12 Наурыз, 2011

Жағымсыз кейіпкері жоқ фильм

914 рет
көрсетілді
11 мин
оқу үшін

Көрші Қытай мемлекеті қазақ кинематографиясына кезекті сүбелі үлесін қосты. Осыдан алты жыл бұрын Аспанасты елі «Көрікті мекен» дейтін қазақ халқы жайлы тамаша туынды түсіріп, оны өз елімізде тұшынып көрген едік. Атажұртта тұсауын кескен қазақ тіліндегі жаңа фильм «Ақсарбас» деп аталады. «Көрікті мекен» сияқты бұл фильмді де Қытайдың талантты режиссері Гау Фың тү­сі­ріпті. Гау Фың мырза қазақтың тұрмыс-тір­ші­лігін терең білетін адам. «Көрікті мекенді» де ол Алтай, Тарбағатай алабында жатқан қазақ хал­қы­ның болмысын әбден зерттеп барып, бір айдан аса уақытта-ақ түсіргенін білеміз. Ал «Ақсарбастың» продюссері ҚХР-дың кинофильм жасау орталығының меңгерушісі Шың Зы Жүн. Ал фильмнің сценарийін ҚХР-дағы Шыңжаң-Ұйғыр автономиялық өлкесі Жазушылар одағы төрағасының орынба­сары, жазушы, аудармашы Еркеш Құрман­бек­қызы жазған. Және қазақ қызы Қытай орта­лық телевизиясы кинофильм жасау орта­лы­ғымен бірігіп, көркем туындыны түсіруге жетекшілік етіп отырған. – «Ақсарбас» – менің бір әңгімемнің желісі бойынша түсірілді. 2003 жылы қытай тілінде жазылған. Оны қытайдың журналдары бірінен соң бірі басты. Торапқа (интернетке) түсіп, тарағанда Гау Фың оны көріп, маған телефон шалды. Сөйтіп, оны кино тілінде сөйлеттік, – дейді талантты қандасымыз. Фильмге шекара сыртында қалып қойған қан­­дастарымыздың ертедегі өмір салты, тұр­мыс-тір­шілігі мен сахара мәдениеті ғана арқау етілмейді. Мұнда махаббат та, мұң да, адамдардың ға­на емес, жан-жануарлардың да қасіреті мен қай­ғысы болатыны кино тілінде шебер баяндалады. Фильм арманшыл, мына дүниенің ғадауаты­нан таза Қали атты жасөспірім баланың естелігімен басталады. Абыз қария ерте көктемде ала­жонданып жатқан жердің бетінен ақсарбас қозы­ны тауып алады да, жақпар тастарға сурет ойып тұрған балаға әкеліп береді. Фильм осы көрі­ніспен басталып, осы көрініспен аяқталады. – Қария балаға қозыны берместен бұрын, «сен мына суреттерді үш мың жылдан бері ойып, түсіріп келесің бе?» деп сұрайды ғой. Әңгіме осы сұрақта. Жақпар тастағы суреттер. Абыз қария. Арманшыл бала. Көшпенді тұрмыс. Мәңгілік осылайша жалғасып жатыр. Түсі, түрі ғана ептеп өзгеруі мүмкін, бірақ біздің тереңнен тартқан алтын тамырымыз сабағын үзген жоқ, – дейді сценарий авторы. Фильмнің басты кейіпкері кім? Ақтай сал­ды ұнатып, ұзатылғалы отырған жеріне бармай, сүйгенімен қашып кеткен Үкібала ма? Әлде қазақ сал-серілерінің жиынтық бейнесі іс­петтес Ақтай ма? Кейде картинаның өн бо­йында басты рөлде арманшыл Қалидың өзі көрінеді. Әлде Үкібаланы үнсіз жақсы көрген, бүкіл қазақ азаматтарының көпшілігіне ұқсас, тау мінезді, тұйық жан Қастел мына өмірдің басты кейіпкері болар?! Бұл фильмде шын мәнінде бірде-бір жағымсыз кейіпкер жоқ. – Уақыт керуені деген осы. Үкібала (келін) мен Сараның (ене) екеуі бір ананың образын сомдады десе болады. Ал енді осы бір әйел үш мың жыл алдында да өмір сүрсе керек. Тіпті одан