19 Қараша, 2016

«Ұрлық түбі – қорлық» болмай тұр...

2350 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Біздің үйдің тұрғындары қалаға жақын ауылда тұрып, мал ұстайтын күзетші түрік жігітінен қолдың сүтін сатып алатынбыз. Сайрап бірнеше күн жұмысқа шықпай қалды. Келген соң сұрасақ: «Апай, сиырымды ұрлап кетті ғой. Бір апта аяғымнан таусылып іздегенімді қайтейін, сойып алып басы мен ішек-қарнын қалдырып кетіпті», деп еңгезердей азамат еңкілдеп қоя берсін. «Бұрын да төрт сиырымды ұрлаған, сүтін сатып бала-шағаның керек-жарағын ажыратып отырған соңғысын да құртты» деп көңілі бір босасын. Кейін көрген сайын «ұрыдан хабар бар ма?» деп сұрасақ болды, елуден асқан жігіт ағасының көзі боталап шыға келеді. Есімде, біздің үйдің де екі жылқысын қорадан ұрлап әкеткенде, әкем құсадан бір апта жатып қалған. Өйткені, бетіне қарап, отбасын асырап отырған малы еді. Былтыр ғой ауылда тұратын шиеттей бала-шағасын малмен асырап, үш баласын ақылы оқытып отырған немере інімнің 17 жылқысын бір түнде айдап әкетті. Полициядан қайыр жоқ болған соң, аяғынан таусылып бір айға жуық жоқ іздегені бар, көріпкел-балгерлерді жағалағаны бар, оған да бір жылқының құны кетті. Тағы бір досымыз бір үйір жылқысынан айырылып ол отыр. Алматыда тұратын құдашаның қыз-күйеуі ұйықтап жатқанда, ұрылар терезеден кіріп, пәтер сатып аламыз деп отырған 50 мың долларын әкеткен. Ұрының кіргенін білгенмен, тірі қалудың амалын ойлап, тырп етпей жата берген. Олар қазір үйсіз қалғанын уайымдап, жандарын олжа етуде. Міне, бұл менің білетіндерім, ал мұндай елді қан қақсатып жүргендер қаншама. Елімізде биылғы жыл басынан 6 мыңнан аса мал ұрлығына байланыс­ты қылмыс тіркелген. Ұрланған малдың саны 100 мыңға жуықтап, қылмыстың осы түрі өршіп тұр. Бұл құқық органдарына шағымданғандары, оған «ұры түн ас­қанша», «бастан құлақ садаға» деп отыр­ған­дарды қосыңыз. «Ұрысы күшті болса, иесі өлер» деген, жақында Алматы облысында бүкіл елді дүрліктірген жаға ұстайтын қанды оқиға болғанын білесіздер. Қандықол қарақ­шы­лар елді еркінсіп, есіріп басынғаны сонша, барымталауды қойып, айла асырып, малды иесімен бірге алдап апарып, ағайынды үшеуін өлім құштырды. Бұл не деген сұмдық?!. Бүгінде ақшаны адал еңбекпен емес, ұрлық-қарлықпен, әлімжетікпен табуды кәсіп етіп, «бизнеске» айналдырған заман болып тұр. Бұларыңыз адамның ақ адал малын ғана емес, жанын да тонап жатыр. Ұрлықтың үлкен, кішісі болмайды. Тек қана ауылдағы мал ұрлығы емес, елімізде пәтер, көлік, қалта, көше ұрлығы да көбейіп кетті. Бір ғана мысал, Алматы қаласының Медеу ауданында жыл басынан пәтер тонау төрт есе артып, адам көп жиналатын Көк базарда биылдыққа бір жарым мың ұрлық тіркелген. Ірі сауда орындарында – 500, 28 панфиловшылар паркінде 600 адам зәбір көрген. Жалпы, Медеу ауданында бүгінде ашылмаған 3 мың қылмыстың тіркелуі