Алдыңғы жылы Атырауда бір реттік іскілер (шприц) шығаратын зауыттың технологиясын құрастыру басталады дегенді естігенде таңырқағанымыз рас. Өйткені, кәсібін негізінен мұнай-газ өнеркәсібінде немесе құрылыс саласында бастауға тәуекелдік танытатын кәсіпкерлер арасынан бұған кім талпыныс жасауы мүмкін еді? Бәлкім, біздің елмен іскерлік байланысты жандандыруға бет бұрған шетелдік инвестор ма екен? Осылай ойлағанымыз да рас. Сөйтсек, Атырау үшін таңсықтау көрінетін медициналық іскі шығаратын зауыттың құрылысын қазақ жігіті қолға алыпты. Қызылқоға ауданының орталығы – Миялы ауылынан түлеп ұшқан Махмуд Мералиев іскі шығару идеясын бізге жолыққан кезде айтып берген. Ештеңе жасырған жоқ. Аз күндік пайдадан гөрі ел үшін қажетті іске инвестиция салуды көздепті. Қолға алған ісін орта жолда тоқтатпайтын қазақ кәсіпкерінің айтуынша, зауыттың жылдық қуаты 250 миллион дана іскі шығаруға негізделген. Сұраныс көбейген сайын оның көлемін екі есеге дейін арттыруға болатын көрінеді.
Рас, тыңға түрен салғандай жаңа зауыттың үздіксіз өнім шығару жұмысын жолға қою оңай емес. Іскі шығаратын зауыттың құрылысына қомақты қаржы құйған инвестор – кәсіпкер Махмуд Мералиев Корея технологиясына тоқтам жасаған. Оның алдында Германияның, Қытайдың бір реттік іскі шығаратын технологияларын зерттеген, барып көрген. Зауытқа өнім өндіру үшін қажетті шикізаттар Корея, Бельгия, Ресей елдерінен әкелінеді. Шикізат алғашқы сатыда арнайы аппаратпен өңделеді. Сонан соң іскі қалыбы жасалып, басқа да бөліктері дайындалады. Зауытта жұмыс жасайтын мамандар медициналық іскі өндірудің барлық үдерісін қатаң бақылайды. Арнайы жабдықтар арқылы шығып жатқан іскі қалыптарын мамандар микроскоппен тексеріп, жарамдылығына көз жеткізіп барып жинақтау цехына жібереді. Соңынан 3, 5, 10, 20 грамдық іскінің барлық бөлшегі құрастырылып, залалсыздандыру машинасында 10 сағатқа дейін сақталады. Мамандар оны осылайша залалсыздандырудан өткізгеннен соң ғана пайдалануға болатынын айтады. Өнім өндіру үдерісі толық автоматтандырылған.
– Зауыттың барлық қондырғылары Кореядан алынды. Сонымен бірге, бұл зауыттағы өнім шығарудың барлық үдерістері халықаралық ISO – 9001 және ISO – 14001 стандарттарына сәйкес атқарылады. Сол себептен бірнеше маманды Кореяға жіберіп, арнайы курста оқытып алдық. Олар сондағы зауытта өнім өндіру үдерісін атқару, басқару тәсілдері технологиясын меңгеріп келді. Енді осындағы мамандарды үйретуде, – дейді зауыт құрылтайшысы М. Мералиев.
