23 Қараша, 2016

Тәуелсіздік толғауы («Ұлы Дала ұлағаттары» атты жаңа туынды жайында)

5675 рет
көрсетілді
45 мин
оқу үшін
ek3 Ұлы Дала елінің тарихы ықылым замандардан бері небір қилы кезеңдерді, қым-қиғаш оқиғаларды өткерді. Қазақ қоғамы бергі дәуірдің өзінде Жоңғар шапқындаған, Қоқан қоқаңдаған, Ресейге бодан болған, сөйтіп, қоғам азған, дәурені озған, замана тозған, сана күйреген, жүйе арпалысқан; елдің басынан бағы, астынан тағы тайған; аспанды бұлт торлаған, жақсыларды қорлаған; ер еңіреген, ел күңіренген; тексізден туып зор болған, тектілері қор болған, еңсені басқан, қайшылығы мол аса ауыр, күрделі кезеңдерді басынан кешті. Қазақ бәрібір сонда да елдігін сақтап қалды. Ұлы Дала төсінде талай мемлекет орнатқан, елдіктің туын жықпаған, елдігімізді де, кеңдігімізді де сақтап қалған, тар кезеңде жол тапқан, тарыққанда ақыл тапқан ұлылар аз болған жоқ. Тарихта Сақ, Ғұн, Түрік қағанаты, Қарлұқ, Қараханид, Қимақ, Дешті Қыпшақ, Алтын Орда, Қазақ хандығы деп аталатын іргелі ел түзеген, салтанат құрған, әлемді аузына қаратқан, дүниенің төрт бұрышын билеген Мөде, Еділ патшалар; Бумын, Естеми, Елтеріс қағандар; Тоныкөк, Қорқыт, Күлтегін даналар; бергі дәуірдегі Керей, Жәнібек, Қасым, Есім, Тәуке, Абылай хандар; Асанқайғы, Қазтуған, Бұқар жырау­лар; Төле, Қазыбек, Әйтеке билер; Ақтанберді, Бердіқожа, Қабанбай, Бөгенбай, Наурызбай, Саңырық, Есет батырлар – бәрі де елге қорған-пана болған; ел үшін де, жер үшін де басын бәйгеге тіккен ұлы тұлғалар еді. Иә, ұлан-ғайыр қазақ даласында небір хандар мен көсемдердің де, билер мен шешендердің де, жырау­лар мен даналардың да, батырлар мен ақындардың да өткені рас, бірақ арғы-бергі тарихымызда Нұрсұлтан Назарбаевтай кісі болған жоқ. Өйткені, Назарбаев – тарихтың да, тағдырдың да сынынан абыроймен өткен; халқын қылкөпірден, жанып тұрған өрттен аман алып шыққан; бабалар аманатын жүзеге асырған; қирандыдан тәуелсіз мемлекет орнатқан; оның мектебін, дәстүрін қалыптастырған; Қазақстанның өз жолын тапқан; елін әлемге танытып, мойындатқан; қазақтың есіктегі басын төрге шығарған; ынтымақ-бірлігі жарасқан халқын сүттей ұйытып отырған жасампаз қайраткер, Ұлы Даланың тарихын қайта жазып жатқан ғұлама; тәуелсіздігіміздің архитекторы, реформатор; ел-жұртының панасы, жанашыры; туған халқының тірегі, Бәйтерегі, алтын діңгегі; Шығыс пен Батыстың, Азия мен Еуропаның, мұсылмандар мен христиандардың үмітін жалғаған, Еуразия кеңістігінде тұрақтылық орнықтырған, адамзат тарихында есімі алтын әріптермен жазылатын әлемдік тұлға. Ол экономикасы қуатты, саясаты тұрақты, таңы арайлап ататын, кеші тыныш бататын, халқы ұйқыда алаңсыз жататын, ертеңіне сенетін еңселі ел орнатты; аласапыран дәуірдің ауыр жүгін кәтепті нардай көтерді, халқының сөзін ұстады, ақиқаттың ақ семсері, ұлтының ұраншысы болды, қара қылды қақ жарды; үнемі елдікті, береке-бірлікті ту етіп келеді. Президент Назарбаев экономикалық реформа, әлемдегі тыныштық, мемлекетаралық қатынас, саясат, елдік мәселелеріне арнап талай кітап жазды. Олар әлем тілдеріне аударылды. Таяуда автордың «Ұлы Дала ұлағаттары» деп аталатын бұрынғы еңбектерінің ешқайсысына ұқсамайтын; жөні де, мәні де бөлек; сырласатын, жаныңа шуақ шашатын, сарайыңды ашатын, мауқыңды басатын, көкейіңдегіні табатын, айызыңды қандыратын, намыс отын жандыратын ғибратқа, тағылымға толы жаңа кітабы қолымызға тиді. Қызығып оқисыз. Кітаптың негізгі арқауын Қазақстан тарихының жаңа заманы, ғасырлар бойы аңсаған Тәуелсіздік жолындағы қым-қиғаш күрестер, халқымыздың бүгінгі баянды тіршілігі құрайды. Өмір жолы шым-шытырық, шытырман оқиғалармен өріліп жатқан ауыл баласынан Ұлы Даланың данасына айналған кісінің басынан кешкендері мен өз қолымен орнатқан тәуелсіз мемлекетінің кешегісі, бүгіні, ертеңі баян­далады. «Туған елім – тірегім», «Ел мен ер және жер», «Тәуелсіздіктің тал бесігі», «Саясат салтанаты», «Туған тілдің тұғыры», «Иман мен иба», «Қиырдан келсе қандастар», «Өнердің өрісі кең», «Жаңғырып келер жас толқын», «Еңсесі биік елорда», «Отбасы – Отан тірегі», «Қарияларымыз – қазыналарымыз», «Мұраты бірдің – қуаты бір» деп аталатын он үш бөлімнен тұратын аса құнды еңбекте Мемлекет басшысы тәуелсіздігіміздің жиырма бес жылдық мерейлі белесінен, заманның зердесінен Қазақ елі, ел мен жер тағдыры, Алматы мен Астана, жаһандық мәселелер, қоғамның дамуы, шет елдердегі қандастарымыздың тағдыры, ана тілі, жастар, имандылық пен кісілік, өнер, отбасы, Мәңгілік Ел мұраты, жалпыұлттық жауапкершілік туралы терең тебіренеді, жүрекжарды ой толғайды, оқушысымен бүкпесіз, риясыз