Енді аз уақыттан кейін жылдың ең үлкен мерекесі – Қазақ елінің Тәуелсіздік күнін тойлаймыз. Ұлық мейрамға Ұлы Даланың дайындығы ерекше. Әсіресе, ақпарат саласының әзірлеген тартулары жұртшылыққа осынау күннің маңызын айқындай түскендей.
Тарих қойнауында қаншама жылдар, жеткен жетістіктер мен бағындырған белестер жатыр. Тәуелсіз елдің 25 жылда жүріп өткен жолы кейбіреулерге үлгі болса, кейбіреулер үшін қызыға да, қызғана да қарайтын дара жолға айналды. Ширек ғасырда Қазақстан дербес мемлекет ретінде аяғын нық басып, жан-жағындағы алпауыт елдерді өзіне қарата білді. Экономика, саясат, мәдениет пен өнер, ғылым мен білім, спорт салаларындағы табыстарымызды мақтанышпен айтар уақыт келді. Сол себепті «Хабар» арнасы Тәуелсіздік мерекесіне тарту ретінде «Пай-пай, 25» жобасын ұсынған болатын. Қазан айының басында эфирге шыққан бағдарламада жұртшылық біле бермейтін мәліметтер, қызықты оқиғалар мен тағылымды әңгімелер айтылды.
Сондай-ақ, әуезді ән мен күмбірлеген күй де хабардың ажарын аша түскендей. «Жоба барысында көп нәрсе айтылды, әлі айтылады да. Өйткені, Тәуелсіздік жылдарындағы жетістіктерді енді ғана жиырма беске келген немесе мектеп жасындағы жеткіншектерге айту, сонымен қатар, ересектердің есіне салу – бағдарламаның алға қойған міндеті. Тәуелсіз елдің ұланы болып дүниеге келген жас ұрпаққа бұл соншалықты маңызды тақырып болмауы мүмкін. Өйткені, олардың өмірі азат елде басталды, дүниеге шыр етіп келгеннен бастап Қазақстанның төлқұжатын алып, төл теңгемізді ұстады. Дегенмен, олар бостандықтың қалай келгенін, осы биікке жеткенге дейінгі ауыр жолды білуі, қадіріне жетуі керек. Ал егемендіктің тарихи маңызын ұғындыру біздің, ақпарат саласы қызметкерлерінің борышы», – дейді «Пай-пай, 25» жобасының сарапшысы Қымбат Досжан.
Жобаның әр саны «Тұңғыштар», «Серпіліс», «Ұмтылыс», «Ынтымақ», «Тәуекел» сынды тақырыптарға арналып, тәуелсіз Қазақстанның тарихын жасаған, тәуелсіз Қазақстанның атын шығаруға атсалысқан тұлғалар қонақ болады. Мемлекетіміз үшін аса маңызды күндер, жылдар сөз болып, келген меймандар тәуелсіздік жылдарына саяхат жасайды, сырларымен бөліседі. Сондай бағдарламалардың бірінде Ұлттық банктің алғашқы төрағасы Ғалым Байназарұлы ұлттық валютамыз – теңгенің айналымға қалай енгені туралы: «Кеңес үкіметі ыдыраған соң экономикалық дағдарыс салдарынан барлық саладағы баға 50 есеге дейін қымбаттап кетті. Елбасының тапсырмасымен бәрін зерттеп, дағдарыстан шығар жол – төл валютамызды енгізу деген шешімге келдік. Бізге өте құпия тапсырма берілді. Себебі, ол кезде Қазақстан әлі рубльдік аймақта еді. Теңге туралы тіпті, Парламент пен Үкімет те білген жоқ. Сол кездегі Жоғарғы Кеңес депутаттары «Ұлттық банк қайда қарап отыр?» деп бізді күнде сынап, мәлімдемелер жасайтын. Ал біз оны алдын ала айтсақ, рубльді аймақта болғандықтан, заң бұзған болып есептеліп, қоғамда үлкен толқу болып, ел үлкен шығынға батар еді», деп әңгімелеп берген еді.
Ел есін жиып, еңсесін түзеп, жан-жағына қарай бастаған уақыттағы жеңістеріміз халықта мақтаныш туғызатын. Әсіресе, Сидней, Лондон олимпиадаларындағы жетістіктер әлі күнге дейін ел аузында. Хабарлардың бірінде Сидней Олимпиадасының жеңімпазы Ермахан Ыбырайымов қазақ боксшыларының жеңісімен қоса, Олимпиада чемпионы, марқұм Бекзат Саттарханов жөнінде естеліктерімен бөліскен болатын. «Бекзат финалға бір күн қалғанда маған келіп, «Аға, маған майкаңызды бересіз бе, рингке сіздің майкаңызбен шықсам деп едім», деді. Мен «әлі жеңген жоқпын ғой» дегенде, «мен сезіп тұрмын, сіз чемпион боласыз» деді. Егер байқасаңыздар сол кезде Бекзаттың майкасының арты байланған болатын. Енді, менің майкам оған үлкен болды ғой. Бекзаттың сол сөзі маған да қуат берді. Інім маған сеніп, сіз жеңесіз деп тұрса, менің жеңілгенім жарамас еді», деп сағымға айналған сәттерді еске алды Ермахан Ыбырайымов. Яғни, студияға келген адамдардың әр сөзі бізді сонау жылдарға алып барып, кешегі мен бүгінгі күнді салыстыруға, өткенге сағынышпен қарап, келешектен үміт күттіреді.
Жобаның негізгі мақсаты да осы – ғасырлар бойы ұлан-байтақ жеріміздің тұтастығы үшін күрескен ата-бабамыздың ерлігін, көк аспан астында еркін самғау жолында талай қиындықты жеңген еліміздің түбінде бостандыққа жол жеткізгенін ұмыттырмау.
Тәуелсіз елдің тарихына қатысты хабарды әр жексенбі 22.00-де «Хабар» арнасынан көріңіздер.
Гүлнұр ӨТЖАНҚЫЗЫ