Қырғызстан төтенше жағдайлар министрлігі жанындағы өрт қауіпсіздігі жөніндегі агенттіктің директоры Мирлан Молдокматов осы лауазымды қызметіне тағайындалғанға дейін үш мәрте қылмыстық жауапкершілікке тартылыпты. Оған қызмет бабын асыра пайдалану, жемқорлық қылмыс сияқты теріс әрекеттері себеп болыпты. Бұл жөнінде Қырғызстанның бас прокуратурасы хабарлаған.
Осыған байланысты бас прокуратура ел премьер-министрі Алмазбек Атамбаевқа заң бұзушыға қарсы шара қолдану туралы ұсыныс енгізген. Ал М.Молдокматов не бүлдіріп қойды дегенге келсек, ол 2008 жылы кәсіпкерлерге өрт сөндіру бөлімі аумағын заңсыз жалға беріпті. Келесі жылы қызмет орнын еш себепсіз тастап кетуіне байланысты үстінен қылмыстық іс қозғалған. Сондай-ақ мемлекеттік сатып алуларды жоғары баға қою арқылы жүзеге асырған.
Түрік моделіне неміс визасы берілмеді
Түрік моделі Сезги Мелек Тюзель Германияда өтетін модельдер байқауына қатыспақ ниетте еді. Бірақ оған Германия визасы берілмей тасталды. Ал басқа елдерден конкурсқа қатысушылардың барлығы өз уақытында қолдарына виза алып үлгерген. Тіпті Африканың кейбір елдерінің сұлуларына да виза еш қиындықсыз берілсе керек.
Германияда өтетін модельдер конкурсының финалы 16 наурызға белгіленген екен. Оған қатысатындар тізімінде түрік моделінің аты-жөні әлі күнге жоқ көрінеді. Жалпы, соңғы уақыттарда Түркия тұрғындары немістің дипломатиялық ведомствосы тарапына көптеген шағымдар түсіріп жатыр. Өйткені, оларға виза кейде кешіктіріліп берілсе, кейде мүлдем берілмейді екен.