23 Қараша, 2016

Станимир СТОЙЛОВ: Біз үшін маңызды емес матч болған жоқ

355 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
stoilovСенбі күні Қазақстан Кубогын жеңіп алғаннан кейін «Астана» футбол командасының бас жаттықтырушысы Станимир Стойлов маусымның қорытындысы туралы өз ойларын ортаға салды. – Биыл «Астана» тарихта тұңғыш рет «алтын дубль» жасады, яғни чемпиондықты да, Кубокты да жеңіп алды... – Шынында да, бұл маусымда біздің футболшыларымыз орасан зор жұмыстар атқарды. «Астана» қатарынан үшінші мәрте чемпион атанумен бірге, Алматыда Кубок үшін «Қайратпен» өткен финалда жеңіске жетті. Бұған дейін команда алматылықтарды жарыстың бұл сатысында ұтып көрмеген еді. Бұған қоса, Еуропа лигасының топтық кезеңіне шықтық. Осылай­ша үш майданда шайқасқан ұжым жылдың соңына қарай соңғы трофейді де жеңіп алып, маусымды жоғары жетістікпен тиянақ­тап отыр. Осы матчтың алдын­да мен енді Кубокты қоса жеңіп алмасақ, биылғы жетістігіміздің жарым-жартылай болатынын, қалай­да мақсатқа жетуге ұмтыла­ты­ны­мызды мәлімдеп  едім. Сол межені алғанымызға өте қуаныштымын. – Дегенмен, финалдық матч алдында жұрттың көбі «Қайраттың» жеңіске жақын тұрғанын айтып еді. – Ал біз олай деп есептеген жоқпыз. Осы матчта қайткенде де жеңіске жетуді көздедік. Соған орай күшімізді де дұрыс есептедік. Жалпы, мен жұмыс жасасып келе жатқан 2,5 жылдың ішінде «Астана» аса маңызды матчтарда алдына қойылған жүкті көтеріп кете алатын команда екенін ұдайы көрсетумен келеді. Біз кез келген матчта фаворит болып жүрміз. Мұның үстіне, біздің жасақ үшін маусым ішінде маңызды емес матч болған емес. Енді нақтылы мына ойынға келсек, екі жақтың жеңіске деген ұмтылыстары мен мүмкіндіктері шамалас көрінді. Аталмыш екі команда кездескенде, түбінде кімнің ұтатынын алдын ала айту қашанда қиын. Бұл ойында да солай болды. Жағ­дайды тек ауа райы біраз өз­гер­тіп жіберді. Қар басқан алаңда ойнау екі жаққа да оңайға түскен жоқ. Бірақ сол қиын сәттерде біздің ойыншылар бірінші болып шалттық танытты. – Доп екінші таймның бас жа­ғында соғылғасын, сіз сол есеп­ті ұстап тұрудың орнына шабуылды күшейтуге күш сал­ды­ңыз ғой. Бұл неліктен жасал­ды? – Алаңның сипаты мынадай бол­ға­сын, таблодағы есептің кез келген уақытта өзгеріп кетуі мүм­кін еді. Сондықтан қолда бар шабуыл­шылардың бәрін іске қосу­ға тәуекел еттік. Мақсатымыз қалай­да тағы бір гол салу болды. Сол кезде ғана біздің жеңіске де­ген сеніміміз өсе түсетінін пайым­дадық. Ал алаң қардан жақсылап тазартылғаннан кейін қорғаныста ойнауымыз жеңілдей түсті. – «Астана» маусым толық аяқталмай жатып, өз құрамына жаңа ойыншылар ала бастаған ба? – Бізде қорғаныста ойнайтын қазақстандықтар жетерлік. Бірақ шабуыл өтінде ойнайтындар арасында жергілікті футболшылардың үлес-салмағы оншалықты көп емес. Сол олқылықтың орнын толтыру мақсатында Павлодардан Роман Муртазаевты шақырып отырмыз. Ол биылғы чемпионатта Жерар Гоудан кейінгі екінші мерген шабуылшы атанды. Біз сондықтан «Ертістің» форвардын өз қатарымыздан көргіміз келді. – Ал бүгінгі матчта қақпашы Ненад Эричтің көрінбеуіне не себеп? – Оның ойынына қатысты ешқандай себеп жоқ. Тек бізде биыл­ғы Кубок ойындарында Алек­сандр Мокиннің алаңға шығуы өзіндік бір дәстүр сияқты болып қалып еді, соны бұзғымыз келмеді. – «Астана» үшін бұл жылғы маусым әлі жабылған жоқ қой. – Дұрыс айтасыз. Бүгіннен бастап Қазақстандағы барлық командалар қысқы үзіліске шықты. Ал бізге Чемпиондар лигасының топтық раундында әлі екі матч өткізу керек. Алдымен, 24 қараша күні өз алаңымызда Кипрдің АПОЭЛ-ін қабылдасақ, 8 желтоқсанда Швейцарияда жергілікті «Янг Бойз» клубымен күш сынасып, топтық ойындарды аяқтаймыз. Әңгімелескен Талғат СҮЙІНБАЙ, «Егемен Қазақстан»   АЛМАТЫ
Соңғы жаңалықтар

Құтты мекен – Түгіскен

Руханият • Бүгін, 08:25

Ән аламаны әуеледі

Аймақтар • Бүгін, 08:12

Тобыл өңіріндегі тазалық акциясы

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 08:10