19 Қараша, 2016

Ахико – жасампаз рухтың бейнесі

426 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін
381a9486Жаңашыл бағытта жұмыс істеп жүрген режиссерлер қазақ театр өнерінде көп емес. Ал аздың бірі деп Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, режиссер Асхат Маемировтың есімін нық сеніммен атауға болады. «Қара шекпен», «Қоштасқым келмейді» сияқты қойылымдары сахнаның сұрша бояуларынан жалығып, жаны жаңа көркемдік кеңістікті аңсайтынының дәлеліндей сезілген еді. Жақында осы спектакльдерінің қатарын «Ақтастағы Ахико» пьесасы толықтырды. Бұл туралы «Егемен Қазақстан» газетінде кеңінен толғап жазылды. Еуропа, Ресей үшін таңқаларлық құбылыс болмаса да, қазақ театр кеңістігінде тұңғыш рет көзі тірі кейіпкер өзі туралы  қойылымға куә болды. Осылайша, театр өнерінде деректі драма жанрындағы спектакльдің пайда болуына Асхат Маемиров тарыдай болса да өз үлесін қосты. Ал тамұқтың отын кеше жүріп, адам төзгісіз азаптан аман шығып, Қазақстанды Отаным деп таныған Ахико Тецуро туралы жақында ғана Жапонияға барған сапарында Президент Н.Назарбаев жапон депутаттарына тебірене тұрып баяндап берген еді... – Асхат мырза, Президентіміз жуырда жа­пон парламентарийі алдында М.Әуезов атын­дағы академиялық драма театрында сіз сахналаған «Ақтастағы Ахико» пьесасы ту­ралы айтып, бұл оқиғаны екі халық­тың ара­сындағы жа­ра­сымдылық пен сый­лас­тық­тың үлгісі етті. Жа­пон тұтқыны тура­лы қой­ған спектакліңізді Жа­понияның ең үлкен мем­лекеттік телеарналары мен ақпарат құ­рал­дары да сүйіншілей жарнамалады. Ай­ты­ңызшы, қандай күйде отырсыз? – «Ақтастағы Ахико» – шығар­ма­шылық, көркемдік те­бі­ре­ністен туған дүние болған­дық­тан өзіме ыс­тық екені рас. Спектакльдің  желісі деректі негіздерден, тарихи фактілерден құралған. Сондықтан тағдыры сан мәрте қылкөпірден өтсе де, рухын жоғалтпаған Ахико Тецуроның адами болмысы – жақсылық пен жалғандық, жауыздық пен мейірімділік секілді ұғымдардың тереңіне бойлатады. Ұлты жапон болса да, Қазақстан то­пы­рағын ерекше қастерлейтін, ұлы даланың қадір-қа­сиетіне жете алатын Ахико Тецуроның өмір жо­лы мен қилы тағдыры мені алабөтен толқытты. Жапон мен қазақтың болмысы, мінезі ұқсас, өмір сүру философиясында да, дүниетанымында да бір жақындық бары сезіледі. Қазақ жерін мекен етіп, бар тағдырын байланыстырған жапон азаматының өмірін осы ұқсастықпен қабыстыра бейнелегіміз келді. Байқасақ, отызыншы жылдары Алаш арыстары да Жапония сияқты ұлттық мемлекет құруды мұрат тұтты, бірақ қақпанына түсірген қызыл империяның отаршылары оларға «жапон тыңшысы» деген айып тақты. Керісінше, қорлық көрсе де, сау адамның санасына сыймайтын зұлымдықтың түр-түрімен бетпе-бет келсе де, жапон тұтқынының қазақ халқына бауыр басып кетуін, байтақ даланың мейіріміне молынан қанып, сусындап өскенін көрсетуге тырыстық. Сахнаның көркем шындығымен көмкеріліп өмір­ге келген туындының Жапония жеріне жа­саған сапары кезінде Елбасының аузымен үлкен мінберде айтылғаны мен үшін күтпеген оқиға болды. Тосын жағдайға қуандым. Алғаш «Ақтастағы Ахико» спектаклі сахнаға шыққан күндері Жапонияның алдыңғы қатарлы телеарналары, ал келесі күні басқа да ақпарат құралдары хабарлар таратқан еді. Көп уақыт өтпей