да бұрын тірлік кешті деп ойласақ қателеспейміз. Ол және бүгін де өмір сүріп, қасымызда жүр, – дейді идея авторы. Ел жайлауға жаңа келіп қонып жатқанда Сара апа көршілерінен от алып келу үшін бала Қалиды жұмсайды. От алып келу қырдағы ауылдың ішінде ақпаратты (бүгінгі тілмен айтқанда) таратудың да бір түрі ғой. – От алып келуді мен кино сюжетіне арнайы енгіздім. Негізгі ақпаратты тасушылар көшпенді тұрмыста от алып келуші әйелдер, балалар болған. Қысқасы, бір үйдің арық-тұрық малы жоғалып кетсе де, оның қай сайда жүргенін ат үстіндегі жолаушылар от тасып жүрген әйелге немесе ауылдың қара сирақ балаларына айтып кетеді. Біз бала кезімізде талай от алғанбыз. Кино түсірсем немесе сценарий жаза қалсам пайдаланармын деп ойлап жүруші едім. «Ақсарбасқа» дөп келе кетті, – дейді Еркеш Құрманбекқызы. «Ел мақтаған жігітті қыз жақтаған» дегендей, атастырған жеріне барғысы келмей жүрген Үкі­балаға алдымен Ақтай серінің дақпырты жетеді. Кинолентада тосын бір режиссерлік шешімдер бар екенін аңғармай қалған адам аз. Мәселен, Үкібаланың Ақтайдың алдынан жүгіріп шығып, дүйім елдің көзінше оны сері атының алдына отырғызып алатыны. – Бір шындықты айта кетейін, кино түсіру барысындағы ойлаған көрінісімізде Үкібала топ қыздардың ішінде жасырынып тұруы тиіс-ті. Атағы алысқа кеткен сұлуды Ақтай сал (актер Нұрлан Әлімжан) көзімен іздейді. Қанша дегенмен бай, шонжар ауылдың қатаң бағуын­дағы қыз салдың көзіне бірден түсе қоймауы керек қой. Күйеуге шыққалы жатыр. Бірақ осы көріністі таспалай алмай-ақ қойдық, – дейді автор. Айтқандай осыған дейін «Ағайындылар», «Ән мен анаша» сияқты киноленталар арқылы та­ныл­ған Нұрлан Әлімжан қазақ актерлерінің ішінен Қытай фильміне бірінші болып түскен актер. Ақтай салдың алдынан жүгіріп шығуы Үкібаланы күтіп тұрған үлкен тағдырдың ны­ша­нындай аңғарылды бізге. Үкібала қадірлі ауыл­дың сәнімен бойжеткен ұяң қызы бол­ғаны­мен, таң­дау жасаудан тайынбайтын, сезіміне де ерік бере ала­тын қазақ қызының табиғатын танытады. Үкібала Ақтай салдың алдынан шығып қана қоймайды, өз сезімін қобыз үнімен жеткізеді де. Ақтай сал жиын ортасында елді ерен риза етіп Үкілі Ыбырайдың әнін айтып оты­рады. Сөйтіп отырған кезде үй ішіндегі Үкі­бала Ерденнің күйін қобызбен тартып, өзінің зар-мұңын салға жеткізеді. – Бұл дәстүр басқа ұлттарда жоқтың қасы. Өйткені, қазақтың сахаралық мәдениеті, заңы, мұрасы бар. Бір нәрсені төтесінен айтса, бірін қалжыңға сүйеп айтады. Ал енді тілмен айтып жеткізуге келмейтін дүниені домбырамен, қобыз үнімен жеткізеді. Бұны айтқан тағы да Еркеш Құрманбекқызы. Бұдан кейін де ол бірқатар жайттар жөнінде әңгіме айтқан. Не десек те, қазақ халқының қаймағы бұзылмаған тіршілігін барлық бояуымен беруге Қытайдың орталық телевизиясы қаражат аямаған. Фильмнің бюджеті – жеті миллион юань, яғни 1,5 миллион доллар көрінеді. Араға бес жыл салып барып, Үкібаланың Ақтай серіден жесір қалып, біреумен айыпты болып қалды дегендей, таудан құлап аққан тастай суға тоғытылып