көп пәтерлі тұрғын үйдің бірінің құрылысы аяқталуда. Бұл үйлер осы қараша айының соңына дейін пайдалануға беріледі. Сондай-ақ, желтоқсан айында тағы 80 отбасы мемлекеттік бағдарлама бой­ын­­ша салынған жаңа пәтерлерге қо­ныс­танбақ. Ал 2017 жылдың бірінші жартыжылдығында осы шағын ауданда тағы 315 пәтердің құрылысын аяқтау жос­парланып отыр. Әрине, осынау жап-жаңа баспаналарда елдің қуанышы, жаңа пәтерге ие болған қаншама отбасының немесе қаншама жандардың батасы, бақыты, алғысы жатқаны анық. Ендеше, елімізде қоныс тойлар көбейе бергей. Оралхан ДӘУІТ, «Егемен Қазақстан» Жамбыл облысы