жатып Президентіміз Токио төрінде тұрып, Жапония Парламенті депутаттарының алдында сөйлеген сөзінде көптеген жапондықтардың тағдыры Қазақстанмен бірге өрілгенін еске салып, лагерьден босатылған соң Қазақстанда қалған Ахико Тецуроның тарихын баяндады. Жерлес­терінің тарихынан хабардар болған жапон үкіметі оны тарихи Отанына шақырып, «ұлттық батыр» ретінде танып, азаматтық беріп, үй-жаймен қамтамасыз етіп, құрмет көрсетсе де, Ахико бәрібір Қазақстанға қайта оралып, әлі күнге отбасымен Қазақ елінде баянды ғұмыр кешіп жатқанын айтты. Ұрпаққа адамгершілік пен ізгілікті ғана аманаттап кеткен асыл сөздің қазынасы Абайдың ұстанымға айналдырғысы келген «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» қағидасын қазағының қапысыз орындағаны, ал Ахиконың жүрегіне сіңіріп өмір сүргенінің ұлы мысалы осы емес пе? Ұлт пен ұлысты еш жатсынбай бауырына баса алатын кеңпейіл қазақ халқының жерұйық мекенінен жапон азаматтары да бақыт тапты. Ахико секілді зұлмат аждаһасының аузынан аман қалып, қазақ жерінде бақытын тапқан барлық азаматтар үшін Қазақстан биік рухтың, жасампаздықтың алтын бесігі. – Қойылым барысында Ахикомен бірге отызыншы жылдардың аяғында қуғынға ұшыраған Алаш арыстарының да көркем бейнесіне куә болдық. Бұл кейіпкерлер драма жазылған кезде арқау болды ма? – Ұлттық идея үшін басын бәйгеге тігіп, Алаштың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған үркердей арыстар тобы түгелге дерлік жалған жаламен «халық жауы» аталып, сталиндік әкімшіл-әміршіл жүйенің құрбандары болса, олардың жарлары, ұл-қыздары да озбыр қоғамнан жазықсыз жапа шекті. Олардың арасында «Карлагтың» темір қапасында отыр­ған қайраткерлеріміз болды. Қиындыққа жасы­ма­ған, адами рух мықтылығын жоғалтпаған аяу­лы арыстардың өмірі бозбала Ахиконың көз алдында өтеді. Ақиық ақын Сәкеннің әкесі Сей­фолла Оспанов, Жанайдар Сәдуақасовтың әкесі Сәдуақас Жалмақанов пайғамбар жасынан асқан шақтарында шын мәнінде «Карлагтың» те­мір торына қамалып, «халық жауының» әкелері бол­ғандығы үшін жазықсыз атылып кеткен ары­стар. Ал Алаш ақыны ретінде көрінетін Ахмет – ұлттық мүдде мен елдік мақсатты ту ет­кен, отандық мәдениетіміздің ілгерілеуіне ба­рын­ша атсалысқан, сталиндік тоталитарлық ре­жи­мн­ің қудалауына ұшыраған А.Байтұрсынұлы, М.Жұмабаев, Ж.Аймауытов, Ш.Құдайбердіұлы, С.Сейфуллин, Б.Майлин, І.Жансүгіров сынды қазақ зиялыларының прототипі. Аталмыш қойылымда көптеген көркемдік сахналық құралдар арқылы ақтаңдақ жылдардың ақиқатын айтуға, көрермендер жүрегіне жол таба білуге тырыстық. – Премьера кезінде кейбір көрерменнің қан қысымы көтеріліп, «Жедел жәрдем» шақырылыпты. Спектакль қуатының күшті болғаны ғой?.. – Карлагтың сұмдығы, зұлмат заманның шындығы санасына, жүрегіне әсер еткен болар, соңғы екі премьерада да сондай жағдай орын алды. 15-16 жастағы бозбаланың алғаш рет адам төзгісіз азаппен бетпе-бет келіп, онымен күресуі, азапты кешіп жүріп оны жеңіп шығуы кез келген адамның жүрегін шымырлатып, жанарына жас үйіріп, көңілін толқытады. Айтулы актеріміз Д.Ақмолда сахна төрінде шынайылықпен Ахиконың мұң-зарын жеткізген кезде, бұғып жатқан ең қуатты сезімінің өзі бұлқынып, лықсып шыққан болар. – Спектакльден байқағанымыз, М.