сырласады, өмірден көрген-түйгендерін ортаға салады. – Міне, Тәуелсіздігімізге ширек ға­сыр толған торқалы кезеңге келдік. Бұл аз уақыт па, әлде көп пе? Неден бастадық, қай жерге жеттік? Осының бәрін таразылап, бағасын беретін шақ келді. Ойланасың. Толғанасың. Ғасырлар бойы азаттығы үшін алысып, сан шайқасты бастан кешкен әзиз бабалардың арман-үміті көкейіңе кептелгенде ел мен уақыт алдындағы, заман зердесіндегі жауапкершілікті одан әрі терең сезіне түсесің. Осынау ширек ғасыр ғана тәуелсіздік жылдарында небір оқиғаларды бас­тан кештік. Қилы кезеңдер мен бейтаныс бөгеттерді басып өтіп, өз жолымызды табуға ұмтылдық. Жаңа дәуірдің болмыс-бітімін, ұлттық салт-дәстүрлерімізді заманауи сын-тегеуріндерге бейімдедік, мемлекет болып қалыптасудың өзіндік арнасын тауып, мектебін қалыптастырдық. Бағзы бабалардың ұлы аманатын орындау жолында иыққа түскен жүкті ешқашан ауырсынғанымыз жоқ. Бәрін де тыңнан бастап, халқымызбен бірге қалыптастырдық. Жоқтан бар жасадық. Жиырма бес жыл мемлекетіміз үшін қалыптасу тұғыры ғана болып қойған жоқ, біз өзгелерге де үлгі болатындай биіктерден көріне алдық. Өркениет көшіндегі өз орнымызды таптық. Қазақстанды әлемге таныттық. Жаңаша армандауды үйрендік. Жаңаша жол табуды үйрендік. Ел мен қоғамды дамытудың нақты міндеттерін алға қоюды үйрендік. Үйрене отырып, үлгілі жолға түстік. Бұл жол – енді біздің жол, Қазақстан жолы. 1991 жылдың желтоқсан айының әр күні, әр таңы менің жадымда. Шынайы бақыт сезімін бастан кешіп, шалқар шаттыққа бөлендім. Жеке басыңның қуанышы мен бақыты бір бөлек те, туған халқыңның қуанышы мен бақыты мүлде басқа екенін сол жолы ерекше түсіндім. Тебірендім. Толқыдым. Бабалар аман­атын орындау бақыты, елді ертеңгі күнге бастау парызы менің маңдайыма жазылғанын Жаратушының ерекше сыйы, айрықша мүмкіндігі деп түсіндім, – деп толғанады Елбасы. Осылай ағынан жарылады. Иә, рас, сол бір үміт пен күдік арпалысқан елең-алаң, арты бар, алды күңгірт, көңілді үрей билеген, әбіржіген, шаршаған, титықтаған шытырман кезең әлі күнге дейін бәріміздің де жадымызда. Сондай аса бір жауапты шақта істің қисынын тапқан, қиындықты жеңе білген Президентіміздің көрегендігі де, көсемдігі де дәл бүгінгідей көз алдымызда. Жарғақ құлағы жастыққа тимей, жанын шүберекке түйіп жүріп тыңнан жол іздеген, тарихтың жаңа дәуірін бастаған Елбасының сол тұстағы мазасыз күндерінің, ұйқысыз түндерінің, жан тебіренісінің, күйзелісінің куәсіміз. Ол ешқашан ұмытылмайтын, шайқасқа бергісіз, естен шықпайтын нағыз қарусыз майдан еді. Қазақ бұрын-соңды мұндай қоғамды басынан кешкен жоқ. Сондықтан да Тәуелсіздіктің алды да, әдепкі жылдары да шым-шытырық, қым-қиғаш оқиғаға толы болды. Сеңдей қозғалған қоғамды, толқыған елді ұстап тұру, сабасына түсіру оңай болған жоқ. Несін айтайық, тәуелсіздікті көрудің, оны сезінудің өзі де оңай емес еді. Қирандыдан ел түзеп, тәуелсіз мемлекет орнату, оны ұстап тұру – қиынның қиыны еді.  Қуанған да, қорыққан да бір дегендей, елдің есі шығып, ақылға сыймайтын, адам айтса нанғысыз жиындар, шерулер өтіп жатты, бұрын ешкім білмейтін көлбеңдеген небір «көсемдер», сайраған неше түрлі «шешендер» шықты. Әбіржідік, бірақ дағдарғанымыз жоқ, ақылға салдық, әліптің артын бақтық. Көктегіміз жерден табылып, басымызға бақ қонып жатқанда, тілі байланған ел сөйлесін, еркіндікті сезінсін дедік. Қолымыздан келіп тұрғанда істеп қалайық, тіліміз шығып тұрғанда сөйлеп қалайық дедік. Сондай сын сағаттарда, тар жол, тайғақ кешулерде алдымызда алмас қылыштай жарқылдап Нұрекең жүрді. Біз күндіз-түні жанында жүрдік. Желеу болдық. Демеу болдық. Түн ұйқымызды төрт бөлдік. Күлкісіз күндерді, ұйқысыз түндерді бастан кештік. Елбасының бір қапталында жүрген кезімізде, тәуелсіздіктің алдындағы елең-алаңда, дүрбелең мен дүбірден, ызы-қиқыдан аман шықсақ, бұл әуелі қадірменді Елбасының, қала берді сол кездегі билік басында жүрген азаматтардың жанкешті еңбегінің арқасы еді. Мемлекет орнату, оны қалыптастыру, баянды ету дейтін күрделі процес­ке қатысуды Алла кез келген кісінің маңдайына жаза бермеген. Біздер – сол бақытқа ие болғандармыз. Тұңғыш Президент сайлауының штабын басқарудың, Елбасын тұңғыш рет таққа отырғызу рәсімін атқарудың, Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын, Қазақстан халқының форумын өткізудің, қазақ қазақ болғалы басына тіккен Ақорданың ашылу салтанатында баталы сөз айтудың маған бұйырғанын тарихтың пешенеме жазған несібесі деп санаймын. Сол бір аса жауапты кезеңде жанымда ақылшы да, демеуші де бола білген, тәуелсіздіктің отына жанбаған, суығына