жатқаны көрсетіледі. Аздап түсініксіздеу болған осы тұс. Үкібала неге күнәлі болып қалды? Ақтайдың топы­ра­ғы кеппей жатып қияс басып қойғаны рас па еді? – Ол жерде ешқандай көрініс қиылған жоқ. Ақтай салдың дүние салғанын, одан кейінгі жайларды түсірсек, картина ұзарып кететін еді. Бұл көріністе Қытай көрер­мендері үшін Үкі­баланың Қастел­мен тағ­дыр қосуын таныс­тырып өту ғана қажет бол­ды. Жал­пы, кино түсі­рі­ліп біткен кезде біз бес са­ғат­қа жуық материал ал­дық. Мұндай кө­ріністерді сақ­­тап қалатын болсаң, тоқ­сан минуттан асып кетеді. Тоқсан минуттан бірер секунд асса бол­ды, өлшемге толмайтын тауар болып шығады. Көрермендерді терең­дігімен тәнті еткен рөлдің бірі – Қастел. Бұл образды Алтай ойын-сауық үйірме­сін­де істейтін, қазақ тілі мен салтын жақсы білетін Әбдуайт атты ұйғыр аза­маты сомдады. Образды сомдайтын кезде оған неше қай­тара: «Сен өзіңді тек қана таумын деп ойла. Көзің­нен, өзіңнен ұш­қалақтық көрін­бе­сін», деп айтқанмын. Және бұл кейіпкер кешке дейін әрекет үс­тінде, «бес саулықтың» қа­мын ғана ойлап жүреді. Бірақ ішкі дүниесі сондай терең. Мен оған: «Сенің ішкі дүниең бұл өмірден кенжелеп қалған жоқ. Сен бәрін білесің. Кешіре де, қабылдай да білесің. Осы образды жаратып бере алсаң, сен мықты жігіт болдың», – деп айттым. Фильмді түсірместен бұрын алдын-ала отыз күнге ол Шіңгілге, жайлауға кетті. Қазақтың жігіттері атқа қалай мінеді, атқа қалай шабады, қара жұмысты қалай істейді – соның бәрін өмір­ден үйреніп кел деп жібергенмін. Кинода ол ер-тұрман жасап отырады. Шабылып жатқан ердің қаң­қа­сын білегіне салып өлшеп көреді. Дәл осы­ны актер жігітіміз жайлаудан үйреніп келді. Фильмде адамның жүрегін сыздатар тұс – ботасы жұртта қалған аруана. – Бала кезімізде боздап тұратын бота мен інгенді талай көргенбіз. Боздағаны құлақтың тү­бін­де тұр. Мәңгі кетпейді. Фильмде ботасын іздеп келе беретін аруана туралы ешнәрсе айтыл­майды. Сөз жоқ, көрініс қана бар. Бірақ жүре­гің­ді сыз­датады. Менің жүрегімді ауыртқан соң, бас­қа­лар­дың да жүрегін ауыртатын шығар деп ойладым. Үкібаланың рөліне де талай дарынды жастар кастингтен өткен екен. Алайда таңдау Маржан Байтөкенқызына түсіпті. – Бұл рөлге көп қыздарды байқап көрдік. Қазақстаннан да актрисалар қарастырдық. Бірақ көп әртістің бет келбеті заманауи пішінге өтіп кеткен. Көздері, көзқарасы қазіргі замандық болып тұрады. Ал, Маржанның көзінде қазақ қызының бір ұяңдығы бар, – деді Еркеш ең соңында. «Ақсарбас» бізге мұңды аяқталатын ертегі сияқты әсер қалдырды. Мал екеш малдың де қайта-қайта зарлап ботасына келе беретінін көрген Үкібала қыстың көзі қырауда екі перзентін іздеп жолға шығады. Қастелдей азамат та анаға баласын айырбас­тай алмайды. Олар қосыла ма? Мүмкін қайта қосылатын да шығар. Қалидың да арманы осы... Қазір Бейжіңде көрсетіліп жатқан «Ақ­сар­бас» картинасы Канадада өткен ха­лық­аралық кинофестивальде үздік фильмдер қатарынан көрінген. Айнаш ЕСАЛИ, Алматы. Суретте: «Ақсарбас» фильмінен көрініс.