Әуезов теа­трының актерлері де сахнада жапон ұлты­ның дәстүріне сай биязы қозғалып, сөйлеу мә­не­рін, жүріп-тұруын, тіпті, үніне дейін мең­ге­руге тырысқандары байқалды. Әсіресе, актри­са Зарина Кәрменова нақтырақ кейіптеді. Спек­такль­ге жапондар кеңесшілік жасаған-ау, шама­сы... – Спектакльдің әзірлігі басталмай тұрып Жа­понияның Қазақстандағы елшілігінде 3-хатшы болып қызмет істейтін, қазақ тіліне судай Марико Цунокаке ханым жапон этикетіне қа­ты­сты білуге тиіс дүниенің бәрін түсіндіріп, айтып оты­рды. Пьесаға қажет жапон әндері мен музы­ка­ны сұрыптауға көмектесті. Әйелдің мінезі қан­дай, ер адамның мінезі қандай болуы керек, осы­ған­ дейін тәптіштеп, егжей-тегжейлі түсіндіріп бер­ді. Өзі Жапонияда оқып жүргенде жекпе-жек өнер­імен айналысқан екен. Сол себепті қылышты қа­лай кезенуден кимононың белдігінің қалай тағы­латынына дейін өзі келіп көрсетті. Мұның бар­лығы театр артистеріне үлкен бағдар болды. Осы жанашырлығы мен көмегі үшін Марикоға үлкен алғысымды айтқым келеді. – «Ақтастағы Ахико» пьесасының авторы Мәдина Омарованың шығармашылығымен бұрыннан таныссыз ба? Бүгінде 15-ке жуық пьеса жазған Мәдинаның драматургиялық қарымын қалай бағалайсыз? –Мәдина – аз сөзбен-ақ кейіпкердің ойын жеткізетін өзіне тән суреткерлік стилі бар жазушы ретінде маған бұрыннан таныс еді. Әсіресе, кейіпкердің ішкі психологиялық иірімдерін, ішкі қақтығысын жақсы жеткізеді. Кейіпкердің бойынан мистика көре алатыны, метофизикалық тәсілдерге бой ұрып жүргені аңғарылатын. Осыны өзінің драматургиялық жұмыстарында да қолдана бастады. Режиссер Алма Кәкішева «Жолаушы», «Жалт еткен бір сәуле» деген қос бірдей дүниесін Батыс Қазақстан облыстық драма театрында сахналады, ал Әкемтеатр секілді өнердің үлкен қарашаңырағында тырнақалды туын­дысының қойылуы – зор жетістік. Ре­жи­с­сер ретінде Мәдинамен шығармашылық тү­сіністікпен, сеніммен жұмыс істей алдық деп ойлаймын. Келіспеген сәттеріміз де көп болды. Бірақ, біріміз режиссер, біріміз драматург ре­тін­­де, екеуміз де қым-қиғаш қайнаған жұмыс ішін­де шығармашылық бір биікті бағындырған сияқ­тымыз. Алдағы уақытта да Мәдинадан үлкен үміт күтемін. – Асхат, өнерді қадірлейтін Президентіміз рухы биік Ахико туралы үлкен мінберден айтып жатыр. Елбасымызды театрға арнайы шақырып, көрсету ойыңызда жоқ па? – 24 қараша күні М.Әуезов атындағы драма театрының Қарағанды өңіріне гастрольдік сапары басталады. Ақтаста тұратын Ахико Тецуроның жасы бүгінде 86-да. Алматыға арнайы шақырып, өзі туралы спектакльді көр­сеткіміз келіп-ақ еді, бі­рақ жасы келіп қалған адам үшін ондай сапар оңай емес. Ал енді Ахико ата­­мызды Қарағанды театрына ша­қырып, көр­сету ойымызда бар деген хабарды театр бас­шылығы жеткізіп отыр. «Ақтастағы Ахико» спек­таклінің 1 желтоқсан – Қазақстанның Тұң­ғыш Президенті күні қарсаңында Астанада қойылатыны белгілі болып отыр. Себебі, осы күндері М.Әуезов театры Тәуелсіздіктің 25 жылдығына арнаған жұмысын  елорда көрерменіне ұсынбақ. Астана халқының алдында шығармашылық есеп беру сапарындағы қойылымға Ахико Тецуро міндетті түрде келіп қатысады деп үміттенеміз. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Айгүл АХАНБАЙҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»