тоңбаған, келешегінен үлкен үміт күткен Иманғали Тасмағамбетов, Қырымбек Көшербаев, Сауытбек Абдрахманов, Марат Тәжин секілді жігерлі де ақылды жігіттер жүрді жалындап! Әне бір жылы Қазақ хандығының 550 жылдығы аталып өтіле ме, жоқ па деп ел күпті болып жүрген кезде, Ұлытаудың етегінде, Әулиебұлақтың басында ата тарихы, елдік, тәуелсіздік, қазақы әдеп, дәстүр, салт, келешек туралы Елбасының ағынан жарылып, ел-жұртымен терең  сырласқаны есімізде. Бұл кітап – сол сыр-сұхбаттың жалғасы. Еңбектің өн бойында автордың ел мен жер мәселесі жөніндегі ойлары; туған жерге, халқына деген шексіз мейірімі үнемі құстың қос қанатындай қалықтап, даңғыл жолдай сайрап, кес­тедей төгіліп, қамшыдай өріліп, әдемі астасып жатады. Сөзді автордың өзіне берейік: – Қазақтың қасиетті жері – біздің асқақ рухымыз, баға жетпес байлығымыз, мәңгілік мұрамыз. Осынау ұлан-байтақ жеріміз бізге бабалар ерлігінің арқасында мұра болып қалған. Жердің қадірін білу арқылы елдің қадірін білесің. Қазақ үшін қара жердің қасиеті де, нарқы да тым биік. Тағдыр бізге ұлан-байтақ жер берді, рухы асқақ, намысы биік ел берді. Біз осы жерде өмірге келдік, ұлт болып ұйыдық, халық болып қалыптастық. Хан көтеріп қатарға қосылдық. Мемлекет болып мерейімізді өсірдік. Жердің иесі де, киесі де – халық. Бұл біздің ешқашан естен шығармайтын ережеміз, қасиетті қағидамыз, – деп ой өрбітеді Елбасы. Күні кеше ғана жер сатылады деп ел дүрлігіп, әбіржіп, әуре-сарсаңға түскен шақта, 2015 жылы қабылданған Жер туралы Кодекстің төрт бірдей бабын тежеп, мемлекеттік комиссия құрып, қорытындысында сол заңға бес жылға дейін тыйым салған да Елбасының өзі. Әлем ортақ, жер ортақ, мұны Алла адам баласы үшін жаратты. Қазақ бағзы замандардан бері Көкке-Тәңірге, Жер мен Суға табынып келеді. Қасиетті қазақ жерін қорғаймын деп талай хандар, талай батырлар алтын басын бәйгеге тікті. Елін, жерін қорғаған, халқына қорған, пана болған хандар мен батырларымыздың даңқы асып, аты аңызға айналды. Оларды халқы сол үшін ардақтап, кие тұтты. Осының бәрін біліп отырып Құдайдың жерін саудаға салғысы келіп таласқандарға не дерсің. Халықтан ешкім үлкен емес. Көпшілікпен ақылдаспай, келіспей шешкен істің арты баянды болмайды. Ғасырлар бойы жер үшін соғысқанда да, аштан қырылып жатқанда да қазақ жерін сатқан жоқ. Жер – Ана, Жер – Отан деумен келеді. Анасын, Отанын ешкім сатпайды, жалға да бермейді. «Жері жоқ ел мемлекет құра алмайды, жері жоқ ел өмір сүре алмайды» деген екен ғой Ғұндардың көсемі Мөде бабамыз, қазақтың өз алдына ел болып, мемлекет болып отырғаны әуелі сол киелі қара жердің арқасы. Жүре берсең, көре бересің дегендей, бүгінде баласын сатқан «ана» шықты, жерді сатсақ дейтін белсенділер шықты. Жердің тағдыры – елдің тағдыры. Жерді ешкім бағалай алмайды, ол ешқандай алтынмен де, ақшамен де өлшенбейді. Ел кеше дүрліккенде, заңнан қорыққан жоқ, жекешелендіру кезінде етек алған жөнсіздіктен, заңсыздықтан қорықты. Жердің киесіне, құшырына ұшырап қаламыз ба деп әбіржіді. Қоғамдағы қобалжуды дер кезінде сезген, елдің бірлігін, жердің бүтіндігін сақтауда көрегендік танытып келе жатқан Елбасы күрмеудің түйінін тағы да өзі шешті. Елбасының күні-түні ойлайтыны да – ел мен жердің тұтастығы; бір қолдың саласындай, бір кісінің баласындай халқының ынтымақ-бірлігі, тыныштығы. Автордың туған жерге, еліне деген ақ пейілін, шын ықыласын шығарманың өн бойынан айқын аңғарамыз. – Мен ешкімді алалап қараған емеспін. Бәрі де – менің халқым, туған жұртым. Береке-бірлігі жарасқан, ертеңіне ортақ арман-үмітпен қараған оларды ешқашан шектеп, шеттеуге болмайды. Өйткені мына жер, мынау аспан мен тау бәрімізге ортақ. Баршасы – ел мен жердің ортақ байлығы, ортақ қазынасы. Бүгінгіміз де, ертеңгіміз де ортақ, – дейді Президентіміз. Тәуелсіздік алған жылы Қазақстанда қазақтың саны бар болғаны 39-ақ па­йыз еді. Бізді сол бір қиын-қыстау, тар кезеңде бірге өмір сүріп келе жатқан өзге ұлт өкілдері де қолдады. Мұны ешқашан ұмытуға болмайды. Ұмытпаймыз да. Елбасы да ұмытқан емес, ұмытпайды, ешкімді бөлмейді, алаламайды. Сон­дық­тан да Президент тәуелсіздіктің алғашқы күнінен бастап-ақ елдің ынтымақ-бірлігін көзінің қарашығындай сақтап, тәуелсіз мемлекетіміздің туының тұғыры етіп, көкке көтеріп, асқақтатып келеді. Анасының ақ бесігінде тербеліп, ата-бабасының салт-дәстүрін бойына сіңіріп, ұлтының асыл қасиеттеріне қанығып өскен Нұрсұлтан Назарбаев туған халқын жан-тәнімен сүйеді; қаһармандығын, кең пейілін, ізгі қасиеттерін дәріптейді, азат Қазақстанын мақтан тұтады. – Халқымыздың қай мұрасын алсақ та, одан тек үлгі мен