19 Қараша, 2016

Өзеннің ежелгі атауы – Шыңғырлау

1302 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
«Егеменнің» Орал қаласындағы тілші қосынына баспасөз ардагері, Қазақстанның құрметті журналисі, сексеннің сеңгіріне шыққан ел ағасы Қуанышқали Ғұсманов келді. Амандық-саулық сұрасқан соң келген шаруасын айтты. Портфелін ашып, ішінен компьютерге басылған бір парақ қағазды алып ұсынды. Мұнда Бөрлі ауданының бір топ тұрғындары хатты тұп-тура газеті­міз­дің басшыларына жазыпты. Сол кісілердің өзіне жолдамадыңыздар ма?» деген сауалымды елең қылмай: «Сіз об­лыстағы «Егеменнің» өкілі емессіз бе? Сондықтан, хатты өзіңізге аманат етіп тапсырамыз. Немесе осы хаттың желісінде материал әзірлесеңіз оған да ризамыз» деп ақсақал табандап оты­рып алды. Амал жоқ, аға буын әріп­те­стің айтқанымен келісуге тура келді. Хаттың мазмұны былай. Еліміздегі жер, су мен елді мекен­дер­­дің қай-қайсысының да халық қой­ған ежел­гі атаулары бар екені белгілі. Соның бірі –Шыңғырлау өзені. Бұл өзен Шыңғырлау ауданының шығыс бөлігіндегі Меловая тауынан басталып, теңіз бетінен 10-15 метр биіктікте ағатын Жайық өзеніне құяды. Әрі екі ау­дан­ның аумағы арқылы өтеді. Осы екі арада Бөрлі ауданының Ақсу, Кен­түбек, Пугачев, Бөрлі, Бумакөл ауыл­­дық округтері орналасқан. Осы хат­қа қол қойып отырған аға буын азаматтардың бәрі Шыңғырлау өзені­нің бойында дүниеге келіп, оның суына шомылып өскендер. Айтайын дегеніміз, ежелден Шың­ғыр­­лау деп аталған өзен бүгінде Утва деп бұр­маланып айтылып жүр. Әрі дәл осылай қате жазылып жүр. Шың­ғырлау ауданы аумағында Шың­ғырлау өзені деп о бастағы төл атауы бойынша дұрыс аталса, Бөрлі ауданына келгенде Утва болып өзгеріп шыға келеді. Сонда бір өзенде екі атау болғаны ма? Бұл тарихи шындық пен қисынға мүлдем сәйкеспейді. Елі­міздің тәуелсіздік алғанына биыл жиырма бес жыл толып отыр. Кеңес­тік кезеңдегі тоталитарлық режимде орын алған үстірттіктерді енді өзі­міз түзетуіміз қажет емес пе? Бұл үшін біздің қолымызды ешкім қа­ғып отырған жоқ. Келімсектердің ке­сі­рі­­нен өзгерген елді мекендер мен жер, су атауларының төл мағынасын қай­та­дан орнықтыру – бәріміздің ортақ па­рызымыз. Бұл тұжырымның Утва деп қате аталып жүрген Шыңғырлау өзеніне де тікелей қатысы бар. Тіпті, сонау алпысыншы жылдарға дейін еліміздің географиялық-әкімшілік картасында өзен атауы Шыңғырлау деп дұрыс жазылғанын да көзіміз көрді. Одан бергі кезеңде нендей түлен түртіп кет­кені біз үшін белгісіз күйінде қа­лып отыр. Осы мәселе жөнінде жергілікті ат­қа­рушы және сайланбалы органдар басшыларының атына бірнеше дүр­кін хат та жазғанбыз. Бірақ, бұдан ешқандай нәтиже болар емес. Біздің қолымызда 2010 жылғы 19 ақпан­да жіберілген сол кездегі ҚР ҰҒА География институтының аға ғылы­ми қызметкері, топонимика тобының жетек­­шісі, Үкімет жанындағы ономастика комиссиясының мүшесі Сламқұл Әбдірахмановтың хаты да бар. Өйткені, біз сол кезде ҚР Мәдениет және ақпа­рат министрлігінің Тіл комитетіне Шыңғыр­лау өзенінің төл атауын қайтару жөнінде хат жолдағанбыз. Бұл сол хатқа байланысты жазылған жауап еді. Мұнда аталған институт шы­ғарған 32 томдық «Қазақстан Рес­пуб­ликасының географиялық атаулары каталогының» он екінші томында бұл өзеннің Утва деген жаңсақ атауы тү­зетіліп, Шыңғырлау деп берілгені ай­тылған. Бұдан кейінгі шығып жатқан карталар мен жер, су атауларына қатысты бас­қа да ғылыми еңбектерде тек ха­лық берген төл атау жазылатыны мә­лім­дел­ген. Хат иесі өз жауабын бұл мә­се­лені жергілікті орындаушы орындар мен аудан тұрғындары қадағалап оты­руы қажеттігін көрсеткен. Амал қан­ша, Абай атамыз айтқандай, «баяғы жартас, бір жартас» деген хал-күйді әлі де бастан кешіп келеміз. Біз Шың­ғырлау өзенінің ежелгі атауын қай­та­ра­тын уақыт әлдеқашан жетті деп біл­еміз. Міне, бір топ тыл және еңбек ар­да­­­гер­лері, ауданның құрметті аза­мат­тары қол қойған хат осылай түйін­де­ліпті. Біздің басқа айтарымыз жоқ. «Егеменге» елден келгенде ай­тайын де­ге­німіз осы мәселе еді. Осы хат өзі­ңіз­ге аманат, деді еліне жү­рер сәт­те Қуанышқали Ғұсманов ақсақал. Әл­бетте, аманатқа қиянат жа­сауға болмай­ды. Сондықтан, ел­дік­ті көксеген жердің атын елдің хатына балаған ел ағаларының тілегін га­зетімізге жолдағанды жөн көрдік. Темір ҚҰСАЙЫН, «Егемен Қазақстан» Батыс Қазақстан облысы, Бөрлі ауданы