19 Қараша, 2016

Қола медалімді күмістен артық көремін - Теңізбаев

275 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін
2008 жылғы Бейжің Олимпиадасында грек-рим күресінен 60 килоға дейінгі салмақта күміс медаль алған Әзербайжан балуаны Виталий Рагимовтың допинг қолданғаны анықталған болатын. Осы салмақта өнер көрсетіп, қола медаль иеленген қазақстандық балуан Нұрбақыт Теңізбаев бұл оқиғаға байланысты facebook-тегі жеке парақшасында пікірін білдірді. - Құрметті достар! Пекин Олимпиадасы мен үшін спорттық карьерамның шыңы болды. Әрбір спортшы Олимпиада ойындарының жеңімпазы немесе жүлдегері болғысы келетіні анық. Спортта ұзақ уақыт жүріп, ешқашан жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүргенді қолдамайтынмын және қолдамаймын да. Қандай медаль болсын оны кілем үстінде жеңіп алғанды қолдаймын. Дәл сол күні, мені Әзірбайжан балуаны Виталий Рагимов ұтқан болатын. Виталийді талантты да мықты балуан ретінде танимын. Сол күні үшінші орын иелену менің маңдайыма жазылған болар, маған өзімнің ұтқан қола медалім аса қымбат. Күміс Виталийге және оның жанұясына тиесілі. Ол медальдың артында көптеген адамның еңбегі жатыр. Күміс сол еңбектің жемісі деп ойлаймын! Сіздердің жылы лебіз және қолдауларыңызға үлкен алғыс айтамын-деді Нұрбақыт Теңізбаев. Нұрхан Самархан