өнегені, ақыл мен парасатты, адамгершілік пен имандылықты, достық пен бауырмалдықты, ақындық пен батылдықты, қонақжайлылық пен дархандықты, аңқаулық пен адалдықты айқын көреміз. Халқымыздың бар асыл қасиетін, ұлттық салт-дәстүрін төрге шығарып, төбеге көтеріп келеміз. Біз жоқтан бар, иманнан ар жасаған ұрпақтың өкіліміз. Бостанбыз. Азат халық болып Еуразияның алып аймағын жайлап жатырмыз. Бізге де қызыға, қызғана қарайтын, бізден де үлгі-өнеге алатын елдер аз емес. Жаңа заман біздің өрісімізді кеңейтіп, жолымызды ұзартты. Тілімізге теңдік, ойымызға кеңдік берді. Төрткүл дүниенің төрт құбыласынан тұрақты дос, сапарлас серік, қақысы бұзылмас көрші тапқан Қазақстан жаңа мыңжылдықтың ұлы көшінде керуен тартып келеді. Кешегі Жібек жолы енді дәуірдің даңғылына айналып, қазақ елін дамудың жаңа сапарына бастап барады. Біз кешегі заманды қайта түлетіп жатырмыз, – дейді автор. Иә, бұл айтып отырғандарының бәрі де шындық. Елбасының мұңы да, сыры да, жыры да, бар асылы мен қымбаты да, мақтанышы да – ғасырлар бойы зарықтырып жеткен аңсаулы да арманды Тәуелсіздік; ойлайтыны – халқының болашағы, көздейтіні – алаштың мүддесі, арманы – елінің келешегі. – Бұл кітапты «Менің Қазақстаным» деген толғаудың тұғыры деп түсінген абзал. «Менің Қазақстаным» – біздің Тәуел­­сіздігіміз! Күн өткен сайын Тәуел­сіздігіміздің мәнін терең ұғы­на түсеміз, айбынымыз асып, ата-баба­ларымыз аңсаған күнді бас­тан кешіп жатқанымызға шүкіршілік етеміз. Тұғырымыз да, ғұмырымыз да – Тәуел­сіздік! Тәуелсіздік – менің Қазақстаным, сіздің Қазақстаныңыз, бәріміздің Қазақ­станымыз. Біз осы елде туып, осы елде еңбек етіп, осы елде ұрпақ өсіріп, осы елде баянды өмір сүріп, өркендеп жатқа­нымызды мақтан етеміз. Біздің Қазақстанымыз – Ұлы Дала елі, Мәңгілік ел. Біз осынау аса қасиетті атауды енді ұлттық бейне-бедеріміз ретінде көкірегіміздегі күндей ыстық, санамыздағы серттей берік ұстаймыз. Ұлы Даланың ұлы тарихын біз жаңаша жазып, жас ұрпақтың санасына сіңіреміз, – деп тебіренеді Президент. Осы бір жолдарды оқып отырып, бағзы заманның толғауларын тыңдағандай боласың. Кітаптың бәрімізге өте жақын, жүрегімізге ерекше бір жылылық ұялататын, тебіреніске толы беттері аяулы Алматы мен асқақ Астанаға арналады. Алматыда өсіп-жетілдік, үйлі-жайлы болдық, алғаш перзент сүйдік, қатарға қосылдық, ел таныдық, бізді еліміз таныды. Тәуелсіздік бақыты қазақтың басына осы Алматыда қонды. Шыңдарын аппақ қар жапқан, төбесі көк тіреген, қойнауы құт, асқақтаған Алатаудай сұлу тау жоқ жаһанда; жұпардай исі аңқыған алмасы көздің жауын алған Алматыдай жұмақ қала жоқ жер бетінде. Алатауды да, Алматыны да сәл көрмесек сағынатынымыз, алыста жүрсек аңсайтынымыз, ылғи аялай, қадірлей беретініміз содан. Алматы – Тәуелсіздіктің тал бесігі, ұлттық сананы қалыптастырудың рухани ордасы, ұлағаттың төрі. Алматы – біздің балдәуреніміз, студенттік жалындаған жастық шағымыз, еңбек жолын бастаған кең ордамыз, жан-жақтан келіп жайғасқан құт қонысымыз; самал соққан, гүлге оранған жан рахаты; ғажайып қала, аңыз қала, абыз қала. Өмір бір қалыпта тұрмайды. Дәуір көшеді, қоғам өзгереді. Заманға сай саясат қалыптасады. Қым-қиғаш, арпалысқан, аласапыран, зымыраған заманда Елбасы елорданы ауыстыру керек деген ойда жүрді. Елорданы Отанымыздың орталығына көшірудің стратегиялық, саяси-әлеуметтік, қоғамдық-руханияттық маңызы дау туғызбайтын шындық еді. Бұл – ешқашан тоқтамайтын, жалғаса беретін үрдіс. Ұлы Далада әртүрлі себептермен талай мемлекеттердің құлағанын, талай астаналардың ауысқанын, бірде бағы жанып, бірде басынан бақ тайғанын тарихтан жақсы білеміз. Кезінде дүниенің төрт бұрышын түгел билеген Түрік қағанаты ынтымақ-бірліктен айырылған күннен бастап ырысы қашып, ыдырап, ордасы ойран болып, талауға түскені белгілі. Алауыздық пен өзара қырқыс талай қағанаттың, талай орданың түбіне жеткен. Қарлұқтардың астанасы Құлан да, одан кейінгі Тараз да, Дешті Қыпшақтың астанасы Сығанақ та сол зауалдан құтыла алған жоқ. Сыр бойындағы Сығанақ пен Сауран, Отырар мен Түркістан, Жайық бойындағы Сарайшық, Жетісудағы Баласағұн, Мерке – бәрі де қилы кезеңдерді, хикметті басынан кешкен, тарихы тұнған сан тағдырлы ордаларымыз еді. Қазақстан жиырмасыншы ғасырдың жүзінде ғана өзінің бас қаласын бірнеше мәрте өзгертті – Орынборға, Қызылордаға, Алматыға көшірілді. Астананы ауыстыру – еріккеннің ермегі емес. Бұл тарихи қажеттіліктен туындайды. Соңғы көш те сондай қажеттіліктен туындады. Кезінде төрт жүз мың тұрғынға арналып салынған қазаншұңқырдағы Алматының халқы миллионнан асып, қаланың тынысы