Зауытта Корея технологтары қазақстандық мамандарға бағыт-бағдар беріп, өз тәжірибелерімен бөліскен. Солардың бірі Чань У Ли қазақстандық жастардың жаңа мамандықты Кореяда жедел меңгеріп, жаңа өндіріс орнында тәжірибе жинақтауда біліктілік танытқанын айтқан еді былтыр. Кореялық маман қазақ жастарының жаңаны үйренуге талпынысына және біліктілігіне таңданғанын да жасырмапты. Зауыт алғаш өнім шығара бастағанда жұмысқа 40 адам тартылса, қазір олардың қатары 60-тан асыпты. Жұмысқа алынғандардың барлығы жергілікті жастар. Жалақылары да көңілге қонымды. «Сапалы өнім шығару қашан да оңай емес. Зауыт жұмысшылары міндеттерін дұрыс атқару үшін жағдай жасау керек қой. Бұл жағына ерекше мән береміз. Әсіресе, жалақыға. Мәселен, инженердің жалақысы 200 мың теңге, егер ауысымнан кейін жұмысқа қалуына тура келсе, қосымша сағатына үстеме қосылады. Бізде еден жуушының өзі 60 мың теңге алады» дейді зауыт құрылтайшысы. Бір сағатта 60 мың дана, жылына 250 миллион дана әр мөлшердегі іскі шығаратын зауыттың экологияға зияны жоғына сендіреді мамандар. Тек оны шығаруға қажетті шикізат – полипропилен әзірге Қазақстанда өндірілмейді. Осы өнімді Атыраудан шығаратын жобалар кешеуілдеп жатыр. Шикізат шеттен тасымалданатынына қарамастан, 0,2 грамм іскітің өзіндік құны 6 теңге 6 тиын тұрады. Ал 10 грамдық іскі – 10,09 теңге, 20 грамдығы 15,10 теңгеге бағаланған. «Оның бағалары дәріханалардағыдан 2,5 есеге арзан», дейді кәсіпкер Махмуд Мералиев.
Қазір Атыраудағы зауытта 30 миллион данадай іскі шығарылды. Бұлар бәсекеге төтеп бере ала ма? Қазақстан нарығында қаншалықты сұраныс бар? Өзге елдерден сұраныс түсе ме? Осы сауалдарды кәсіпкер Махмуд Мералиевке қойған едік. Кәсіпкердің айтуынша, елімізде дәл осындай медицинаға қажетті бір реттік іскілер шығарылмайды. Ал көршілес Ресейдегі іскі шығаратын 4 зауыттың екеуі ескі, Өзбекстан мен Беларусь елдеріндегі зауыттар технологиясы да жаңа деуге келмейді. Ал Атыраудағы зауыт Кореяның жаңа технологиясымен іскі шығарады. Себебі, Корея технологиясымен шығарылатын өнімдер бәсекеге төтеп бере алатындай сапалығымен ерекшеленеді. Бәсеке демекші, биыл жыл басынан бері Ресейдің Самара облысы да Атырау өнімдерін тұтына бастады. Биылғы жылдың алғашқы екі айында Самара облысына екі партия іскі жіберілген. Енді Иран елімен келісім жасалып қойылған. Биыл ел медицинасын Атырауда шығарылған өнімдермен қамту үшін «Самұрық-Қазына-Фармация» АҚ 85 миллион дана іскі сатып алуға уағдаласқан. Осы тапсырысқа орай 20 миллион данадан астамы жіберілген.
Атыраулық кәсіпкер тек бір реттік іскі шығарумен шектеліп қалғысы жоқ. Зауыттың өнім шығару қуатын кеңейтуді көздеген ол іскілерге қоса хирургиялық қолғаптар, ине және сұйық дәрі құюға арналған құралдар шығаратын үш зауытты қатарға қосқысы бар. Бұл зауыттардың құрылысын жүргізу жобалары да әзірленіп жатыр. Кәсіпкердің бұл ойы оңынан іске асса, отандық медицинаның өзге елдің өнімдеріне кіріптарлықтан құтылу жолы табылғалы тұр. Бұл – бір. Екіншіден, медицинаға бөлінетін ел қаржысы өзге елдің экономикасын көтеруге кетпей, Қазақстан аумағында қалатыны анық. Үшіншіден, тағы да үш зауыт ашылса, бірнеше жүз адам тұрақты жұмыспен қамтылады. Кәсіпкер дәл осылай дейді.
Тегінде Атырауда шығарылған өнімдер өзіміз куә болып жүрген дәріханалар сатылымындағы өзге елдерден, соның ішінде алыстағы Германиядан жеткізілген медициналық іскілерді, яғни импорт алмастыруға таптырмайтын өнім. Оның үстіне оның бағасы импорттық өнімдерден әлдеқайда арзан, ал сапасы халықаралық талаптарға толықтай сәйкес келеді. Отандық нарықта өз орнын иелене бастаған Атырау өнімдеріне алыс-жақын шет елдерден де сұраныс түсуде. Демек, Атырау іскілері ішкі, сыртқы нарықта бәсекеге төтеп бере алады деуге толық негіз бар.
Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ, Атырау облысы.