18 Қараша, 2016

Елдерді алаңдатқан көші-қон

352 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін
Астанада  Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымына мүше мемлекеттердің құзыретті орган басшылары бас қосып, онда аталған ұйым аясында «Заңсыз келуші-2016» деген шартты атаумен ұйымдастырылған заңсыз көші-қонға қарсы күрестегі іс-қимыл жөніндегі жедел-профилактикалық іс-шаралар мен арнайы операцияларды өткізу қорытындылары талқыланды. Жиынға Армения, Беларусь, Қырғызстан, Ресеймен қатар, біздің елдің құзыретті орган­дарының өкілдері, сондай-ақ, ҰҚШҰ Бас хатшысының орынбасары Валерий Семериков пен Еуразиялық экономикалық комиссияның Экономика және қаржы саясаты жөніндегі министрі Тимур Сүлейменов қатысты. Қатысушылар қауымы ҰҚШҰ-ға мүше мемлекеттер арасындағы көші-қон қызметтері мен шекара қызметтерінің аталмыш ұйымға мүше елдердің қолданыстағы заңнамалық нормаларын сөз етті. Сонымен қатар, салынған тыйымға қарамай заңсыз кірген адамдарды ҰҚШҰ аясындағы мемлекеттер аумағынан шығарып жіберу жайы және депортацияланған азаматтарға қатысты ақпараттарды алмасу тетігін құру бо­йынша бірлесе әрекет етуді ұйымдастыру мәселелері қаралды. Жабық есік жағдайында өткен жиын ортасында арнайы БАҚ өкілдеріне спикер ретінде шыққан Ішкі істер министрінің орынбасары Ерлан Тұрғымбаев күн тәртібінде заңсыз көші-қон мәселелері жан-жақты талқыланып жатқанына тоқталды. Оның пікірінше, ҰҚШҰ аясында бұдан былай аталған бағыт­тағы жұмыстары күшейе түсетін көрінеді. «Бұл ретте біз ұйымға мүше мемлекеттер арасындағы әріп­тестікті тереңдете түспекпіз. Сол мақсатпен Заңсыз көші-қонға қарсы күрес жөніндегі үйлестіру кеңе­сінің отырысын өткізіп, оның төрағасы ретінде Ресей Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Алек­сандр Горовой сайланды», – деді ол. Ал кеңес төрағалығына сайланған А.Горовой ҰҚШҰ аума­ғында жалған құжатпен жүрген мигранттар мәселесі ұйымға мүше елдердің тиісті ведомстволарын алаңдата бастағандығын айтып өтті. «Заңсыз көші-қон ағыны Таяу Шығыс өңіріндегі тұрақсыздықтан туындап жатқаны белгілі десек те, олардың арасында жалған құ­жат­тармен жүретіндері аз емес. Мы­салы, біз осы күндері Сирия мен Ирактың қарақшылары қолды еткен 60 мыңнан астам паспорттың ақ-қарасын ажыратудамыз. Әрине, оларды лаңкестік топ мүшелері те­ріс пиғылмен қолданды деп бол­жауға әбден болады», – деді А.Горовой. Осы мәселеге орай әріптесінің сөзін жалғаған ҰҚШҰ Бас xат­шысының орынбасары Валерий Семериков болса, биылдың өзінде Сирия, Ливан, Ирак пен Йемен сияқты елдерден 70 мыңға жуық азамат ҰҚШҰ аумағына өтіп кеткенін тілге тиек етті. Жалпы, ҰҚШҰ Хатшылы­ғы­ның ұсынған деректеріне сүйенсек, отырыста тұрақсыз аймақтардан босқындардың ықтимал ағынымен байланысты жағдайды мониторингтеу нәтижелері мен ұйымға мүше мемлекеттерден пана іздеген адамдардың жаппай келуінен туындайтын төтенше жағдайлар да күн тәртібінде қызу талқыланған. Сондай-ақ, кеңес барысында ІІМ орынбасары Е.Тұрғымбаев Қазақстанның заңсыз көші-қонға қарсы іс-қимылда басқа мемлекеттермен бірлесе әрекет ете отырып, ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі мен қысқы Универсиаданы өткізу жайын баяндаған. Ол қос шараның қауіпсіздігін қамтамасыз ету арқылы еліміздің туристік және инвестициялық қызығушылығын жақсартуда маңызы жоғары екені айтпаса да түсінікті. Нұрлыбек ДОСЫБАЙ, «Егемен Қазақстан»