тарылып, тұншыға бастады. Көк азайды, көлік көбейді. Экологиялық, демографиялық мәселелер пайда болды. Қаланың даму қарқыны тежеліп, тұйыққа тірелді. Мың үш жүз жылдан кейін Ұлы Далада Мәңгілік Ел орнату идеясы қайта түледі. Осының бәрі астананы көшіру идея­сын тездетті. Сөйтіп, 1997 жылы Қазақстанның елордасы Арқаның төріне, Еуразияның кіндігіне жол тартты. Астана көшерде толқымаған адам қалған жоқ. Елдің көшін Арқаға бастаған Елбасы сол бір күндерді есіне алып: – Алып ұшақтың баспалдағында тұрып, жаным толқып, аяулы Алматыға бас иіп, қоштасқан сәтімді ұмытқан емеспін. Алатау сонда ақ сақалы алдын жапқан абыз қариядай басын шұлғып, батасын бергендей сезініп, қанаттанып аттандым. Сөйтіп, еліміздің ертеңіне жол тарттық, болашағымызды бетке алып, сапарға шықтық. Бұған адам да, заман да куә, – деп жазады. Астана аз ғана уақыттың ішінде Қазақстанның ғана емес, бүкіл Еуразияның астанасына, әлемдегі ең бейбіт, аса қарқынды дамыған, ықпалды, мәмілегер қалаға айналды. Автор өз кітабында Астананың ұлт тарихындағы, тәуелсіздікті орнықтырып, дамытудағы, әлемдік саясаттағы орнына, келешегіне кеңінен тоқталады, үлкен мейіріммен, асқан шабытпен жазады. – Қазіргі Астанамыз – біздің мемлекеттік стратегиялық мүддеміз бен ұлтымыздың ерік-жігерінің бейнесі, тәуекеліміз бен табандылығымыздың келісті көрінісі, – дейді. Оқушының назарын ерекше аударатын бөлім – «Саясат салтанаты». Мұнда Тәуелсіздік жылдарындағы табысты, жемісті жүргізілген ішкі-сыртқы саясаттың қыры мен сыры, арғы-бергі тарихы, айла-әдістері, мехнаты мен салтанаты егжей-тегжейлі талданады. – Уақыт, әр кезең өз саяси тұлғасын тудырады. Дәуірі таңдайды. Заманы қолдайды. Біз – халықтық саясаттың мәртебелі мектебінен шыққан елміз. Осы елде туып-өскен ұрпақпыз. Бабаның даңқын бұлдап, бұра тартқан жеріміз жоқ. Ұлы Даланың ұлағатын ұлттық тарихымыз деп бағалай отырып, жаңа тарихтың тарауларын жазып жатырмыз, – дейді. Рас-ақ сөз. Әр заман өзіне сай өз қайраткерін таңдайды. Қазақ тарихының Тәуелсіздік кезеңі, бүгінгі дәуір басқа ешкімді емес, Нұрсұлтан Назарбаевты таңдады. Тарих та, халық та қателескен жоқ, ол елін де, халқын да келешекке нық бастап келеді. Қитұрқысы, айла-әрекеті, бұралаңы көп саясаттың барлық амалын жетік меңгерген Н.Назарбаев бүгінде әлемдік саясаттың биігіне көтеріліп, төріне шықты. Халқымның табанына кірген шөңге маңдайыма қадалсын деп, жұртымды қатардан қалдырмаймын, ел-жұртымның бөлінбес бүтінімін деп, Отанының тыныштығын, бақытын, жар­қын келешегін ойлаумен күн кешіп, қара шаңырақтың иесі де, киесі де ретінде күллі Түрік дүниесінің қамында келеді. Мемлекетті қалыптастыратын да, орнықтыратын да, ел мен елді табыстыратын да, шабыстыратын да – саясат. Елбасы өз кітабында сан салалы саясаттың төрінен біз кеше кім едік, бүгін кімбіз, ертең кім боламыз, не бітірдік деген мәселелерді түптен тартып, терең толғайды: –Қазақ елі – Еуразияның Ұлы Даласында орнаған арғы дәуірдегі Сақ, Ғұн, Үйсін мемлекеттерінің, бергі замандағы Ұлы Түрік қағандығы, Дешті Қыпшақ пен Алтын Орда мемлекеттерінің заңды мұрагері. 552 жылы Алтайда «Ұлы Түрік қағанаты» атты қуатты, күшті мемлекет дүниеге келді. Ол Алтай мен Кавказ арасындағы алып далада жеке дара билік жүргізді. Дәуірлеп тұрған кезінде Византия мен Ираннан, Қытайдың екі патшалығынан алым алған ер Түріктің бір кезде берекесі кетіп, өз ішінде билікке талас басталғанда, әуелі батыс пен шығысқа ажырап, кейін Оғыз, Қарлұқ, Қыпшақ болып бөлініп, ақырында жауларына жем болды. Демек, саясаттың ең басты ұстанымы – бірлік. Бірлігі жеткен ел озады, бірлігі кеткен ел тозады. Бірлік – біздің барлық жеңістеріміздің қайнар көзі, тыныштығымыз бен бейбіт өміріміздің қорғаны. Біз бүгінгі саясатты ұлттық рухтың еркіндігі негізінде жүзеге асырып келеміз. Рухы еркін халық қана ұлы істерді атқара алады. Біздің ұлы ісіміз – тәуелсіздік алу, оны тұғырлы ету болды. Орындадық. Ұлан-байтақ шекарамызды шегендедік. Әлемдік өркениет өлкесінде көш соңында қалып қоймай, күштіге жағынып, жалпақтамай өмір сүру принципін орнықтыруды ойладық. Ойымыз жүзеге асты. Азуын айға білеген, атағы жер жарған халықаралық ұйымдарды төрімізге шығарып сөйлетуді жоспарладық. Жоспар орындалды. Кеңес өкіметінің тұғырында тұншығып күн кешкен еліміздің рухын қайта көтеруді міндеттендік. Уәде үдесінен шықтық. Астана төрінде сан мәрте халықаралық форумдар, саммиттер, симпозиумдар, құрылтайлар өткіздік. «Босқа шығынданып, осының не қажеті бар?» деген сөздер де айтылып жатты. Тіпті, бұдан да өткен, шымбайға бататын сөздерді естуге тура келді. Әр нәрсенің