19 Қараша, 2016

Жаңа банкнот Қазақстанды әлемге таныта түседі

389 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Ел тәуелсіздігінің25 жылдық мерейтойы қарсаңында ұлттық валютамыздың 10 000 теңгелік естелік банкноты Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесімен жарық көрді. Осыған орай философия ғылымдарының докторы, А.Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университетінің профессоры Сафар КОЛДЫБАЕВТЫ әңгімеге тартқан едік. – Сафар Әбдіғалиұлы, фило­софиялық тұрғыдан қарағанда 25 жыл мерзім аз ба, көп пе? – Егер ғаламдық өлшеммен алсақ, 25 жыл дегенің көзді ашып-жұмғандай ғана сезілуі мүмкін.Адам өмірінің өлшемімен алсақ, 25 жасқа келген ер жігіт өмірінің ең маңызды кезеңін енді бастап жатады.Дегенмен, 25 жылдың аз-көптігінде емес, мәселе оның маңызында, салмағында екенін айтар едім. Адам да 25 жаста көп іс тындыра алады, керісінше, сол жаста түк бітірмеуі де мүмкін ғой. Ал мемлекет үшін мұны көп уақыт емес дер едім. Әсіресе, тәуелсіздігін енді алған Қазақстан үшін бұл уақытты қалай көп деп айта аламыз? Осыдан 25 жыл бұрын үлкен державаның қол астында, қызыл саясаттың құрсауында болған, осынша кең-байтақ жері, асты-үсті толған байлығы бар елді әлем танымайтын еді. Бүгін бізді жер шарының бәрі біледі. Осы 25 жылда Қазақстанда болған оқиғалар мен өзгерістер, ең бастысы, дамудың қарқыны 250 жылдың жүгін арқалайды. Сондықтан 25 жылдың Қазақстан үшін салмағы қорғасындай ауыр дер едім. – Елбасы Нұрсұлтан Назар­баев­тың бейнесімен шыға­рылған 10 000 теңгелік естелік банк­нот пен Тәуелсіздіктің 25 жыл­дығы ара­сындағы байланыс­ты қалай айтар едіңіз? – Ұлттық валюта – мемлекет­тіліктің халқымыз қастерлеп ұстай­тын бір нышаны. Осыдан 25 жыл бұрын алып держава ыдырап, экономикалық байланыстар үзілген кезде елдің алдында, Шекспирше айтқанда, «не болу, не құру» жағ­дайы тұрды. Тәуелсіздігіне қол жет­кізген жас мемлекетке ал­дымен экономикалық жағынан нығаймаса қиын болар еді. Елдің Тұңғыш Президентінің сол кезде арқалаған жауапкершілік жүгінің қандай ауыр болғанын бүгін әлемге танымал бейбіт елде өмір сүріп отырған біздер сезінуіміз керек. Экономиканы дамыту үшін өзіміздің ұлттық валю­тамызды жасау керек болды.Ұлттық валю­таның теңге болуы керектігін де Нұрсұлтан Әбішұлы айтты, ол халқымыздың тәуелсіздігі үшін күрескен, рухани тіректері болған тұлғалардың бейнесімен шығарылып, айналымға түсірілді. Рас, қасиетті Тәуелсіздігіміз бол­маса, теңгеміз де болмас еді. Ал ұлт­тық валютасы жоқ мем­лекет те болмайды. Сондықтан Тәуел­сіздігіміз бен теңгенің арасында тонның ішкі бауындай үйлесімді және үзілмес байланыс бар. – Мереке қарсаң­ында Пре­зидент бейнеленіп шыға­рыл­ған банкнотты қалай қабылдадыңыз? – Шынымды айтсам, алдымен мақтаныш сезімі болды. Шүкірлік, еліміз өзгенің қабағына қарамай, өзінің барын дәріптейтін осындай дәрежеге жетті. Сонан соң мұның шынайы екендігін айтар едім. Оның бірнеше себебін айтайын: алдымен, бұл – көптеген мойны озық мемлекеттерде бар тәжірибе. Екіншіден, мұның мемлекеттік-саяси мәні бар. Осыдан 25 жыл бұрын еліміз Тәуелсіздігін алғанда соның барлығының басы-қасында Тұңғыш Президент болды, көптеген игі істер оның бастамасымен жү­зеге асып жатты, ол көшбасшы биігіне көтерілді. Бұл банкнотта Елбасы суретінің бейнеленуі осы ширек ғасырда елімізде көп істің атқарылғанын, дамығанымызды, ел болғанымызды айтып тұр. Үшін­шіден, теңгеміз жасалуы жөнінен де дүние жүзіндегі ең сапалы валютаның бірі болып табылады. Оған елдің ең үлкен мерекесі, ұлы той қарсаңында ел экономикасының дамуын, қар­жылық жүйесін қалыпқа келтірген Мемлекет басшысының бейнеленуі ешқандай талдауды, таң­дануды қажет етпейтін табиғи, қалыпты қадам деп білемін. Төр­тіншіден, Елбасының халықаралық беделі өте жоғары. Қазір Қазақстан десе шеттегі жұрт Назарбаевты көр­гендей болады, ал Назарбаевты айтса, Қазақстан деп біледі. Көшбасшымыздың ерен еңбегі арқасында Қазақстан көптеген халықаралық беделді ұйымдарға мүше болып отыр, алпауыт мем­ле­кеттер Қазақстан пікірімен сана­сатын болды.Сондықтан да, Нұрсұлтан Назарбаевтың бейнесі ұлттық валютада болуы тиіс. – Біздің ұлттық валю­та­мыз­дағы Президент бейнесі сырт көздерге нені ұқтырады? – Дұрыс сұрап отырсыз. Бір қарағанда дейсіз ғой? Мысалы, Америка Құрама Штаттарының долла­рындағы Вашингтон бей­несі осы елдің қуаттылығын біл­діреді. Бүкіл әлем меніңше солай қабылдайды. Ал біздің теңге­дегі Назарбаев бейнесі елдің Тәуел­сіздігін айтып тұрғандай болады. Сөз жоқ, аталарымыз Тәуелсіздік үшін күресті, талай қан төгілді,осы күнді армандап кетті. Ал елдің бүгінгі Тәуелсіздігі Нұрсұлтан Назарбаевтың есімімен тікелей байланысты.Тәуелсіздікті алу бар, оның іргесін бекіту бар. Екеуі де оңай емес және осы жылдар ішін­де мемлекеттің дамып, отыз елдің қатарында боламыз деген арғымақтың арынындай арма­нымызды қосыңыз. Көзі қарақты сырт ел адамы Назарбаев Қазақ­станның тұңғыш Президенті еке­нін біледі. Сондықтан теңгедегі Назарбаев бейнесі Қазақстанның жаңа дәуірге, дамудың даңғыл жо­лы­на түскенін тағы бір дәлелдеп тұр. – Әңгімеңізге рахмет. Әңгімелескен Нәзира ЖӘРІМБЕТОВА, «Егемен Қазақстан»   ҚОСТАНАЙ