көп жайтты аңғартса керек. Қылмыстық заңнамада ұрлық – бөтен­нің мүлкін жасырын алу, ал тонау – өзгенің мүл­кін ашық ұрлау, ал қарақ­шылықпен ұрлау – ұрлықтың ең қауіпті нысаны саналады. Ол кезде күш көрсетумен немесе күш қолданып қорқытумен шабуыл жасау – адамның өмірі мен денсаулығына қауіп төндіреді. Сондықтан қоғамда қай ұрлық болсын өте қауіпті қылмыс қатарында. Әлемдік тәжірибеде, әсіресе, елдегі дағдарыс кезінде ұрлықтың қай түрі де өршитіні заңдылық. Сөйтіп, олар жәбірленушілерге материалдық зиян келтіріп қана қоймай, олардың өмірі мен денсаулығына қастандық әрекет жасаумен байланысты болады. Жақында Қытайда тұратын құдала­ры­­мыз қонаққа келгенде, Алматы облысы­н­- ­д­ағы сұмдық оқиғаны телеарналардан көрсетіп жатты. Қытайда ұрлық жасаған адамның қолын кеседі деген әңгіме еститінбіз. Сол кеуесеттің анығын білу үшін сұрағанымызда, ондай заңның жоқ­тығын, бірақ ұрлық өте қатаң жазаланаты­нын айтты да, өздері басынан өткізген бір мысал келтірді. Кешкісін жайбарақат оты­р­ған отбасына беттерін пердемен тұм­шалап, суық қару ұстанған ұрылар келіп, үйді тінтігенде бар болғаны бір-екі доллар табады. Қарақшылар осындай жолмен көпе-көрінеу бірнеше отбасына кіріп тінткенмен, мардымды еш­теңе таппаған. Ал ізіне түскен полиция ұры­ларды ұстайды. Сотта оларға ату жазасы беріліп, халық алдында орындалады. Он­­дағы тағылған басты айып – адамды көпе-көрінеу қорқыту, үрей құшағында ұс­тау арқылы психологиялық, моральдық жа­ғынан басынып қорлау. Көрдіңіз бе, қы­тайлықтар ұрлыққа қай жағынан келіп отыр. Қазір ұры-қарылар зар қақсатқан елдің әрекетсіз полиция қызметкерлерінен көңілі әбден қалған. Халық арасында полиция ұрымен жең ұшынан жалғасқан деген күмән да жоқ емес. Қаншама ұрлық­тың беті ашылмай, ұрылар тайраңдап жүр. Ұсталғандары жеңіл-желпі жазасын алып, айналдырған бір-екі жылда бостандыққа шығады. Шынында да, халық неге күмәнданады? Полиция қай­да қарап отыр? Бір жағынан олар ұрлық­ты ауыр қылмыс деп санамайды. Ал қыл­мыс­тың аты – қылмыс. Әлде ұрлыққа қатыс­ты заңымыз солқылдақ па? Неге ұр­лықпен ұсталып, жазасы дәлелденген қыл­мыскерді ауыр жазаға кесіп, мал-мүл­кін тәркілеп, біреудің ақ адал дүниесін алу­дың қандай екенін өз бастарынан өткіз­бейміз? Неге ұрыларды халықтың алдына шығарып соттамаймыз? Ал дамыған елдерде жалпы ұрлықты пайдасыз, мағынасыз тірлікке айналдырып жіберген. Бұл нағыз демократиялық елдің бет бейнесін көрсетсе керек. Біз­де де жекеменшік құқығы заңмен қор­ғал­ған. Бірақ, қарапайым халықтың өмір бойы тірнектеп жинаған дүние-мүл­кін, мал-жанын қорғауға келгенде неге дәр­мен­сізбіз? Осылай оңай жолмен олжа тау­ып, байимын деушілердің жолы бола бере ме? Шариғат заңы бойынша ұрлық – ауыр қылмыс. Бұл күнәні істегендерге бұл дүние­де де, ақыретте де ауыр азап бар... Гүлзейнеп СӘДІРҚЫЗЫ, «Егемен Қазақстан»