қайтарымы, әр істің нәтижесі болады. Біз осынау ұлы басқосулардың арқасында алаш жұртының абыройын асқақтаттық. Өзімізді таныттық. Бүгінде әлемнің төріне шықтық, төралқалық жасап, төбе бидей төрелік айттық. Кезінде ұлт тарихының бастауындай болған Ұлытаудан сөз ұстасақ, енді ұлы төр – Ақордадан әлемге тіл қатып жатырмыз. Қазақтың сөзі ғарышқа жетті. Қазақ тілі Біріккен Ұлттар Ұйымының мінбесінен сөйледі. Осылай болады деп күні кеше кім ойлады дейсің, мұның бәрі де – бүгінгі шындығымыз, Елбасы жүзеге асырып келе жатқан сарабдал саясаттың нәтижесі, ынтымақ-бірліктің арқасы. Ешкімді қарумен қорқыта алмайсың. Ең үлкен күш – қару емес, татулық. Оны сұрап та, сатып та ала алмайсың. Бүгінде Қазақстанның өз жолы қалыптасты; саяси жүйе, дінаралық үнқатысу, мәдени-рухани бірлік, ұлттық инфрақұрылым орнықты, қазақстандық даму жолын әлем мойындады; еліміздегі қоғамдық келісім мен ұлтаралық татулықты Біріккен Ұлттар Ұйымы ұлтаралақ келісімнің үлгісі ретінде бағалады. Кітапта елді сүліктей сорып, мемлекетті тонап жатқан, қоғамды алаңдатып отырған сыбайлас жемқорлық дейтін дертке, одан құтылудың жолдарына ерекше мән беріледі. –Бізді қазір жүз ойландырып, мың толғандыратын бір кесел бар. Ол – сыбайлас жемқорлық. Сыбайлас жемқорлық – жегі құрт. Халықтың қазынасын тонап жатқан, іс басына келгенше мінәйім, қолға билік тигесін «құдайым» адамдар арамызда әлі де кездесіп жатыр. Президенттік билік жең ұшына жемір пиғылын тыққан сұғанақтың сұғын қайтарып, ұзында өші, қысқада кегі кеткен кеңпейіл жұртының көкейіндегісін тауып, ретке келтіру үшін қолдан келгеннің бәрін жасайды, – деп жазады Елбасы. Бұдан артық қалай айтуға болады? Елбасымыз бұл сөзді жесе де тоймайтын, жегенін қоймайтын, халқының қамбасына қол салатын, қол салғанда да мол салатын сұғанақтарға арнап отыр. Жемқорлық – дүниеге құнығудан, еліне, ұлтына жаны ашымағандықтан, өзім болсам дейтін өзімшілдіктен туады. Жемқорлық деген сұмдық кеше, я бүгін туа қалған жоқ, әлімсақтан бері адамзатпен бірге жасасып келеді. Қай қоғам да, қай дәуір де мұнымен алысқан, күрескен, бірақ осы жеті басты жалмауызды адам баласы әлі күнге жеңе алмай келеді. «Алтын көрсе, періште жолдан таяды» дегендей, дүние деген сары алтын, талайларды алдаған. Кедей байға жетсем, бай Құдайға жетсем дейді. Адамның өзі тойса да, көзі тоймайды, байыған сайын байи түскісі келеді. Сөйтіп, жемқорлық бақталастыққа апарады, адамды аздырады, қоғамды тоздырады. Мұның мысалы Қазақстанда да аз емес. Қазынаны, халықты тонап, қылмысты болып елден қашқандар, тұтылып түрмеде жатқандар жетіп артылады. Халықтан ештеңені жасыра алмайсың, осының бәрін халық көзімен көріп отыр, бәріне де шыдап, төзіп отыр. Қарапайым халық несін жесін, жебірлердің дені – атқамінерлер, негізінде биліктің тізгінін, қазынаның кілтін, қазанның құлағын ұстағандар. Ең өкініштісі, солардың қайсыбірі – Елбасы сенім артқандар және өліп-талып сол кісінің маңайына жеткендер. Олар – дүниенің соңына түскендер; Құдайдан да, заңнан да қорықпайтындар; жердің де, елдің де, тарихтың да, ұлттың да қадір-қасиетін білмейтіндер; ұлтына үлгі, туғанына тұтқа бола алмайтындар. Отансыздар, пірсіздер, опасыздар сондайлардан шығады. Тәуелсіздікке дейін де, Тәуелсіздік орнағаннан бері де қоғамда күн тәртібінен түспей, жұртшылықты күпті қылып, үнемі толғандырып келе жатқан мәселе – ана тілінің ахуалы, оның келешегі. Бүгінде еліміздегі ең өткір мәселе – дін, жер, тіл тағдыры болып тұр. Ана тілін жастайынан дәріптеп, ата-бабасының дәстүрі мен әдеп-ғұрпын, тарихы мен мәдениетін, әні мен жырын туған тілінде тыңдап, жүрегіне ұялатып өскен Елбасы қазақ тілінің бүгіні мен болашағын көп ойлайды. Ұлттың ұлы қазынасы – Ана тілін жаңа ғасырдың биігіне абыроймен алып шығу – бүгінгі ұрпақтың парызы деп санайды. 1989 жылы тіл туралы заң қабылданды, ана тіліміз мемлекеттік мәртебеге ие болды, содан бері мемлекеттік тілді дамытуға байланысты Елбасының бірнеше жарлықтары, Үкіметтің көптеген қаулылары шықты; арнайы Тіл комитеті құрылды; тілге қатысты сан түрлі құрылымдар пайда болды; жыл сайын бюджеттен миллиардтаған қаржы бөлінуде. Осыдан он екі жыл бұрын Президентіміздің: «Заңның қабылданғанына он бес жыл толды. Осы уақытта қазақ тілін аюға да үйрететін уақыт болды ғой» деп кейігені де есімізде. Айттың не, айтпадың не, бәрібір тіліміздің бағы жанбай тұр. Мемлекеттік тіл мемлекеттің тілі бола алмай тұр. Билік, ресми органдар мемлекеттік тілге әлі толық көшпей отыр. Қазақ тілі аударма тілдің күнін кешіп отыр. –Іс басында, әсіресе халықтың көз алдындағы жауапты қызметте отырған қазақтардың өзі мемлекеттік тілді менсінбей, өзге тілде сөйлеуге құштар болса, оған халық та, тіл де кінәлі емес. Кінәлі – ұлттық намыстың аздығы, арзан дүниеге еліктегіштік, ел дәстүріне енжарлық, – деп жазады кітабында Елбасы. Елбасы айтып отырғандай, тілдің бағын ұлттық намысы жоқтар, ана тілін менсінбейтіндер, өзге тілге әуестер, енжарлар, мемлекеттік қызметте жүргендер байлап отыр. Заңды бұзғандары үшін осы уақытқа дейін оларға ешқандай шара қолданылмай келе жатқанына таң қаласың. Қазақстанда орыс тіліне де, өзге тілдерге де төніп тұрған ешқандай қауіп жоқ. Оны Құдай да, адам да көріп отыр, күнделікті өмірдің өзі дәлелдеп отыр. Өзге мемлекетте сол елдің тілін білмесең, күн көре алмайсың, өмір сүре алмайсың. Біз неге өз елімізде өзге тілде өмір сүруіміз керек? Сөзден іске көшетін, заңды орындататын, заңға бағынбайтындарға шара қолданатын, екі ауыз сөзді қазақша бастап, баяндаманы орысша жасауды да қоятын мезгіл жетті деп ойлаймыз. Елбасы Президенттік сайлауға түскен сайын мемлекеттік тілден емтихан тапсырады, мемлекеттік қызметке қабылданатындар да мемлекеттік тілден емтихан тапсырулары керек. Олар мемлекеттік тілді білуге міндетті. –Ана тілі – бәрімізді өмірге әкелген ардақты аналарымыздың ақ сүтімен бойымызға сіңген тіл; санамызға ұялаған, көкейімізге қонған, жыр болып жадымызда тұнған тіл, – деп әлпештейді Елбасы ана тілін. Нұрсұлтан Әбішұлының: Қытайдың, Ресейдің, Францияның Президенттері өз тілдерінде сөйлейді. Ылғи ана тілімде сөйлеуді мен де армандаймын. Түбінде ана тілін қорғайтын қор құру керек – дегені де бар еді. Қазақ тілін қорғайтын, оның мемлекеттік деңгейін көтеретін шараларды жүйелі әрі батыл жүзеге асырсақ болар еді. Ендігі жерде бәріміз де ана тілін ардақтайық, аялайық, қолдан келгеннің бәрін жасайық. Өйткені, ол – сенің анаңның тілі, ата-бабаңның тілі, туған халқыңның тілі, азат Қазақстанның тілі, ұлтыңның жаны, ұйытқысы, сондықтан, сен оны білуге, оған қызмет етуге тиістісің. Кітапта дін, иман, ибалық; діннің тарихы, діни наным-сенімнің адамзатпен бірге пайда болғаны; адамның жан дүниесінің тазалығы мен адамгершілігі туралы сөз екендігі; өмір сүрудің қағидаттары екендігі туралы парасатты пайымдаулар; Ислам дініне таза ұлтшылдық тұрғысынан қарайтындар мен Ислам дінінің негіздерін халықшыл-мемлекетшіл тұрғыдан терең түсініп, оның қадірін білетіндердің болатындығы жөнінде осы уақытқа дейін кездесе бермеген терең байламдар, салиқалы ойлар айтылады. Ислам дініне дейін де байтақ далада имани ниет пен адамгершілік ізгі қарым-қатынастың болғандығы; ежелгі Ғұн патшалығынан бермен қарай еліміз көк Тәңіріне табынып өмір сүргендігі; мұның дәстүрлі элементтерінің халқымыздың өмірінде әлі де бар екендігі; күн мен айды қасиет тұту әлі күнге халқымызбен бірге жасап келе жатқандығы; оның қазақ баласын жақсылыққа, ізгілікке, адамгершілікке тәрбиелеудегі рөлінің рухани күшінің жойылмағандығы жайында; рухани тазалығымызды сақтаудағы Тәңірлік түсініктерді әлі де ізгі діннің амалдары ретінде тұтынатындығымыз турасында да аса құнды ғылыми, дәйекті тұжырымдар жасалады. Сонымен қатар, автор Ислам дініндегі қонақжайлылық, меймандостық, бауырмашылдық, қайырымдылық секілді адами асыл қасиеттерге тоқтала келіп, Құран сүрелері мен аяттарында мағынасы ашыла бермейтін мәселені ұлттық дәстүрлерден іздеген жөн, демек аруақты құрметтеудің, бейіт басына барып дұға бағыштаудың, Наурызды қуана қарсы алудың, жаңа туған аймен амандасудың дін алдында ешқандай да сөкеттігі, айыбы жоқ, бұлардың қай-қайсысы да Алла Тағаланың өзі жаратқан игіліктеріне тағзым деп түйіндейді. Сөйтіп, бүгінде ел ішін алатайдай бүлдіріп жүрген әртүрлі діни бағаттардың әрекеттерінің залал-зиянын ажыратып береді. Елді алаңдатып жүрген жиһат ұғымына да, діни экстремизм, лаңкестік секілді дерттердің табиғаты мен зардаптарына да кең тоқталады. Бүгінде елімізде мешіттердің де, мешітке баратын жастарымыздың да көбейгендігіне қуана отырып, Ислам дінінің сан тарау сүрлеулерінің бар екендігіне, соның бәрін ақылмен, жүрекпен талғап-таңдамай, ата-баба дәстүрін әлде бір жат ұғымға мансұқ етіп, теріс жолға түсіп жүргендердің де бар екендігін ескертеді, өскелең ұрпақты содан сақтандырады. –Өз дініңді қадір тұт, өгей дінге бас ұрма, Алла – адал ниетте, жүрегіңді таза ұста. Ізгілікті, қайырымдылықты өз еліңе жаса. Халқыңды қадірле, жұртыңның салт-дәстүрін құрметте. Дін – ғылым, жан дүние жарасымын табиғатпен үйлестір. Ғылымның ғибратты жолын таңда. Біліміңді жақсылыққа пайдалан. Заманыңның болмысын аңда,  деп әділеттің ақ жолына жөн сілтейді. Тараудың соңында: –Сирияда содырлардың сойылын соғып, тек өзі ғана емес, бүкіл отбасын құрбандыққа шалып жүрген; қолдарына қару алып, мойындарына қан жүктеп, қылмысқа барып, адасып жүрген; бейкүнә жандарды жер жастандырып, ананы – жесір, баланы – жетім қылып жүргендердің күнәсін Құдай қалай кешіреді? – деп уайымдайды. Елбасының дін, Ислам туралы қағидалары бүгінде Исламды тоқсан тарауға бөліп, жастарды адастырып, елімізге де, елдігімізге де қауіп-қатер төндірушілердің қатары көбейген тұста өте-мөте керегірек болып тұр. Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің алғашқы күндерінен бастап дін мәселесіне ерекше мән беріп келеді. Қазақстан – зайырлы мемлекет. Дін мен мемлекет бір-бірінен тәуелсіз. Біз үшін басты құндылық – мемлекеттің тұрақтылығы, тыныштығы, береке-бірлігі. Дін істері жөніндегі жаңа министрлікті Президент осы үшін құрып отыр. Қазақстан тәуелсіздік жылдарында бес рет Әлемдік және дәстүрлі діндер жетекшілерінің сьездерін өткізді. Әлем тарихында дәстүрлі дін басылары бір шаңырақтың астына жиылып, діннің адамзат өркениетіндегі гуманистік қасиетін ешқашан бірге талқылаған емес. Дінаралық араздықты жою, дінаралық үнқатысуды бүкіл адамзатқа пайдалы пікірлестер алаңына айналдыру – бұрын болмаған тарихи оқиға. Президент Н.Назарбаевтың табысты атқарып келе жатқан әлемдік, гуманистік миссиясының ең жарқын бір айғағы осы. Кітапта әңгіме болып отырған мәселелерге бейтарап, енжар қарау мүмкін емес. Оқиғаға іштей араласып отырасың, автормен тікелей сөйлескендей, бірге ойласқандай, өз өміріңді, өз тағдырыңды сезінгендей боласың. Шет елдердегі қандастарымызға арналған тарауды оқығанда да толқисыз, тебіренесіз. Тарихтың талайымен, адам айтса нанғысыз қорлық-зорлыққа шыдамай, бір кезде қазақтың біразы атажұртын тастап, өзге елге көшіп кетуге мәжбүр болды. Н.А. Аристовтың халық санағы жайындағы  еңбегінде 1897 жылы қазақтың саны төрт миллион деп көрсетілген екен. Сол жылғы шет елдерде тұратын қазақтың саны жүз мыңға жетіпті. Бүгінде олар бес миллионнан асты, қырықтан астам елде тұрып жатыр. 1991 жылы 31 желтоқсанда Президент Нұрсұлтан Назарбаев Қазақ радиосынан шетелдегі қазақтарға арнап сөз сөйледі. Тебіреніп сөйледі. Толқып сөйледі. Ағайындарды елге шақырды. Бұл сөз шетелде өмір сүріп жатқан бауырларымызды дүр сілкіндірді. Қиырдағы бауырларымыздың бар арманы – елге жету, тарихи Отанымен, туған жерімен қауышу еді. Оның сәті тек Қазақстан тәуелсіздік алғанан кейін ғана туды. Мен ол кезде Қазақстан Үкіметі басшысының орынбасары едім. Радиодан сөйлеген күннің ертеңіне Елбасы маған: - Дүниежүзі қазақтарының тұңғыш құрылтайын әзірлеңдер, – деп тапсырма берді. Ол кезде қазынаның да қалтасы тесік, бизнесте де ешкім жоқ. Соған қарамастан, сол бір сағынышты басқосудың әзірлігіне жан салып кірістік. 1992 жылдың 27 тамызында шетелдерде тұрып жатқан қандас-бауырларымыз жөнінде Қазақстан Министрлер кабинетінің қаулысы шықты. Елбасы менің басшылығыммен Құрылтайды өткізу жөнінде арнайы Комиссия құрып, осынау тарихи басқосуды ел өміріндегі маңызды іс-шара ретінде атап өту жөнінде айрықша нұсқау берді. Төккен тер, еткен еңбектің арқасында Алматыда 1992 жылдың 29 қыркүйегінде Дүниежүзі Қазақтарының тұңғыш Құрылтайын ойдағыдай өткіздік. Құрылтайға келген ағайындар «Елім-ай-лап», көзінің жасын көл қылып, туған жердің жусанын иіскеп, Түркістанның топырағын сүйіп, орамалға түйіп алып жатты. Президент Құрылтайдың Төралқа жиынында ағынан жарылып сөз сөйледі, салтанатты дастарханда шырқатып, «Сарыбидай» әніне салды. Ел риза болды. Алматының төрінде Құрылтайға арнап жүз үй тіктік. Сойыста, сый-сияпатта есеп болған жоқ. Ел дүрлікті. Қазақ рухтанды. «Егемен Қазақстан» газеті күн сайын: «Таныт, қазақ, ұлтыңды, тауып ата жұртыңды», «Қазақтың ағылысы-ай, қандастың сағынышы-ай», «Жинал, қазақ, жеріңе – егеменді еліңе», «Әлемге атын қосқан, алаштың басын қосқан – Қазақ елі!», «Қазаққа бірлік бер, береке, тірлік бер, Құрылтай!» «Ажырамай ағайынның арасы, құтқа толсын қазағымның даласы» деп, алақайлап, күнде әлемге жар салып жатты. Осылай, Тұңғыш Құрылтай Тәуелсіздіктің тұңғыш тойына, халқымыздың рухын көтерген құбылысқа айналды; елдігімізді танытты, қазақ халқының абыройын асырып, айбынын асқақтатты. Көп кешікпей алыстағы ағайынның атамекенге ат басын түзеген ұлы көші басталды. Ақындар жыр төкті, күйшілер күй төкті, Тәуел
Соңғы жаңалықтар

Құтты мекен – Түгіскен

Руханият • Бүгін, 08:25

Ән аламаны әуеледі

Аймақтар • Бүгін, 08:12

Тобыл өңіріндегі тазалық акциясы

«Таза Қазақстан» • Бүгін, 08:10